Басты жаңалықтар

Қарабұтақ орман шаруашылығы: биыл 5 мың ағаш көшеті сатылды

Бүгінде Әйтеке би, Хромтау, Ырғыз аудандарын қосып отырған Қарабұтақ орман шаруашылығында 37 мың гектар жер бар. Оның 8 мыңы орманды алқап болса, жыл сайын 108 гектарға әртүрлі ағаш өсіріледі. Ал шаруашылықтың тәлімбағында бүгінде 17 түрлі ағаш көшеті өсіп тұр. Алдағы уақытта мекеме мамандарыҚарабұтақ ауылы маңындағы Ырғыз өзенінің жағасына шие ағаштарын екпек. 

Тәлімбақта 17 түрлі ағаш бар

Бүгінгі күні «Қарабұтақ орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесінің тәлімбағында

алма ағашы, боз арша, емен ағашы, жиде, Қазақстан терегі, қарамала, қызыл ағаш, сән ағашы, сексеуіл, сірке ағашы, сүмбіл терек, тал шиыршық, талшын, өрік ағашы, үйеңкі, шырша, шаған, қарағаш сияқты ағаш түрлері өседі.Тәлімбақтың жалпы аумағы — 3 гектар. Мекеме жұмысшылары тәлімбақтағы көшеттерді жаз айларында күн сайын суарады. Биыл ағаш көшеттерін егу, тұқымдарды іріктеу, тазалау, көгалдандыру, сондай-ақ өрт сөндіру жұмыстарына мемлекеттен 9 млн теңге қаржы бөлінген.

«Қарабұтақ орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Нұрлан Жұмашевтың айтуынша, жыл бойына жасалатын жұмыстарға бұл қаржы жетпейді. Сондықтан мекеме өздері өсіретін ағаш түрлерін ауылдық округтер мен басқа өңірлерге сатады. Биылғы жылы мекеме тәлімбақта өсірілген 5 мыңәртүрлі ағаш көшетін сатып, 3 млн теңге қаржы түсірген.

— Бұған дейін бірқатар ағаш көшеттерін Қызылту ауылының маңындағы тәлімбаққа еккен болатынбыз. Биыл жерді тыңайту үшін жалпы аумағы 10 гектар тәлімбаққа жоңышқа ектік.Енді үш жылдан кейін сол тәлімбаққа мекеме ауласында өсірілетін ерекше, сәндік ағаш түрлерін апарып отырғызамыз. Биылғы жылы Комсомол мен Қарабұтақ ауылының арасына осы жерден ағаш көшеттерін апарып ектік. Алдағы уақытта Жабасақ пен Құмқұдық ауылдарының аралығына, сондай-ақ Ырғызға баратынүлкен жолдың жиегіне сәндік ағаштар, ал ауыл маңынан ағып жатқан Ырғыз өзенінің жағасына шие ағашын егіп, сол жерде шие бағын жасақтауды жоспарлап отырмыз. Келер жылы мекеме аумағынан шағын жылыжай салу да жоспарда бар. Жылыжайда көкөніс түрлерін өсірсек, қысы-жазы ауыл тұрғындарын таза өніммен қамтамасыз етеміз, — дейді мекеме басшысы.

Оның айтуынша, бүгінгі күні мекемеде 55 адам жұмыс жасайды. Олардың қатарында орманшы, орман шебері, инженер, механизатор, темір ұстасы, жүргізуші, т.б. бар. Алайда тәлімбақтағы ағаш көшеттерін, сондай-ақ аудандар аумағындағы орманды қарап, зерттейтін орманшы жоқ. Мекемедегі мамандардың дені орта және арнаулы оқу орындарын бітірген.

  • Мекемеде, әсіресе, орман шаруашылығын, ағаш көшеттерінің тұқымдарын зерттейтін маман жоқ. Бүгінге дейін Орал, Көкшетау, Алматы қалаларынан жас мамандар келіп, іс-тәжірибеден өтті. Алайда кадр мәселесі әзірге шешілмей тұр. Сондай-ақ шаруашылықтағы техникалар да ескірген. Биыл екі жаңа соқа сатып алдық. Дегенмен қызметкерлерді таситын «УАЗ» машинасы мен өрт сөндіру машинасы ескіріп тұр. Тағы бір проблема — мекеме ауласындағы гараж бен қоймалардың пайдалануға жарамсыздығы. Бірнеше жылдан бері мекеме ауласындағы 4 ғимаратты бұза алмай отырмыз. Мемлекеттен рұқсат жоқ. Ал қойма мен гаражға техника қоюға келмейді. 4 ғимарат қаңырап бос тұр, есік-терезесі сынған, қайта қалыпқа келтіруге жарамайды, — дейді Н.Жұмашев.

Көзімізбен көргендей, «Қарабұтақ орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесінің ғимараты да ескірген. 1972 жылы салынған ғимаратқа осыдан үш жыл бұрын мекеме басшысының бастамасымен ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Соған қарамастан ғимараттың келбетінен оның сонау кеңестік заманда салынғандығы анық көрініп тұр.

Ағаш көшеттерінің бағасы — 500-2000 теңге

Нұрлан Жұмашев орман шаруашылығы саласында көп жылдардан бері қызмет жасап келеді. Сондықтан ол ағаш көшеттерінің қай тұқымы қандай жерде өсетінін, қайсысы ауа райына төзімді екенін жақсы біледі. Өткен екі жылда ол еліміздің өзге облыстары мен Ресей жерінен облыста көп кездесе бермейтін ерекше ағаш көшеттерін әкеліп еккен. Соның арқасында бүгінде аталған мекеме тәлімбағында өрік, сән ағашы, алма ағашы,

сірке ағашы жайнап өсіп тұр.

  • Өткен жылы Орал қаласын өрік, Шымкенттен сунақ әкеліп ектік. Қай-қайсысы да тез жерсініп кетті. Негізінен жобаға сәйкес біз 100 гектарға 30 мың қарағаш егуіміз керек. Ал қалған аумаққа сән және тұқым шашатын ағаш көшеттерін өзіміз сатып алып, ектік. Міне, биыл үшінші жыл тәлімбағымыз жасыл желекке толып, ауылымыз жайнап-ақ тұр, — дейді мекеме басшысы.

Оның айтуынша, бүгінгі күні облыс бойынша Қазақстан терегі, сүмбіл терек пен сірке ағашына сұраныс жоғары. Атап айтсақ, ағаш көшеттерінің бағасы — 500-2000 теңге аралығында. Ағаш көшеттерінің ішінде бағасы жағынан ең қымбаты шырша болса, ең арзаны — шаған, сән ағашы және сексеуіл.

Айта кету керек, қазіргі таңда мекеме ауласындағы тәлімбақта 4 ұңғыма бар. Сол ұңғымалар арқылы тамшылатып суару әдісімен көшеттерге су жіберіледі.

— Жыл сайын тыңайтқыш ретінде ағаш егетін аумаққа калий нитраты мен ірі қараның тезегін себеміз. Бұл ағаш көшеттерінің жақсы өсуіне әсер етеді. Алдағы уақытта тәлімбақтағы ағаштардың санын көбейтумен қатар, оның түрлерін де молайтуды көздеп отырмыз. Қолдан келгенше ауылдарды көркейту, көгалдандыру бағытында көп жұмыс жасағымыз келеді. Дегенмен кейде қаржының аздығы қолбайлау болып, мүмкіндік бола бермейді,— дейді мекеме басшысының орынбасары Ерлан Сүйінбаев.

Өрттің алдын алу — негізгі міндет

«Қарабұтақ» орман шаруашылығында 13 жылдан бері орман шебері болып жұмыс жасайтын Батырғали Дүйсеналин мекеме ауласында өсіп тұрған ағаш көшеттерінің түрі мен санын, олардың өсу және тұқым шашу қабілеттерін жақсы біледі.

Бүгінде орманды көздің қарашығындай сақтап, жасыл желекті көбейту мақсатында мекеме қызметкерлері аянбай еңбек етуде. Әсіресе, жаз айларында болатын өртке жол бермеу үшін біз бар күшімізді салып, алдын алу шараларын жүргіземіз. Соған қарамастан кейде ауыл аумағында өрт шығып жатады. Ал ондай уақытта біз қолда бар техникамызбен өрт сөндіруге шығамыз. Қандай жағдай болса да ауыл аумағындағы орман алқабы мен тәлімбақты қорғау — басты міндетіміз, — дейді ол.

Ал мекеме қарамағындағы өрт сөндіру стансасында жеті жылдан бері жүргізуші болып жұмыс істейтін Құттымұрат Қожабергенов биыл Бөгетсай, Ұлғайсын елді мекендерінің айналасында өрт болып, жалпы аумағы 12 гектар жердіңөртеніп кеткенін айтады.

— Жасыл желектің басты жауы — өрт. Жалпы қай жағдайда да өрттен сақтанған жөн. Бір қуантарлығы, биыл мекеме қарамағындағы орман алқаптарында өрт болған жоқ, — дейді ол.

Биыл тәлімбақта 40 жас жұмыс жасап жатыр

Мекеме ауласындағы тәлімбақта биыл да «Жасыл ел» жасағының жауынгерлері жұмыс жасап жатыр. Олар ағаш көшеттерін суарып, арамшөптерін жұлып, мекеме жұмысшыларына көмектеседі.

Топ басшысы Нұрлан Әбілқасымұлының айтуынша, биыл 3 маусымда жалпы саны 40 жас тәлімбақта еңбек етуде.

  • Тамыз айынан бастап үшінші ауысымда жұмыс жасап жатырмыз. Өзім Алматы технологиялық университетінің 4-курсында оқимын. Ауылымның көркеюіне өз үлесімді қосып, сондай-ақ жаңа оқу жылына азын-аулақ қаржы жинау үшін «Жасыл ел» жасағында еңбек етіп жүрмін. Мұнда бәрі көңілді. Күн сайын тәлімбақтағы орман шеберлерімен бірге ағаштарды суарып, арамшөптерді жұлып, шөп жұлуға көмектесеміз. Болашақ мамандығым — химик-технолог. Алдағы уақатта өз мамандығым бойынша қызмет жасағым келеді. Ал туған жердің көркеюіне үлес қосу — менің парызым, — дейді ол.

Р.S. Жасыл желекті сақтау — қоғамда қалыптасуы керек іс. Осы орайда«Қарабұтақ орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесі мамандарының еңбегі зор. Олар өңірде орман шаруашылығын дамыту, жасыл желекті көбейту, облыста сирек кездесетін ағаш түрлерін сақтап қалу үшін қарқынды жұмыстар жүргізуде. Үш ауданды қосып отырған мекеме келер жылдан бастап мемлекеттен бөлінетін қаржының мөлшері көбейсе, қолға алынған жаңа бастамалардың іске асатынына сенеді.

 Данагүл ҚАЗИХАН,

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button