Басты жаңалықтарМереке

Құрбан айт күнгі шуақты сәттер

11 тамыз күні Құрбан айт мерекесі әдеттегідей айт намазымен басталды.

Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде өткен айт намазына облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Намаздан кейін жұртшылық мешіт алаңында тігілген киіз үйлердегі дастарқаннан дәм татты, ұлттық ойындарды тамашалады. Сондай-ақ «Нұр Ғасыр» мешітінің ұйымдастыруымен өткен қайырымдылық шарасында студенттерге, көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға қолдау көрсетілді.

Мешітке намаз уақытынан әлдеқайда ертерек жиналған жұртшылық Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы, «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби Оспанның айт намазының тәртібі, құрбан шалуға, құрбандық малын союға қатысты талаптар туралы уағызын тыңдады.

Бұдан кейін облыс әкімі Оңдасын Оразалин құттықтау сөз сөйледі:

— Құрбан айт — кеңпейілділік пен жомарттықтың, бауырмалдық пен қайырымдылықтың мерекесі.
Құрбан айт — ертеден-ақ халқымыздың тарихымен біте қайнасқан рухани мейрам. Еліміз егемендігін алғаннан кейін бұл мерекені тойлау жаңаша серпін алып, кең көлемде атап өтіле бастады.
Қазіргі таңда елімізде көптеген мешіттер мен медреселер салынып, білікті мамандардың қатары көбейді. Бұл — мемлекетіміздің руханиятқа жасаған айрықша қамқорлығының көрінісі. Елбасымыздың қолдауымен арнайы демалыс күні ретінде белгіленіп, ресми түрде атала бастаған қасиетті мейрам — ұлт бірлігін нығайтуға, рухани жаңаруға, халқымыздың қайырымдылық пен қанағатшылдық, бауырмалдық пен татулық сияқты асыл қасиеттерін сақтап, ардақтай түсуге септігін тигізіп, бірлігіміз бен ынтымағымызды арттыра берсін! — деді Оңдасын Оразалин.

Бұдан соң ҚМДБ төрағасының орынбасары, найб мүфти Бауыржан Есмахан сөз алып, жиналғандарға Бас мүфти Серікбай Ораздың құттықтауын жеткізді.

— Бұл күнгі тілектеріміз жеке бастың, айналамыздың аман-саулығымен шектелмеуі керек, біз осы мерекені қайта тойлауға тәуелсіздіктің, азат еліміздің арқасында мүмкіндік алғанымызды ұмытпайық дегім келеді. Ендеше еліміздің амандығын әрдайым тілегімізге қосайық. Тәуелсіздігіміз қияметке дейін жалғассын! — деді Бауыржан Есмахан.

Мешітке жиналған жамағат айт намазын найб мүфтидің жетекшілігімен оқыды.

Намаздан кейін мерекелік шаралар мешіттің ауласында жалғасты. Бұл жерге мекемелер, қоғамдық ұйымдар, демеушілер көмегімен 9 киіз үй тігілген. Киіз үйлердегі дастарқандардан да бөлек, жұртшылыққа арнап бауырсақ, көже, палау әзірленген.

Жастар жағы қазақ күресі, аударыспақ, тоғызқұмалақ, арқан тартысу, т.б. ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстарға белсене қатысты. Мысалы, арқан тартысудан «Нұр Ғасыр», «Мәскеу», «Бәйтерек», өзбек диаспорасының «Өрік-мейіз» және басқа — барлығы 8 команда сайысқа түсті. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Сонымен қатар Құрбан айт мерекесіне арналған шаралар аясында қайырымдылық істер де қамтылды. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Нұр-Мүбарак ислам мәдениеті университетінің ақылы бөлімінде білім алып жатқан 5 студентке бір жылдық оқу ақысы көлеміндегі гранттарды табыстап, оларға сәттіліктер тіледі.

Мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алу үшін алғашқы жарнаға қаржы жинап жүрген көпбалалы анаға 300 мың теңге қаражат берілді. Сондай-ақ, «Мектепке жол» акциясы аясында 100 оқушының әрқайсысына оқу құралдары салынған сөмке мен 5 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді. 100 баланы мектепке әзірлеу мақсатында 1,2 миллион теңге қаржы жұмсалған.

Айта кетелік, осындай мерекелік шаралар мен қайырымдылық істер Ақтөбе қаласының орталық мешітінде де ұйымдастырылды. «Мектепке жол» акциясы аясында мұнда да 100 балаға көмек көрсетілді.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button