Тәжірибеден түйген тағылым

«Жақсы аға — өмір мектебі, ақылшың, қорғаның. Оның көргені — інінің көкейіне түсер тәлім. Ал ізетті іні — отбасының, елдің үміті», — дейді бүгінгі кейіпкеріміз. Өмірдің сан сынағынан өткен, даналықтың қайнар көзі, тәлім-тәрбиенің бұлағы — қазыналы қарттарымыздың айтары көп. Бүгінде жасы тоқсанға таяған еңбек ардагері Ағыбай Бердімұратов әлі тың. Жақында ол редакциямызға келіп, өмірлік тәжірибесімен, көрген-түйгенімен бөлісіп, кейінгі ұрпаққа дұрыс жол көрсетер тағылымды әңгімесін айтты.
Отбасы — қоғамның іргетасы
— Соғыстың алдында, 1939 жылы дүниеге келгенмін. Сонау Ырғыз ауданы орталығынан 245 шақырымдағы Жабасақта өсіп-өндік. Бар қиыншылықты халықпен бірге көрдік. 1944 жылдан бастап есімізді білеміз. Соғыстан майдангерлердің келіп жатқанын көріп өстік. 1945 жылы Жеңіс тойын көрдік. Кезінде ауданда 64 колхоз болды.«Жабасақ», «Басқұдық» совхоздары 1972 жылға дейін Ырғыз ауданының қарамағында болды. Кейін мал өсірумен айналысатын осы екі шаруашылықты Комсомол ауданына (қазіргі Әйтеке би ауданы) қосты. Он екі жыл совхозда мал дәрігері болдым. Кейін жеті жыл ауданның бас мал дәрігері ретінде еңбек еттім. Қазір кемпірімнің жасы 85-те. Ол кісі ұзақ жыл медицина саласында қызмет жасады. Дина екеуіміз төрт бала тәрбиелеп өсірдік. Былтыр екеуіміздің отасқанымызға 60 жыл толды. Балаларымның бәрі үздік оқыды.Кейін бала оқыту мақсатында Ақтөбе қаласына қоныс аудардық.
Анам Сәуле 93 жасында өмірден өтті. Өте ақылды адам болды. «Маңайыңмен қатысып жүрсең ғана адам боласың. Өзіңдей көр жұртты», — деп ылғи айтып отыратын.
Отбасы — қоғамның негізгі тірегі, іргетасы. Ал оның құндылығын сақтау — әрбір адамның міндеті. Қазіргі заманғы жаһандану мен ақпараттық тасқын отбасылық дәстүрлер мен құндылықтарға белгілі бір дәрежеде әсер етіп жатқаны рас. Сондықтан отбасы мүшелері бір-бірімен ашық-жарқын сөйлесіп, ортақ мәселелерді бірге шешуі керек. Сонда ғана отбасында үйлесім, татулық, сыйластық орнайды…
Балаңа өзің үлгі бол!
— «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді халқымыз. Баланың тәрбиесі отбасынан басталады. Сондықтан отбасындағы тәрбие адам бойында өмір бойы сақталады. Өмірлік тәжірибемнен ұққаным, балалар ата-ананың сөзінен гөрі, іс-әрекетін көбірек қабылдайды. Сондықтан тәрбие беруде ең тиімді жол — өз балаңа өзіңнің үлгі болуың.
Бұрынғыдай емес, қазір бала тәрбиесі ең өзекті мәселеге айналған заман болды.
Ата мен әженің, әке мен шешенің мейіріміне қанып, толық отбасында өскен бала өрескел істерге бармайды.
Халқымызда балаға енші беріп, бөлек шығару салты бар. Мұндай салтты балаларымыз өз алдына отау құрған шақта өзіміз де жасадық. Мұны не себепті айтып отырмын? Себебі қазір қоғамда бала мен келінді емес, ата-енесін бөлек шығаратын үрдіс белең алып барады. Байып кеттік. Байыған адам бәрін ұмытады. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын»деп Абай атамыз айтпақшы, соның бәрі қазақтың басына келді. Иманнан айырылып қалдық. Жастарымыз бетімен кетті. Әрине, көпке топырақ шашпаймын.
Басқа ел, халықтарында шаруам жоқ, елімізде соңғы кездері жастар арасында ажырасу жағдайлары көбейіп кетті. Әкесіз балаға, байсыз әйелге жәрдем берген сайын, отбасылық қатынас дұрысталады десек, бәрі керісінше шығуда. Бұл — кейде «мемлекеттен қаражат алу үшін ажырасатындар да бар шығар» деген арам ойға жетелейді. Сұмдық қой…
Адал қызмет — абыройдың айнасы
— Адамды сыйлай, бағалай білсең, айналаң жақсы жандарға толы екеніне талай көзіміз жетті. «Адамға жағудың екі-ақ жолы бар. Бірі — қолыңдағы барыңды беріп жағасың, екіншісі — айтқанын істеп, еріп жағасың. Осы екі жолдан айырылып қалма», — деп анам ылғи ақылын айтып отыратын. Сыйласып, қолда барымызды сұратпай, бөліп бере білгесін, қиын кезеңде өзімізге де көмек қолын созғандар аз болмады. Адами деңгейден түспей, қатардан қалмай, тең жүруіме шарапаты тиген жандармен талай қызметтес болдым. Сол кездегі Комсомол ауданының хатшысы Хасен Бөртебаев, Қарабұтақтың бірінші хатшысы Төлеу Алдияров, облыстық сүт бірлестігін басқарған Ғұбайдолла Бітіков, облыстық ветеринария мекемесінің басшысы В.Ча, ветеринариялық зертхана директоры А.Тасеменов сияқты білікті мамандардан үйренгеніміз көп еді.
Облыс орталығына қоныс аударғанда «Ақтөбе май тоңазытқышы және облыстық сүт саласын жабдықтау базасы» мекемесінде қызмет еттім. Мұнда май, ірімшік сияқты дайын өнімдер қабылданды, сүт саласына қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен жабдықтайтын болдық. Осы мекемені басқару міндеті маған жүктелген алғашқы жылдары сүт ұнтағын алмастыратын цех салына бастады. Қиын жері, бұл зауытты салу бұрын жоспарланғанымен, құрылысы тоқтап қалған. Қажетті құралдар толықтай Германиядан әкелінгенімен, қосалқы бөлшек мақсатында талан-таражға түскен. Құрал-жабдықтарын түгендеп, шағын зауытты сүт бірлестігінің ықпалымен іске қостық. Осылайша елде алғаш рет ұнтақ сүт шығарыла бастады. Біртіндеп жұмысқа өз кадрларымызды тарттық, сенімді ұжым қалыптасты. Бір үйдің баласындай боп бір мекемеде қызмет еткен ұжым сол кезде үлкен жауапкершілік жүгін көтере білді. Естеріңізде болсын, жауапкершіліктен қашқан жан ешқашан құрметке бөленбейді…
Шынайы өмірден алшақтап барамыз…
— Қазір ұялы телефон ұстамайтын адам кемде-кем. Бұл — тек байланыс құралы ғана емес, сол құрылғыда адам өлтіру, зорлық-зомбылық, ұрып-соғу сияқты небір сұмдық жағдайларды естіп, көрсетіліп жатады. Бастапқыда көруге жиіркенесің, екінші, үшінші рет көргенде көзің үйрене бастайды. Ұялы телефон әсіресе, өз жұртына барған қыздың анасына күнделікті «есеп» алу үшін таптырмас затқа айналды ғой. Ұялы телефонның «арқасында» олар жаңадан шаңырақ көтерген жастардың отбасылық істеріне тікелей араласатын болды. Осындай жағдайлар жас отбасыларды татуластырудың орнына, араздықты өршітті. Міне, бұл құралдың адам денсаулығына ғана емес, әлеуметтік өміріне тигізетін кері әсерлерін көріп жатырмыз. Ұзақ уақыт экранға қарап отырған баланың көру қабілеті нашарлап, қазір екінің бірі көзәйнекпен жүретін халге жеттік. Оның үстіне телефонға телмірген жастар шынайы өмірден алшақтайды, әлеуметтік байланыстардың әлсіреуі де осының әсерінен туындап тұр…
Бата беру — бір өнер
— Жасым тоқсанға таяды. Жасыңа сай жөн-жоралғыны білген жөн. Ұзақ жасаған қариялардың бірімін. Сондықтан тойдан қалдырмайды. Бармайын десең, өкпелейді. Қазір тойдың мәні кетті. Тойға барсаң, жасыңды сыйлап, төріне отырғызады.Алайда көпшілік жерде ретсіз сөйлеп, оғаш қылықтар көрсетіп жататын үлкендерден жастар қандай өнеге алады? Тойда бата беру дәстүрі де әлсіреді, кейде қысқа ғана тілек айтумен шектеледі. Бұрын той-томалақта үлкендер бата беруге ерекше мән беріп, әр сөзін ойлап, мағынасына терең үңілетін. Батаның өзі — бір өнер. Бұл — ұрпақтан-ұрпаққа жететін құндылық.
Жасың ұлғайған шақта жақсы бір-екі бата білу қажет. Өз басым қолымнан келгенше жақсы баталар айтуға тырысамын. Түрлі той-томалақтарда, шілдехана, сүндет той сияқты мерекелерде балаларға арнап, өз жанымнан бата шығарып, той иесінің қолына өзімнен естелік ретінде тапсырамын.
Шынайы достық — ең құнды байлық
— Менің екі жолдасым да осы «Ақтөбе» газетінде еңбек етті. Оның бірі — Шамиль Мәмбетов, ал екіншісі — бөлім басшысы болған Сағымбай Сембай. Сағымбайдың бойындағы әншілік, күйшілік, ақындық өнер әкесі Үсенбайдан (Сембай) дарыса керек. Кезінде шешеміз Меруерт колхозға басқарма болып сайланғанда, оған қарсы болып: «Келешектің тізгінін, Ұстату керек жастарға. Қатыннан қойып басқарма, Үкіметте ес бар ма? Етке өткізер мал да жоқ, Қарадық жалғыз қошқарға», — деп жазған өлеңі кейін өзіне пәле болып, сотталып, көрші Орал облысының түрмесінде аштықтан өлген. Сағымбай әкесін көп іздеп, ақыры тауып, ақтап алды. Орал жерінен топырақ әкеліп, Жантайдың жері Тасмешіт өткелінің қарсы қабағына белгі қойды. Кейін ол мені арнайы апарып, әкесіне қойған белгіні көрсеткен еді.
Маған сөйлегеннен гөрі, ойымды өлеңмен жеткізген әлдеқайда жеңіл. Сағымбай екеуіміздің достық рәуіштегі айтыс-тартысымыз, әзіл-қалжыңмен жазған өлеңдеріміз бір кітапқа да сыймас.
Қайта құрудың алғашқы кезеңінде біраз жылдар бәсеңдей бастаған айтыс өнері қайта жандана бастады. Сол кездері қаланың Фрунзе, Пролетар аудандары ақын таба алмай, соңында қалады. Фрунзе ауданы атынан айтысқа милиция капитаны, бұған дейін 2-3 өлеңдер жинағы шыққан Бауыржан Құрманқұлов қатысатын болса, Пролетар аудандық райкомының айтыскер таппай жатқанын естіген Сағымбай ауданның екінші хатшысына: «Мен білетін дайын ақын бар. Ол — маслопромның директоры Бердімұратов Ағыбай, соны алдырыңдар» деп сыртымнан мені меңзеп жіберсе керек. Бірінші хатшы Шилов бас директорымыз Давыдовқа мені жұмыстан үш күнге босату туралы бұйрық береді. Жұмыстың нағыз қызған шағы. Алайда ол мені не үшін жұмыстан босатып жатқанын түсінбей дал. Барымызша түсіндіруге тырысқанымызда: «Иди на айтыс», — деп қоя берді. Бұл наурыздың аяғы еді. Облыстық драма театр көрерменге лық толды. Қазылар алқасының төрағасы — Мұхтар Құрманалин. Бауыржан айтысқа дайындығы бар ақын болғанымен, домбыраны тек демеу ретінде ұстап отырды. Домбырада жақсы ойнап әрі Сағымбаймен өмір бойы айтысқан тәжірибемнен де шығар, сол айтыста анау-мынау кемшіліктерім білінбей, ойда-жоқта жеңіс маған бұйырды. Сөйтіп, мені Алматыда Жезқазған облысымен айтысатын делегацияның құрамына қосты. Алматыға айтысқа бару үшін жұмыстан тағы 10 күнге босатты. Сөйтіп, ойын-қалжыңмен басталған шаруаның соңы шындыққа ұласып, күтпеген жерден айтыскер атандым.
Шынайы достық — өмірдегі ең құнды байлықтың бірі. Оны бағалау, құрметтеу және сақтай білу әр адамның қолынан келе бермейді. Бірақ Сағымбай екеуіміздің арамыздағы шынайы достық осындай болды…
P.S. Ағыбай ақсақал сөз арасында Омар Хайямның рубайларын оқитынын, оның біразын жатқа білетінін айтты. Өзі де өмірдің кейбір көріністерін өлең шумақтарымен қағазға түсіруді әдетке айналдырған. «Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді, жүз жылдығын ойлаған халық тал егеді» деген даналық сөз бар. Бұл табиғатты қорға, кейінгіге мирас қалдыр, еліңе, жеріңе пайдаңды тигіз деген ұғымды білдереді», — деген ақсақал қала сыртындағы жеке үйінің ауласына өз қолымен 43 қарағай егіп, бүгінде сол ағаштардың көлеңкесінде немере-шөберенің шаттығына бөленуде.
Арайлым НҰРБАЕВА.



