Тарих

«Шығанақ» романының кейіпкері

Азаматтықпен өткен өмір

Бүгінің күні ертең-ақ кешегіге айналып, кешегің бағзыға кетумен зулап өтіп жатқан уақыт шіркін адам жарықтықтың өткеннің есіне бірін салса, бірін салмай ұзай береді. Биыл Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталуының 74 жылы атап өтілді. Ол соғыстың мәні мен мағынасы бүгінде әр қырынан қозғалып, әртүрлі баға беріліп жүр. Қандай мәнде айтылса да, қалай бағаланса да, елді фашизмнен қорғаудың сол қанды ұрыстарында қазақ елінің миллиондаған ұландары да ерлік пен өрліктің өнегесін көрсетіп шайқасты. Қазақ елінде де сол соғыстың зардабы тимеген бірде-бір отбасы жоқ, сол себепті де соғыс әр отбасының жүрегінен өткен қасірет, қайғы ретінде есте жүрмек.

Жақында ақтөбелік журналист Балнияз Әжниязовтің орыс тілінде жазылған «От Ржева до Берлина» деген кітабы қолыма тиді. Кітап негізінен ұзақ жылдар бойы Ұлы Отан соғысы тарихының ақтаңдақ беті болып келген, қазақстандық жауынгерлерден құралып, ауыр шайқаста толық құрамында қаза болған 100 және 101-дербес ұлттық атқыштар бригадаларының ерліктерін баяндауға арналған екен. Оның бұл мән-жайы аталған кітапта жан-жақты қамтылғандықтан қайталап айтудың қажеті бола қоймас. Соның өзінде сол ұрыстарға қатысқан, негізінен ақтөбелік 922 жауынгердің есімдері туындыны құнды етіп тұр дер едім.

Осы кітаптағы өзім үшін тосын жаңалық – Ідіріс Ермағамбетовтің есімі болды. Есімі даңқты дақылды өсіруші Шығанақ Берсиевке қатысты белгілі романда да, өзге естеліктерде де атақты диқанмен бірге аталатын адам — 1937-1941 жылдар аралығында партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарып, суармалы егістің бастауында ұйымдастыру істерімен айналысқан Ідіріс Ермағамбетов. Өзім де Шығанақ Берсиевке қатысты деректі кітаптарға қатысым бар, оның үстіне нақ сол тары дақылын өсірушінің ауылында туып-өскендіктен диқанның өмір жолын, орта көргендердің ара-тұра айтқандары бар, жарияланған естеліктер бар, білетін секілді едім.Енді, міне, мына кітапты көргенде біліп отырмын, осы күнге дейінгі баяндалған қай деректе де 1937-1941 жылдар аралығындағы өмірі нақ осы кезеңде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде болып, диқанның табысқа жетуіне өлшеусіз үлес қосқан  Ідіріс Ермағамбетовтің еңбектері аталмай қалған екен. Үлес қосты деген сол, Шығанақ мол өнім алғаны үшін 1940 жылы Ленин орденімен марапатталса, Ермағамбетовке сол кезде Еңбек Қызыл Ту ордені тапсырылған. Бұл жағдайды білмейтін едік. Бұл бұл ма, қайран азамат 1941 жылы майданға алынып, фашизммен шайқаста ерліктер көрсетіп, елге аман оралғаны, өзінің туған жері сол кездегі Жұрын ауданында денсаулығының төмендеуіне байланысты шаруашылық қызметтерде болып, 1974 жылы 66 жасында өмірден өткені де ұмытылған.

Шын мәніндегі азаматтық биіктіктен бе екен, атаққа таласқандай көрінбейін деген де шығар, әлде сол жетпісінші жылдары партияның съездерімен қаулы-қарарларын басшылыққа алып жұмылудан басқаның мәні болмай, ұлы диқан да ескерусіз қалып бара жатқанда, бұ дүниенің жалғандығын сезініп, үмітті азайтты ма, өмірден сөйтіп үнсіз өткен. Алайда қайран ерді ұмытпау — қалған ұрпаққа парыз. Ойыл өңірінде «Ақыл айту жоқ, еске салу бар» дейтін сыпайы, бірақ салмақты әрі сөз, әрі ой бар.

Идош АСҚАР,

ардагер-журналист, «Шығанақ Берсиев» кітабының авторы.

 

***

1968 жылдын 26 наурызы күні Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Журин қол қойған шешім қабылданып, 1931 жылдан бері СОКП қатарында болған Ідіріс Ермағамбетовке республикалық дәрежедегі зейнетақы тағайындау туралы ұсыныс Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне жолданған, осы ұсыныс жоғары жақта қабылданған.

Ал осы жылдың 10 қыркүйегінде облыстық партия комитеті тағы бір қаулы қабылдаған. Онда «Орқаш» кеңшарының партия комитетінің хатшысы Ідіріс Ермағамбетовтің зейнеткерлікке шығуына байланысты оның орнына Кеңес Бірмановты тағайындау туралы Мұғаджар аудандық партия комитетінің ұсынысы қабылданып, облыс басшысы Н.Журиннің қол қоюымен ресми бекітіледі.

— Иә, ақсақалдың батасымен орналасқан бұл жұмыс аз уақыттан кейін маған қызметте жоғарылауға себеп болды, — дейді ел сыйлаған ағамыз Кеңес Баймұқанұлы. — Ідіріс ағамыз Отанына шын берілген патриот еді ғой.

Қазақ халқының даңқты ұлы Ідіріс Ермағамбетов соғысты кескілескен шайқас ортасы — Ржев қаласы түбінде атақты 101-бригада құрамында бастады. Соғыстан кейін оның есімі ұмыт бола бастады, бірақ Ресейде оның аты гранит тасқа алтын әріппен ойылып жазылған. Ақтөбеде ер есімі атаусыз қалған.

Құжаттың қате рәсімделуінің салдарынан (Идрис – сын Алмаша), туу туралы куәліктегі тегінде бір әріптен қате кеткендіктен, ол Ирмагамбетов болып жазылған, ал бүкіл туғандары Ермағамбетов болған. Сол себепті біз архивариус Сағынышпен бірге оның жеке ісін әзер таптық.

Ідіріс Ермағамбетов өткен ғасырдың басында, 1908 жылдың 8 наурызында, бұрынғы Жұрын ауданының Красный Мадьяр (кейіннен Калинин колхозы) ауылында дүниеге келген. 1940 жылы М.И.Калинин қол қойған Жарлықпен өзінің алғашқы Еңбек Қызыл Ту орденін алғанда кейін соғыс кезінде осы қайраткер атындағы жерде шабуылға қатысып, миллиондаған адам қаза тапқанда, тірі қалатынын білмеген болатын…

Өзінің жеке ісінде ол 1928 жылдың басынан келесі жылдың мамырына дейін Темір ауданының №51 ауыл кеңесінің хатшысы болғанын жазады. 1930 жылдың қазан айына дейін «Арзан» атты Ембі тұтынушылар қоғамының басқарма төрағасының орынбасары болған.  Ал 1930 жылдың қазан айынан 1932  жылдың қазан айына дейін Ідіріс Өзбек КСР-ның Хиуа қаласында 8-атқыштар бригадасының 84-кавалерия полкы қатарында алғашқы әскери ілім алған. Бастапқыда қатардағы жауынгер, артынан бөлімше командирі болған. Сол күндері алған әскери шеберлігі оған соғыс кезінде өлім аузында тұрғанда өте қажет болатынын ол білмеген еді. Өз еліне қайтқан соң, ол алдымен Родниковкада жұмысшылар коопеарциясы мекемесінде, кейін жылқы зауыты табындарының аға бақылаушысы, яғни «Ембі» совхозының №52 фермасының меңгерушісі болып жұмыс істеген.

1931 жылдың желтоқсанында атты әскер қатарында жүріп, партия қатарына өтеді. Бұл жайт қайратты да жалынды жігіт үшін жаңа белестер ашады. Ең бастысы,  оны жазалаушы семсерден құтқарады. Сол уақыт «халық жауы», «ұлтшыл-фашист» және т.б. атаумен әшкерелеу белең алған кез еді. Оның соғысқа дейінгі жеке ісінде сол қиын-қыстау кезінен бірегей бір құжат сақталып қалған. Бұл —облыстық партия комитетінің хатшысы Буланин қол қойған, 15.11.1937 жылғы Ақтөбе облыстық партия комитеті бюросы отырысының «Ойыл аудандық партия комитетін жұмыскерлермен күшейту туралы» құпия қаулысы.

Қаулыда айтылғандай,  халық жауы, ұлтшыл-фашист Әбдікәрімов ауданға ұлтшыл-фашист қарақшыларды қойып, контрреволюцияшыл, бүлікшіл, зиянкестік іс-әрекетпен шұғылданған. Соның салдарын жою мақсатында ауданға бірқатар қызметкерлер жіберілген. Солардың қатарында Жұрын аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы болып жұмыс істеп жатқан Ідіріс Ермағамбетов те бар еді. Көп кешікпей ол Ойыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Сол жерде 1941 жылдың желтоқсанында 101-қазақ бригадасы қатарына шақыртылғанға дейін қызмет атқарады.

Ойыл ауданын басқарған жылдары І.Ермағамбетов облыста бірінші болып суармалы егістің негізін салды. Оның кезінде ақ тарының атасы  Шығанақ Берсиев тары өсіруден дүниежүзілік рекорд жасайды.

1940 жылдың 5 қарашасында Шығанақ Берсиев Ленин орденімен марапатталды, ал аудан басшысы — алғашқы Еңбек Қызыл Ту орденін алған-ды. Отыз жасында Ідіріс қазақ әдебиетінің классигі Ғабиден Мұстафиннің  романының басты кейіпкерлерінің бірі — партия ұйымының хатшысы Ермағамбеттің прототипі болды. Өз кейіпкерлерінің еліне келген сайын Ғабиден Мұстафин Ідіріс Ермағамбетовпен кездесіп, тығыз қатынаста болған.

Ідіріс Ермағамбетов пен басқа да партияның жауапты қызметкерлерін әскер қатарына жіберу мәселесі Ақтөбе облыстық партия комитеті бюросында талқыланған.

Әскер қатарына шақырылуына байланысты Ідіріс Ермағамбетовтің орнына Байғанин аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Исмағұлов Атынтай ұсынылған (1941 жылғы 12 желтоқсандағы Ақтөбе облыстық партия комитеті бюросының №118 отырысының хаттамасы).

«Шығанақ» романының бейбіт өмірдегі прототипі Ідіріс Ермағамбетов соғыста жүргенде де белгілі қазақ ақыны және журналисі, өзі де атақты бригада жауынгері болған Құланбай Көпішевтің 1981 жылы Алматыда жарық көрген «Қаһармандар» кітабының айбынды да батыл кейіпкері болды. Ол туралы әйгілі «Вперед,батальон!» повесінде бригада командирлерінің бірі Хакім Бекішев пен журналист әрі осы бригаданың жауынгері Шынықұл Қарамергенов те жазған болатын.

І.Ермағамбетовтің қазақ арасынан шыққан санаулы майор шеніне дейін жеткендердің ішінде болуы да тегін емес.  Оның ерлік істері туралы өмірінде белгісіз болған, тек соғыстан біраз уақыттан кейін «Память народа» сайтында жария етілген наградалық парақтары айтып бере алады.

Оның наградалық парағында: «1944 жылдың 3-5 наурызы аралығында Витебск облысының Ходолово деревнясы үшін болған шайқаста Ідіріс Ермағамбетов екі бірдей әскери құрылымды батыл да шебер басқарып, жаудың қарсы шабуылдарына тойтарыс берді. Сын сағатта курсанттар мен командирлерге ерліктің жеке үлгісін көрсетті. 3 наурыздан 4 наурызға қараған түні жау жойқын шабуылға шыққанда майор Ідіріс Ермағамбетов ең жауапты шепте болды. Ол станоктық пулеметті алып, жау пулеметінің үнін өшірді, сөйтіп, біздің қорғаныстағы курсанттарға шабуылға шығуға мүмкіндік ашты. Жаудың шабуылы тойтарылды. Осы ұрыста фашистер көптеген жауынгерлерінен айырылды. 5 наурызда жау тағы да шабуылға шықты. Осы ұрыста жолдас І.Ермағамбетов екі немісті бетпе-бет шығып атып түсірді, сөйтіп, курсанттардың екі ротасын шабуылға көтерді. Қатты соққыға ұшыраған жау кейін шегінді. Мемлекеттік награда – «Қызыл жұлдыз» орденіне лайық» деп жазылған.

Шамамен екі жарым айдан соң қазақтың батыр ұлына тағы да наградалық парақ толтырылады. Онда: «Витебск қаласының маңында қоршауға алынған, бірақ 26.06.1944 жыл мен 5.07.1944 жыл аралығында Песочная деревнясы маңында қоршауды бұзуға әрекет еткен фашист шапқыншыларымен ұрыстарда батальон шебі 13 рет шабуылданды. Небәрі 3000 жауынгерімен жолдас І.Ермағамбетов шабуылға тойтарыс берді. Оның жеке басының ерлігі мен батылдығы жеке құрамды ең қауіпті учаскеде ерлікке бастады. Орман ішінде қимыл жасауда командирлерге дұрыс бағыт беріп, жауынгерлерді шебер басқара білді. Мемлекеттік награда «Отан соғысының» І дәрежелі орденіне лайық» деп жазылған. Осы жерде қажетті графада 1.12.1942 жылы Ржев түбінде жараланғандығы туралы жазу бар.

Осы марапаттардан кейін  Ақтөбеден шыққан болаттай қайратты майордың кеудесіне тағы да «Отан соғысының» ІІ дәрежелі ордені мен «Қызыл жұлдыз» ордендері тағылды.

Ідіріс Ермағамбетов  соғыстан соң бірінші болып қазақтар ішінен В.И.Ленин атындағы екі мәрте Қызыл жұлдызды  әскери-саяси училищеге жолдама алды. Осы оқу орнының бастығы, генерал-майор Андрей ФедоровичУстинищевтің қолынан «Германияны жеңгені үшін» әскери наградасын алды.

Елге 1946 жылдың наурызында оралып, соғыстан кейінгі өмірді қалпына келтіру жұмыстарына кірісіп кетеді. Құрылыста бір ай прораб болып, Жұрын аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне шақырылады. Содан алты жыл Қарабұтақ аудандық партия комитетін басқарады. Ол кез тың игеру қозғалысы басталған болатын.  Білімі орташа, жоғары білімі жоқ Ідіріс ағаның жазған қағаздарында бір қате болмайтын.

Қазақстан Республикасының Орталық Комитеті жанынан ашылған республикалық екіжылдық жоғары партия мектебін 1954 жылы бітірісімен, ол Ырғыз ауданын басқарып, тың көтеру ісін жалғастырады.

1956 жылы алғашқы қазақстандық миллиард пұт астық алынды. Сол жылы республика көлемінде жүзден астам адам Социалистік Еңбек Ері атағын алды, көбісі Ленин орденімен марапатталды. Солардың бірі — орденді майдангер Ідіріс Ермағамбетов.

Д.А.Қонаев өзінің «Менің уақытым туралы» кітабында «Республикаға К.Е. Ворошиловтың келуін күттік. Ол республикаға Ленин орденін табыстауы тиіс болатын. 14 қаңтарда салтанатты отырыста К.Е.Ворошилов республикаға Ленин орденін табыс етті.

1957 жылдың 15 қаңтарында К.Е.Ворошилов республиканың бірқатар қызметкерлеріне ордендер мен медальдар табыстады. Ленин ордені Яковлевке, Журинге, Тәшеневқа және маған берілді» деп жазады.

Осы жазуға марапатталғандар ішінде сол кезде өзінің 60жылдық мерейтойын тойлап жатқан қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов та болды деп қосуға болады. Бұрынғы Ақтөбе облыстық партия комитетінің хатшысы А.Я.Попадьконың мұрағатынан алынған суретте біз ортада М.О.Әуезов пен К.Е.Ворошиловты көреміз. Отырғандардың арасында солдан төртінші болып Ж.Тәшенев, ал оңнан үшінші болып Ф.Кәрібжановты көруге болады. Солардың ішінде біздің кейіпкеріміз — Ідіріс Ермағамбетов те бар.

Ідіріс Ермағамбетовтің басынан өткен қиыншылықтары аз болған жоқ. Солардың салдарынан 50 жасқа жетпей оның денсаулығы сыр беріп, зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін жаңадан құрылған «Ембі» және «Орқаш» совхоздарына партия ұйымының жай хатшысы болып ауысады.

1974 жылы Ідіріс Ермағамбетов соңғы сапарға аттанғанда, оның еліне қосқан үлесіне риза болған жерлестері оны совхоздың орталық саябағына құрметпен жерледі.

Бір өкініштісі, осындай қайраткер батыр адамның есімі Ақтөбе облысы энциклопедиясына енбей қалған. Бұл алдағы уақытта ескерілетін жайт болса керек.

 Балнияз ӘЖНИЯЗОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button