Рухани жаңғыру

Құлпытас — жер иесінің кім екенін дәлелдейтін құжат

Кең далада сақтарды ұстай алмай, олардың жойқын қарсы шабуылдарынан әбден қалжыраған парсы патшасы Кирге бір залым мынадай кеңес беріпті. «Сақтар үшін ең қасиетті дүние — ата-бабаларының қабірлері. Обаларына тас үйіп қояды. Соларды қиратсаң, жетіп келеді». Парсы патшасы қиратуға әмір беріпті. Таңертең оянса, бүкіл даладан жиналған ашулы сақ жауынгерлері парсы әскерін қоршап тұр екен…

Бұл шайқаста парсылар тас-талқан болып жеңілді. Кирдің басы қан толтырылған торсыққа тоғытылды. Қазақ аңызының тағы бірі былай дейді. Елдің жау келетін жағында шолғыншы болып бір топ сарбаз жүр екен. Жастарға білгенін үйретіп, баулып жүрген қарт батыр қыр басында күн салып тұрып: «Мен өлген соң денемді анау төбенің басына жерлеңдер» — депті. Топ ішінде тыңдап тұрған баласы шыдамай: «Айдаладағы төбеге көміп не жыным бар, елге апарып қоямыз» — дейді жұлып алғандай қылып. Қарт батыр қаһарланып: «Ақымақ! Бұл ұрпақтарға керек. «Осы жерде бабамның сүйегі жатыр» деп бұл өлкеге жат жұртты жолатпау үшін керек!» — деген екен. Ұрпақтан-ұрпаққа тараған бұл әңгімелерден ұлттың мінез-құлқы, туған жерге қамқорлық пен бабалар аманаты — бәрі-бәрі көрінеді.

Тәуелсіздік бізге төл тарихымызды ақиқат тұрғысынан жаңаша зерделеуге жол ашты, осы бағытта мемлекеттік деңгейде біраз іс-шаралар жасалды. Маңызды бағдарламалар нәтижесінде шетелдерден тарихи жәдігерлер, құнды мәліметтер әкелінді. Өз кезегімен кешенді түрде мұқият зерттеле бастаған саланың бірі — қазақ құлпытастары. Орта ғасырлық түрік жазба мұрасын зерттеген ғалым

Ғ.Айдаров: «Құлпытастар — ерте заманда түркі тайпалары қолданған балбалдардың өзгерген түрі. Балбалдарды ескерткіштер ретінде VI-VIII ғасырдағы түркі тайпалары да, оғыздар да, қарлұқтар да, қыпшақ-половцылар да кеңінен қолдан­ды. Орта Азияға мұсылман дінінің бірте-бірте еніп, кең өріс алуына байланысты жанды нәрселердің суреттерін бейнелеуге тыйым салынды. Сөйтіп, бұрынғы балбалдар орнына енді құлпытастар пай­да болды», — деп жазды. Қазақстан жеріне X-XIX ғасырларда Ислам діні кең таралды. Арал-Каспий аймағындағы тарихи ескерткіштерді  ұзақ жылдар бойы зерттеген профессор Серік Әжіғалиевтің анықтауынша, Қазақстанның батыс өңіріндегі мазмұнды құлпытастар XVIII ғасырдың басынан бастап қойыла бастаған.

Құлпытас — қазақтың ұлттық рухы, тілі, тарихы, жазба мәдениеті мен сәулет өнерінің ескерткіші. Ол жердің иесінің кім екендігін дәлелдейтін құжат, сонымен қатар ерекше қолөнер туындысы әрі кешегі бабалардың айбыны мен айбарының айғағы. Белгілі ақын Жарасқан Әбдірашевтің «Құлпытас» өлеңінде:

«Үнсіз-түнсіз тас қой! — деме,

«Құлпытас!»…

Үлкен-кіші құлпытастар астында:

Тірлік жатыр!

Тағдыр жатыр!

Тарих жатыр біртұтас!», — дейді.

Шынында да, әр құлпытас — біртұтас тарих. Сырын ішіне бүккен жұмбақ тас. Құпиясына үңіліп, сырын аша бiлсек, ел мен жердiң тасқа қашалып жазылған тарихы. Қабірде жатқан нақты адамның әкесінің аты, өз аты, ру-тайпасы, марқұмның кәсібі, ұстазының кім болғаны, қашан және неден марқұм болғаны, құлпытасты кім қойғаны, ру таңбасы, жоқтау өлеңі жазылған мазмұнды құлпытастар да болған. Яғни, эпиграфика (ескі жазуларды зерттейтін қосалқы тарихи пән) және эпитафия (құлпытасқа жазылған жазу немесе жоқтау) салаларын да қамтиды. Рулар арасындағы дау-шарды, жайылымдарды реттеу, тіпті екі ел арасындағы шекараны анықтау үшін осы құлпытастар көп жерде дәлел бола алған.

Қазақ жеріне ентелей енген отаршыл патша өкіметі тасқа қашалған тарихты ұнатқан жоқ. Болашақта жер даулайтын халықтың дәлелін кім ұнатсын? Реті келген жерде қиратып, тонап, бүлдіріп отырған. Әсіресе, орыс казактары мен қалмақ қосындары құлпытастарды көп сындырғаны туралы деректер кездеседі. Кеңес өкіметінің 1920-40 жылдардағы саясаты тіпті сорақы. Құлпытастарды жинап әкеліп, құрылыс жұмыстарына іргетас ретінде пайдаланған. Екі-үш жерінен сындырып диірмен тастарын жасаған.  Құран және діни кітаптарды өртеу, ишандарды Сібірге айдау, жаппай қудалау, әулиенің мазарларын қирату қазақ жерінде үлкен науқанмен іске асты. Әсіресе, дін өкілдерін талқандау 1927-1937 жылдар аралығында қарқынды жүрді. Кімнің үйінен араб әрпімен жазылған кітап табылса — он жыл, бес-алты парақша табылса бес жылға соттайтыны — осы кезеңдердегі іс. Бас сауғалаған жұрт кітаптарды өртеп жіберді немесе киізге орап, қабірлерге апарып көмді. Ақырында, 30-40 жылдан соң араб әліпбиімен жазылған ата-бабасының құлпытасын оқи алмайтын ұрпақ қалыптасты. Қадыр Мырза Әли «Қираған құлпытастар» өлеңінде:

«Мұның өзі қиял ма, әлде елес пе?
Ескерткіштер қирап жатыр дөңесте.
Құлпытасқа қол көтеру, қарағым,
Аруақтарға дүре соғу емес пе?» — деп налиды.

Иә, бұл мәселелерді сауатты жұрт онсыз да біледі ғой. Құлпытастардың дерек көзі ретінде маңызын түсіндіру үшін ғана еске алып отырмыз. Құлпытастарға төнген қауіп-қатер әлі де тоқтаған жоқ. Қазіргі қауіп — табиғи факторлар, яғни күн, жел, қар мен жауын, құм көшкіні. Одан соң: иен далада өрісте жүрген төрт түлік мал, әсіресе, түйе мен ірі қара. Екі-үш ғасыр тұрған құлпытас сүйкенген малдың салмағынан-ақ қирап түседі. Қыста қар күреп жүрген техника абайсызда талқандап кетеді. Мұнай-газ, тау кен орындарын игеру барысында да көптеген құлпытастар табылып жатады. Ноғайлы дәуірінің ірі қорымдары білместік пен жаны ашымастық салдарынан жойылып кеткен оқиғалар бар. Қалың тарихтың қатпарларында аты бізге аңыз боп қана жеткен Қобыланды батыр сияқты қаншама тұлғалардың әлі ашылмай жатқанын бір мезет ойлап көріңізші!

Құлпытастарды зерттеу не үшін керек? Біріншіден, облыстағы құлпытастарды зерттеу өлке тарихын, соның ішінде тұлғалар тарихын түгендеп, толықтыруға зор септігін тигізеді. Екіншіден, құлпытас — баға жетпес шынайы дерек көзі. Жазулар қысқа болса да, деректік жағынан маңызы зор. Құлпытастағы жазу мәтіні түпнұсқа, яғни бүгінге еш өзгеріссіз сол қалпында жетуімен және дәл түсінік беруімен маңызды. Үшіншіден, кез келген құлпытас — қазақтың төлқұжаты. Онда марқұм болған тұлғаның қай рудан шыққанын анықтайтын ататегі туралы, өмір сүрген және қайтыс болған уақыты, ұрпақтары (баласы, немересі), ру таңбасы жөнінде мәлімет беріледі. Мысалы, өз заманында беделді қоғамдық-саяси қызмет атқарған, аты-жөні жазбаша деректерде көп кездесетін, бірақ нақты өмір сүрген жылдары белгісіз тұлғалар көп. Осындай мәліметтерді анықтауда құлпытастардың рөлі өте жоғары. Төртіншіден, қуғын-сүргін жылдары үлкендері сотталып кеткен, сәбилері балалар үйіне тапсырылған мыңдаған отбасылар болды. Енді ес жиып, етек жапқанда, өз әулетінің шежірелерін түгендей алмай жүр. Тарихи тізбек зорлықпен үзіліп қалды. Мұндай кезде далада жатқан тасқа қашалған жазу жөн сілтеуі әбден мүмкін. Нақты мысал ретінде «Құлпытас сырын ашайық» атты кітапты айтуға болады. Батыс Қазақстан облысының, Орал қаласының бір топ ұлтжанды еріктілері үш ауданның көне зираттарын толық аралап, фото-бейне таспаға түсірген. Білімді мамандардың көмегімен үш мыңнан аса құлпытастың жазуын аударған. Үш жылға созылған еңбек аясында үш ханның (Есім, Айшуақ, Жантөре), ондаған сұлтандардың, тархан, батырлар мен билердің құлпытасын анықтады. Жүздеген қарапайым адамдардың ата-бабасының қабірін тауып берді. Зерттеушілер бұл сауапты жұмыстарға Nur Otan партиясы, облыс және аудан әкімдіктері, әр ауылдың ой-шұқырын жақсы білетін жергілікті тұрғындардың көмектескенін айтады.

«Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейміз ғой. Қасиетті қазақ жері бізге аталарымыздан қалды. Ұрпақтан-ұрпаққа ауысатын мәңгілік парыз — ата-бабалардың сүйегi жатқан Ұлы даланы аман сақтау. Сонда ғана аруақтар біз­ге риза болады.

Айшуақ ДӘРМЕНҰЛЫ,

тарихшы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button