Денсаулық

Медициналық сақтандыру жүйесі қалай жүреді?

Әсия ТРЖАНОВА,

облыстық денсаулық сақтау басқармасының емдеу-алдын алу, қоғамдық денсаулық сақтау және дәрілік заттармен қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы.

Қазақстанда 2020 жылдан бастап медициналық көмек екі пакет бойынша көрсетіледі.

Біріншісі —  кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті.

Кепілдендірілген тегін көмек (ТМККК) пакеті ең минималды стандарттардан тұрады. Оған қандай қызметтер кіреді? Дәрігерлік көмекті қажет ететін шұғыл жағдайларда көмек көрсету, жедел жәрдем, санитарлық авиация, бірқатар созылмалы ауруларды динамикалық бақылау, шұғыл жағдайда стационарда емдеу осы пакет шеңберінде жүзеге асырылады. Мұны барлық азаматтар, сақтандырылған және сақтандырылмағанына қарамай пайдалана алады.

Мемлекет тарапынан кепілдік берілген көмек бойынша барлық азаматтар емханаға қаралып, стационарда жатып емделе алады, әлеуметтік маңызы бар аурулар осы пакет негізінде тегін емделеді. Медициналық оңалту қызметін тек туберкулезге шалдыққандарға ғана пайдалана алады. Зәру азаматтарға тегістей паллиативтік көмек көрсетіледі. Негізгі жұқпалы емес аурулар мен қоршаған ортаға қауіп төндіретін жұқпалы аурулар да осы тәртіп бойынша емделеді.

ТМККК пакеті азаматтардың бәріне, бюджет есебінен тегін көрсетіледі. Сондықтан да бұл кепілдендірілген стандарт болып саналады.

Көмектің екінші түрі — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті. Бағасы қымбат болып келетін операциялар, сирек медициналық қызмет түрлері, салалық мамандардың қабылдауы сынды т.б. қызметтер кіретін МӘМС пакетін сақтандырылғандар пайдалана алады.

МӘМС пакетіне табысы орташа азаматтардың қалтасы көтере бермейтін  МРТ, компьютерлік томография, ПЦР-анализ сынды қызметтер де енгізілді. Сондай-ақ, кепілдендірілген тегін көмек пакетіне енбеген сырқаттарға шалдыққан жағдайда стационарды алмастыратын көмек пен жоспарлы стационарлық көмек те МӘМС пакеті шеңберінде көрсетіледі.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бізге не үшін қажет?

Себебі біздің елде азаматтар денсаулыққа жұмсалатын жалпы шығынның 40 пайызын өз қалтасынан төлейді. Дәрі-дәрмек сатып алады, ақылы клиникаларға қаралады. Мұның отбасы бюджетіне едәуір салмақ түсіретіні даусыз. Жаңа жүйе осы шығындардың белгілі бір бөлігін сақтандыру есебінен жабуға мүмкіндік береді. Реформаның маңызы, міне, осында.

Бастапқы медициналық-санитарлық көмек қалай көрсетіледі?

Бастапқы медициналық-санитарлық көмек халықты тіркеумен айналысатын емханалар мен клиникалар тарапынан көрсетіледі. БМСК учаскелік терапевт, педиатр, жалпы практика дәрігері, фельдшер, тіркелген емханадағы медбике сынды мамандар қызметінен тұрады. Бұған: профилактикалық екпелер мен скринингтер; жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балаларды дәрігерлік бақылау; созылмалы аурулар (25 топ бойынша) мен әлеуметтік маңызы бар ауруларды (онкология, туберкулез, ВИЧ, психикалық аурулар) динамикалық бақылау сынды медициналық қызмет түрлері жатады. Жалпы, бұл ауруларды емханадағы учаскелер деңгейінде басқаруға болады. Мәселен, емханалардағы қант диабеті мектептерінің көмегімен іске асыруға әбден болады.

Азаматтардың барлығы шұғыл медициналық көмек ала алады, терапевтке қаралып (созылмалы ауруы асқынғанда), диагностикалық көмек, соның ішінде лабораторлық диагностика қызметін пайдалана алады. Сондай-ақ әр адам мамандардан салауатты өмір салты, репродуктивтік денсаулық мәселелеріне қатысты кеңес алуына болады.

Паллиативтік көмек және медбике күтімі, медициналық оңалту бағытындағы ем-домды кімдер алады?

ТМККК:

Кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде көрсетілетін медициналық оңалтуды туберкулезбен ауырған пациенттер пайдалана алады. Паллиативтік көмек туберкулезбен, онкологиялық аурулармен ауыратын пациенттерге, терминалдық стадиядағы сырқаттарға, өзгенің көмегінсіз тамақтанып, жүріп-тұра алмайтын науқастарға көрсетіледі.

МӘМС:

Сақтандырылған азаматтар медициналық оңалту қызметі мамандандырылған орталықтарда/оңалту бөлімшелерінде көрсетіледі. Ал балалар мен мүгедектерді оңалту амбулатория жағдайында жүргізіледі.

Амбулатория деңгейінде дәрі-дәрмекпен кімдер қамтамасыз етіледі?

ТМККК:

Әлеуметтік маңызы бар ауруларға шалдыққан науқастар да, ТМККК шеңберінде динамикалық бақылауға алынатын пациенттер де амбулаторлық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Динамикалық бақылауға: қант диабеті, гипертония, демікпе, вирусты гепатит, туберкулёз, онкологиялық және психологиялық аурулар жатады.
Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар аурулармен ауыратын пациенттер және арнайы емдік тағамдар мен иммунобиологиялық препараттарды қажет ететін азаматтар да тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.

 МӘМС:

ТМККК тізіміне енбеген сырқаттар амбулаторлық деңгейдегі тегін дәрі-дәрмекпен МӘМС есебінен қамтамасыз етіледі. Оған мыналар кіреді:

– өткір ауруларға шалдыққан ересек азаматтар (7 түрлі сырқат бойынша);

– дәрі-дәрмектерді пайдалана отырып, стационарлық емді амбулаторлық емге алмастыру;

– емхана деңгейінде динамикалық бақылауға алынатын ауруларды емдеу (12 түрлі сырқат бойынша);

– консультативтік-диагностикалық көмек нысаны деңгейінде динамикалық бақылауға алынатын ауруларды емдеу (21түрлі сырқат бойынша);

– амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің халықаралық стандарттарына көшу.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button