Жастар

Менторлық қозғалыс: жаңа жоба жастарға жол сілтейді

Бүгінде облыста менторлық қозғалысты дамыту мақсатында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының базасында менторлық орталық жұмыс жасап жатыр. Қазір мұнда менторлар жастардың мамандық таңдап, өмірлік жолын табуға, кәсібилігін арттыруға, өз-өзін жан-жақты дамытуға менторинг әдісі арқылы қолдау көрсетіп, жүйелі жұмыстар жүргізуде. Менторлардың қызметі қандай? Жалпы менторлық қозғалыс жастарға не береді? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде мамандармен тілдескен едік.

Менторинг — жастарды қолдаудағы ең тиімді әдіс

Қазіргі таңда менторинг әдісі — тиімді құралдардың бірі. Бұл әдісті өз бетінше оқу және дамуды қолдауды күшейту мақсатында пайдаланады. Сондай-ақ менторинг тікелей кеңес беруді және дайын кеңес үлгілерін ұсынуды қарастырады. Менторинг коучингтік техниканы да қамтиды. Ментор жұмысының негізгі құралдарына ашық сұрақтар, кеңес беру сияқты коучингтің әдістері жатады.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұрлан Күнтуовтың айтуынша, ментор ментиге туындаған мәселені шешуге мүмкіндік беретін ресурстар көзінтолық пайдалануға көмектесіп, оған бағыт-бағдар береді. Ал барлық шешімдер мен жауапкершілік ментиге жүктеледі. Яғни менти ментор берген ақпаратты қаншалықты қолданатынын өзі шешеді.

  • Бүгінгі күні орталықта шілде айында Нұр-Сұлтан қаласында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мемлекеттік грант шеңберінде «Kazbrands» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен «Қазақстанда менторлық қозғалысты дамыту» атты семинар-тренингтен оқып келген 3 маман жұмыс жасап жатыр. Жалпы біздің облыс бойынша аталған семинарға 8 адам қатысты. Қалған бес ментор Хромтау тау-кен техникалықколледжіндежұмыс жасайды. Әр салада тәжірибесі бар көшбасшылар мен тәлімгерлер жастарға өмірлік өз жолдарын табуға, кәсібін дамытуға, тұлғалық дамуы мен өзін-өзі тануларына менторинг әдісі арқылы қолдау көрсетеді. Негізінен аталған семинар-тренингке қатысу үшін облыстың барлық аудандарынан тәжірибелі мамандар өз ұсыныстарын жіберген. Алайда көбі іріктеуден өтпеді. Нәтижесінде облыс бойынша тек 8 адам ғана арнайы сертификатқа ие болды, — дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, аталған семинар-тренингке облыстың атынан қатысқан, алайда қызмет бабына байланысты бүгінде Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында жұмыс жасап жүрген ақтөбеліктер де бар. Олардың дені кәсіпкерлік саласында жұмыс жасайды. Алдағы уақытта олар да ментилерді даярлайтын болады.

  • Негізінен әр ментор 7 ментиді өз қарамағына алып, өз тәжірибесімен бөлісуі керек. Қызметіне қарамастан кез келген ментордың бір күнде бір ментимен жұмыс жасауға толық мүмкіндігі бар. Ментор ментимен бірлесіп жоспар құрып, онымен жеке жұмыс жасауы тиіс. Алайда бұл жерде мынаны ескеру керек, ментор — тек бағыт-бағдар беруші, ал негізгі жұмысты ментидің өзі атқаруы керек. Мәселен, бүгінгі күні менің қарамағымдабір менти бар. Ол алдағы уақыттаөзін белсенді ерікті және әнші ретінде көрсеткісі келеді. Сол үшін мен оған мүмкіндігінше өз әлеуетін пайдалануға жағдай жасап, бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетіп отырамын. Жалпы бұл жобаның негізгі мақсаты — 14-29 жас аралығындағы жастарға жан-жақты қолдау көрсету. Біз бүгінгі күні облыс бойынша осы жобаға еш жерде жұмыс жасамайтын және оқымайтын жастарды қатыстыруды қолға алып жатырмыз. Себебі мұндай жастарға жан-жақты қолдау, көмек өте қажет. Айта кетер жайт, бүгінде облыста мұндай санаттағы жастардың саны — 14 мың, яғни 7 пайыз. Ал республика бойынша бұл көрсеткіш — 7,9 пайыз. Сондықтан біз алдағы уақытта аудандарды аралап, осындай санаттағы жастармен жан-жақты жұмыс жасайтын боламыз. Өткен аптада осы мақсатта Хромтау ауданына барып, жастармен кездестік, — дейді Нұрлан Күнтуов.

Айта кету керек, биыл қыркүйек айында облыс орталығында еліміздің батысөңірі бойынша менторлардың басқосуы өтеді. Оған Атырау, Ақтау, Орал және Ақтөбе қалаларынан белсенді жастар мен менторлар қатысып, өзара тәжірибе алмасады.

Аталған шарада менторлар шілде-қыркүйек айларында жасаған жұмыстары мен жетістіктерін саралап, есеп береді. Сондай-ақ аталған шараға өзге өңірлерден белгілі тренерлер мен менторлар келіп қатысады.

— Бұл шараның өңірдің жастарына берері көп. Және, ең тиімдісі, ауқымды екі күндік іс-шара аясында ұйымдастырылатын тренингтердің барлығы тегін. Егер жастар Илья Шмелев сияқты халықаралық деңгейдегі менторлардың тренингтеріне қатысқысы келсе, оларға көп қаражат жұмсайды. Ал бұл екі күндік шара аясында өткізілетін семинар-тренингтерден жастар көп мағлұмат алып, бір-бірімен пікір алмасатын болады. Ең негізгісі, бұл шараға қатысқан, алдына мақсат қойған әрбір жас ертеңге жоспар құруға, уақытын тиімді пайдалануға үйренеді. Ал жұмыссыз, оқусыз жүрген жастар өзгелерден қалмай, еңбек етуге талпынады, — дейді басқарма басшысы.

 «Ақтөбенің» анықтамасы

Ментор — өз еркімен тәжірибесімен бөліскісі келетін, қамқорлығындағы адамның өмірлік іс-әрекетіне тікелей кіріспей, сондай-ақ оның тұлға ретіндегі орнын баспай, жеке және кәсіби мақсаттарына жетуіне көмектесуге дайын адам. 

«Ментор» ұғымы грек мифологиясынан алынған. Мәселен, өзінің аңыздағы саяхатына аттанар алдында Одиссей кішкентай ұлы Телемахты ең жақын досы – Ментордың бауырына салып, асырауға қалдырады. Содан бері Ментор атауы құнын жоғалтпай, ең сенімді адам ретінде қабылданады. Ментор — өзара сенімділік жағдайында неғұрлым тәжірибелі адам ретінде өзінің білімімен бөлісуге дайын тұратын тұлға.
Менти — өмірден өзіне не керектігін білетін, алдына мақсат қойған, менторинг әдісі арқылы өз деңгейін, білімін, кәсібін дамытуға ниеттенген жас.

Облыста 8 ментор бар

Жоба аясында менторлар 10 тамыздан бастап толық жоспар бойынша ментилермен жұмыс жүргізбек. Бүгінгі күні облыс бойынша 8 ментор әр бағыт бойынша жастармен байланыс орнатуда.

Орталықта жұмыс жасайтын ментор Нұрбақыт Алтынбекқызы бүгінде менторинг әдісі бойынша жастарға бағыт-бағдар беріп, жан-жақты жұмыс жүргізіп жатыр. Бүгінде оның қарамағында бір менти бар. Тәжірибелі маман менторларға арналған бағдарлама аясында Grow-коучинг, Smart әдістері, сондай-ақ сұрақ-жауап бойынша ментимен жеке жұмыс жасап жатқанын айтады.

  • Ментор — бұл тәлімгер, бағыт-бағдар беруші. Ментор жастарға өз арман-мақсатына жетудегі іс-әрекеттерін жоспарлау және оны бірге жүзеге асыру үшін керек. Мәселен, ағылшын тілін үйренгісі келген жас сол тілді меңгеру үшін жұмыс жоспарын жасап, уақытын тиімді әрі қызықты өткізуді үйренуі керек. Бұл үшін оған ментор бағыт сілтеп, одан жұмысының нәтижесін сұрап отырады. Кез келген жұмыста екі адам еңбек етсе, сол жұмыс нәтижелі болады. Сондықтан кез келген менти ментормен тығыз жұмыс жасаған жағдайда ол өз мақсатына жетеді. Еуропа елдерінде менторлар менторинг әдісімен қатар Grow-коучинг, Smart әдістерін қолданып, жастармен жұптық, топтық, жекелей жұмыс жасай отырып, белгілі бір нәтижеге қол жеткізеді. Бұл әдіс кез келген жасқа жақсы жағынан ықпал етеді. Оны уақытты тиімді пайдаланып, өзіне қажет дүниеге көп көңіл бөліп, мақсатқа жету жолында жоспарлы түрде еңбек етуге бағыттайды. Бұл бағытта біз жастармен осыған дейін облыста жүзеге асырылған «Zhas Project» жобасы аясында жұмыс жасадық. Аталған жоба аясында менторлар жастарды кәсіпкерлік саласына бағыттап, оларға жан-жақты қолдау көрсеткен болатын. Тіптікәсібін дамытқан белгілі кәсіпкерлер өз тәжірибелерімен бөлісті, — дейді ментор Н.Алтынбекқызы.

Ал ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясы филиалының доценті, ментор Раушан Есбергеннің айтуынша, менторинг әдісі серіктестік қарым-қатынасты және дұрыс сұрақтар қою арқылы ментидің әлеуеті мен ресурстарына сенім артуды қарастырады. Бұл әдіс арқылы ментор ментиге кеңес бере отырып, өзінің тәжірибесімен бөліседі.

Ментордың міндеті — ментиді ағымдық жағдайға және болашақ жоспарларға бағыттау. Менти мен ментор тең, бір-бірінің көзқарасын сыйлайды, бір-бірін сынамайды. Ментор ментидің қажеттілігіне қарай жұмысын бейімдейді және ментиге маңызды сұрақтарға басымдық береді. Менторинг әдісі екі жақты мотивациялауға негізделеді. Сондықтан өңірдегі жастарды ынталандыру жұмысын жүргізу үшін оқытылған менторларменти болам деуші 14-29 аралығындағы жастарды Ақтөбе қаласы Сәңкібай батыр даңғылы 20/а мекенжайына шақырамыз.Өздерінің өмірлік жолдарын табуда, кәсібилігін арттыруда, тұлғалық дамуы мен өзін-өз тануларында менторинг әдісін меңгеремін деген жастарды біз асыға күтеміз. Ал үздік жұмыс жасаған ментилер жоба аясында сертификаттарға ие болады, — дейді ол.

Айта кету керек, тамыз айынан басталған жобаның қорытындысы бойынша өзінің білімімен, біліктілігімен, тәжірибесімен көзге түскен ментилер Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық форумға облыс атынан делегация ретінде қатысады. Ал үздіктерді іріктеу орталықтағы менторларға жүктеледі.

Нұрай — ең жас менти

«Ақтөбе жастары» еріктілер клубының мүшесі, белсенді жас Нұрай Нұрбай — аталған жоба аясында ментормен жұмыс жасап жатқан ең жас менти. Ол бұл жоба туралы облыстық жастар ресурстық орталығында ұйымдастырылған Ашық есік күні аясында білген. Бүгінде Нұрай ментор Нұрбақыт Алтынбекқызымен бірігіп жоспар құрып, менторинг әдісі арқылы жұмыс жасауда.

Алдағы уақытта ментор Нұрбақыт Алтынбекқызымен апта сайын кездесіп, бағдарлама аясында тапсырмаларды орындап, бірлесіп жұмыс жасайтын боламыз. Мен алдағы уақытта өз білімімді жетілдіріп, жастарға арналған жобаларға қатысқым келеді. Бұл жоба менің көңілімнен шықты. Себебі біз сияқты кез келген жасқа жол көрсететін, білім, өнер, кәсіпкерлік салаларында үлгі болатын тәлімгер керек. Сондықтан мен облыс жастарын осы жобаға қатысып, менти болуға шақырамын,— дейдіНұрай.

Айта кету керек, Нұрай келер жылы орта мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына түспекші. Талантты жастың алға қойған мақсаты айқын, жоспары көп.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button