Денсаулық

Ақтөбеде 185 пациент тегін берілетін дәріні алмаған

Анық-қанық

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен медициналық сақтандыру қоры және «СҚ-Фармация» ЖШС бірлесіп, 2 сәуір мен 30 маусым аралығында SMS-хабарлама жүйесін іске қосқан болатын.

Сәуір, маусым айларында тегін дәрі-дәрмек алғандар тізіміне енген пациенттердің телефондарына SMS-хабарлама жіберілді.  Барлығы 40 мыңнан астам SMS-хабарлама жіберілген. Хабарламада рецептінің нөмірі мен дәрінің берілген күні көрсетілді. Препараттар қолына тимеген пациенттерге SMS-хабарламаға жауап ретінде «0» цифрын жолдау немесе «СҚ-Фармация» ЖШС-ның 1439 байланыс нөміріне қоңырау шалу ұсынылған болатын.

SMS-хабарлама қорытындысы бойынша қорға 27 798 пациенттен жауап келді. Оның ішінде Ақтөбе өңірі бойынша 185 пациенттің дәрі-дәрмекті алмағаны және 1 азаматтың диспансерлік тіркеуде ешқашан тұрмағандығы, ол туралы ақпараттың жалған болғандығы анықталды. Дәрі-дәрмектің қолға тимегені туралы хабарламаның басым бөлігін Қызылорда, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Түркістан және Алматы облыстарының тұрғындары жолдаған.

Естеріңізге сала кетсек, қор былтыр дәрі қолма-қол берілген және «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» ақпараттық жүйесіне енгізілген рецептілерге ғана ақы төлеуге көшті. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов былай дейді:

SMS хабарламалар жүйеге пациенттердің өздерін тартуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде ақпараттық жүйедегі мәліметтер мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету көрсеткіші арасында едәуір алшақтық бары анықталды.

Дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды «СК-Фармация» ЖШС қор мен арадағы келісімшарттан түскен қаржы есебінен сатып алды.  2019 жылы қор мен «СК-Фармация» ЖШС арасындағы келісімнің құны —  86,9 млрд теңге.

К.ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button