Рухани жаңғыру

Едіге би

«Едіге» эпосы — Алтын Орда дәуіріндегі ата-бабаларымыздың кейінгіге қалдырған үлгі-өсиеті, асыл аманаты. Күні кеше ғана күркіреп тұрған мемлекетін, рухани бірлігін, тұтастығын, басынан ұшқан бағын жоқтауы, жан дауысы, имандай сыры. Эпостың басты кейіпкері Едігенің тарихы батыс пен шығысқа тегіс белгілі. Едіге – есімі ел есінде сақталып, ақылдылық пен қайырымдылықтың үлгісі есебінде жырларға қосылып, бірте-бірте түркі халықтарының қасиетті әулие адамына айналған тұлға. Оны зерттеуге әрідегі ибн Арабшах, Әли Жезді, әл-Айни, Р.Клавихо, Қ.Жалайыр, берідегі – Н.М. Карамзин, Ш.Уәлиханов, В.М.Жирмунский, В.Бартольд сияқты ғұлама ғалымдар атсалысты.

Қазіргі күні «Едіге» жырының оңтүстіктегі Түрікмен, Өзбек Республикаларынан бастап, Сібір татарларына дейінгі түркілер арасында барлығы, алыс шет ел Түркия мен Румыния жерлеріндегі түркілерде сақталғаны айқын болып отыр. «Түркі халықтарын рухани жағынан ғана емес, этностық жағынан да қайта табыстыратын өсиет сөздің «Едіге» эпосынан орын алуы» да туындының озықтығының бір қыры  болып табылады. Дүниежүзі фольклорының алтын қорына кіретін «Едіге» тарихи-қаһармандық эпосы — барлық түркі хақына ортақ мұра. Эпостың қазақ, ноғай, татар, башқұрт, өзбек, қарақалпақ, түрікмен тілдеріндегі версияларының болуы және олардың аударма емес, әр ұлтта дербес шығарма түрінде кездесуі эпостың түркі халықтарына ортақ мұра екендігін аңдатады. Алпыстан астам нұсқасы бар. Олардың кейбіреулерінің көлемі отыз мың   жолға жетеді. Ұлттық нұсқалардың бәрінің түйіні: «Едіге деген ер екен, елдің қамын жер екенге» барып тіреледі. Яғни, Едіге — күллі түркі халқының сүйіктісі.

Тарихи құжаттардың біразында оны «Едіге би» деп таңбалаған. Тарихи-қаһармандық эпостың ұлттық версияларына Едіге айтыпты деген билік сөздер енгізілген. Бұл мақалада сол жәдігерге тоқталғанды мақұл санап отырмыз, себебі халық жадында сақталып, алты ғасырды аттап бүгінгі күнге жетіп отырған даналық сөздердің кейінгі жас буынға тәрбиелік жағынан берері мол деп есептейміз. Екінші жағы тағы бар, бұдан алты ғасыр бұрын жырға енген, жыр арқылы ел құлағына сіңісті болған билік сөздерді қазіргі күні әрқилы баспасөзде «менің атам айтып еді» деп жариялаушылар баршылық. Осыған да тоқтау болу үшін қажет деп есептейміз. Едігенің берген төрелігі татар, ноғай, қазақ, қарақалпақ нұсқаларында бар. Әуелгі сөз Шоқан Уәлиханов нұсқасынан.

— Баба Түкті Шашты Әзіз баланы іздеп Ніл дариясын қыдырды. Ніл дариясының басында, Құмкент шәһәрінің қасында жібек орамалға ораулы баласын тауып алды. Елсіз, күнсіз туды деп атын Едіге қойды да, жауырынына таңды. Тоқтамыс ханның ауыр жұртына алып келді. Ноғайлының жұрты екен. Үш жасына кіргенде қолынан тұтып молдаға берді. Шашты Әзіз ғайып болды, ұшып кетті, баласының бар парызынан құтылған соң. Одан соң сегіз жасқаша оқуда тұрды, тоқсан бала бірлән. Сол балалар бірлән күрессе бәрісін де жықты. Бәрісінің киімдерін алып бір жарға үйіп салды; киімдерінің үстіне шығып олтырып айтты: «Міне, Тоқтамыс ханның тағының үстіне олтырдым», — деді. Емді киімдерін қайтырып берді.

Бір күндер болғанда екі кісі келе жатыр еді. Едіге айтты балаларға: «Өздеріңіз сәлем бермеңіз, егер ол сәлем берсе алыңыз, егер сәлем бермедіңіз деп біздерді сөксе, мен жауабын берейін», — деді. Екі кісі келді, балалар сәлем бермеді. «Балалар, неге сәлем бермедіңдер?» — деді. Едіге жауап берді: «Бастан неге сәлем бермедің?» — деді. Едігеге айтты екі кісі: «Біз үлкенбіз бе, жоқ сендер үлкенсіңдер ме?» — деді. Едіге айтты: «Біз үлкен». Екі кісі айтты: «Сен не үшін бізден үлкен боласың?» — деді. «Егер мен тоқсан баланың жасын санап алсам, сонда біздер үлкен болмайсыз ба?» — деді. Екі кісі сөзден жығылды һәм айтты: «Бағанағы дауымызды осыған салайық» — деді. Әлгілер: «Әй бала, даулы болып Тоқтамыс ханға бара жатыр едік, енді біздер дауымызды саған саламыз. Бітіресіз бе? «Егер құдай аузыма салса бітірермін», — деді. «Мынау – Алшын атасы Көкжалды мерген, мен – Кеңестің кең Жанбаймын. Еділ һәм Жайық менікі еді. Оннан қашқан қоянда менікі еді. Жайықтың жағасында, Ақкөлдің сағасында жатқан ақ қоянды көрдім де, мылтығыма кеттім атайын деп. Мен мылтығымды алып келгенше Көкжалды атып алыпты. Соның төресін беріңіз». Көкжалдыдан бала сұрады: «Сен қандай жерден аттың?» — деп. Қанша жерден атқан өлшеуін көрсетті «Егер бір төре берсем, екеуіңіз де көнесіз бе?» — деді.  Қабыл көрділер баланың төресін. Қоянды алып бір балаға құшақтатты, Кеңестің кең Жанбайға айтты: «Балаға тигізбестен қоянды атқан жерден ат, — деп. — Егер балаға тигізсең құнын бер, оқ далаға кетсе қояннан бейдамақ бол, тигізсең қоян сенікі болсын», – деді. «Сенің ол төре қылғаныңа көнбеймін, — деп, — Тоқтамыс ханға барамын», — деп Кең Жанбай ашуланып кетті. Қайтып келді: «Ұстат балаға атамын!» — деп. Балаға тигізбестен қоянның қалаған жерінен тигізді. Едіге: «Бұрын көрген, қоян сенікі!» Көкжалды: «Бұл төреңе көнбеймін», — деп ашуланып кетті. Екеуі Тоқтамыс ханға бардылар. Көкжалды айтты сөзін. Кең Жанбай айтты: «Бір төре болып еді», — деді, Тоқтамыс хан сұрайды: «Қандай төре болып еді?» — деп. Баланың берген төрелігін Кең Жанбай айтты. Сол мезгілде Тоқтамыс хан айтты: «Баланың төресі — төре, біздер ондай төрені бере алмаспыз» — деп айтты.

Сол бала Едіге сегіз жасқа келген соң оқудан шықты. Мал табамын деп біреудің қойын бақты. Төрт кісі келеді, бір аяғы ақсақ малды жетелеп. Төртеуі айтты: «Мынау көті боқты қойшыға жүгінейік» — деп. Бір ағайынды екен: «Орталарымыздағы бір қара еді. Осы ақсақ мал біздердің еншімізге тиген еді. Басы — үлкен ағамызға тиіп, төрт аяғы — төртеумізге тиіп еді. Осы ақсақ мал барып, кәуірдің егінін басыпты. Төрт аяғының тиген жерін төрт жүз ділда сұрайды. Біздер соған даулы болып келдік. Төресін бересіз бе?» Едіге айтты: «Алла аузыма салса берермін, — деді. — Бұл ақсақ аяғы қайсысыңызға тиіп еді?». Ең кішісі айтты: «Маған тиіп еді» — деп. «Сен бейдамақ бол! — деді. — Екі жүзін басын алған  тартсын. Аның үшін, көзі — көріп, басы сүйреп барды. Екі жүзін екі ағаң  тартсын, аның үшін, ауру аяғын сау аяғы сүйреп барып бастырған». Үш ағасы: «Бұл төре қылған төреңе көнбейміз», — деп Тоқтамыс ханға барды. Үшеуі айтты: «Жүгінуге келдік» — деп. Сол уақытта кішісі айтты: «Біз жүгініп едік», — деп. «Жүгінген уақытта қандай төре беріп еді?» — деп хан сұрады. Баланың берген төресін айтты. Енді хан айтты: «Соның төресі — төре, мен ондай төре бере алмаймын» — деп.

Тағы бір күнде бір атан түйені жетелеп, екі кісі келе жатып айтты: «Мынау көті боқты қойшыға жүгінейік», — деп. Келді. «Иә, қойшы, осы түйеге даулы болып келдік, төре бересіз бе?» — деді. «Беремін» — деді. Біреуі айтты: «Осы бота кезінде жоғалған, атан кезінде танып тұрмын. Ұрлаған ұры — осы». «Енді біреуіне айтты: «Сен сөйлеші» — деп. «Өз түйемнің ботасы, өз бурамның баласы. Осынаудың маған қылған жаласы!». «Сендегі енесі бар ма?» — деді біріншісіне. Анауға тағы айтты: «Енесі сенде бар ма?» — деп. Бұл жерде бір арқан керек. Екі інгенді алып кел, төресін берейін» — деп. Сол уақытта атанның тақымына салып бұрады. «Жоғалтып едім» дегеннің іңгені үстіне түсе қалды. Бала айтты: «Мұның ұрлатқаны шын, сіздің ұрлағаныңыз шын. Мұның түйесін бер», — деді. Төре тимегенін айтты: «Ол төреңе болмаймын», — деп. Тоқтамыс ханға барды. Дауды айтты. Қайсы дүрге төре тигені айтты: «Сондай бір төре тиіп еді», — деп. «Соның төресі — төре, мен ондай төре бере алмаймын, түйесін бер», — деді.

Тағы да қой бағып жүргенде екі қатын, екі еркек орталарында бір баласы бар, таласып келеді балаға. Айттылар: «Мынау көті боқты қойшыға жүгінейік» — деп. «Жүгінсек жүгінейік» деп. Төртеуі бердей салып келді: «Иә, қойшы, біздер даулы болып келеміз, төре бересің бе?» — деп. «Төресін берейін» — деді.

Бір еркек пенен бір қатын айтты: «Бесікте жоғалтып едім. Жүгіріп жүргенде таныдым». Енді: «Мен он ай көтеріп омыртқамды бүгілтіп тапқан балама жала қылыды», — деп соңғы екеуі айтты. Мәзкүр төртеуіне айтты: «Төре беремін, көнесіз бе?» — деп. «Көнейік», — деді. Екі қолынан екі қатынға ұстатты. «Жоғалтып едім деген қатын үндемей тұр, анау қатын «Не қылсаңыз да мейлің білсін», — деді. Сол уақытта: «Семсерменен екеуіңізге бөліп беремін», — деп, семсерді көтерген соң, «жоғалтып едім» деген қатын білегінен ұстай алды. Анау қатын үндемеді. «Өлтірмеңіз, — деді, — менен туған бала болса, өскенде мені табар», — деп айтты. Үндемеген қатынға айтты: «Сен ұрлағаның шын екен. Өлтірсе-өлтірсін деп үндемедің, мұның өз баласын қимастан, өлтіруге аяп, білегімнен ұстай алды. Мұның баласын бер», — деп бұйрық қылды. Өзім таптым деген еркек пен қатын: «Бұл төреңе көнбейміз» — деп Тоқтамыс ханға барды. Төре тимеген қатын бірлән еркек айтты: «Біздер даулы болып сізге жүгінейік деп келдік». Нақ баланың шешесі айтты: «Бір төре болып еді», — деп.  Хан сұрады: «Қандай төре болып еді?» — деп. Қойшы баланың берген төресін айтты, ондай төре беріп  еді деп. Хан айтты: «Соның төресі — төре, ондай төрені мен бере алмаймын» — деп айтты.

Енді Тоқтамыс хан айтты: «Төрт мәрте төре берген қандай кісі? Мұнда шақырыңдар», — деп. Дәл хал шақырып алып келді ханның алдына. Хан сұрады: «Төрт мәрте төре берген сен бе?» — деп сұрады. «Бәлі, мен, тақсыр». «Атың кім?» — деді. Жауап берді: «Атым Едіге», — деп. Үстіндегі киімі сондай жаман екен. Хан бұйырды: «Бұл Жаман киімдеріңді таста», — деп.

 

Жауырындары жақталы,

Түйме бауы тартпалы,

Ал қара кіс тон берді, —

Оны үстіңе ки деді,

Көкала жорға ат мін деді,

Көн дабылпаз байлан деді,

Ұшан теңізді айлан деді,

Тұтам бауы сом алтын

Ақсұңқар құсты бұйыр да,

Көл айнала шүй деді.

Қырымнан дау келсе,

Ал, Едігем, соны сен бітір деді.

Қырымнан жау келсе,

Ал, Едігем, соны сен қыр деді.

 

Дау бітірді, жауды қырды. Тоқтамыс хан тыныш болып, жайына тұрды. Жұртын билеп алды. Сөйтіп тұрды.

Күндердің бір күні Тоқтамыс ханның ханымы айтты: «Осы алып жүрген жалшы балаңыздың аруағы сіздің аруағыңыздан басым екен». Хан айтты: «Әй, тентек ханым, есігімдегі жалшының аруағы неғып менен артық болсын», — деді. «А, сіз білмеген екенсіз, «Аллаң жар болсын!» — деп кіріп келгенде өзіңіз селк етесіз. Сескенгеніңізді өзіңіз білмейсіз.

Жұманазар АСАН,

ҚР үздік өлкетанушысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button