Басты жаңалықтарЭкономика

Зауыт межесі — 8 млрд теңгенің өнімін шығару

Облысқа жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері Глеб Щегельский, Бақтықожа Ізмұхамбетов, Абай Тасболатов, Ольга Шишигина, Дания Еспаева және Құралай Қарекендер кеше Ақтөбе қаласының 41-разъезінде орналасқан «Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұжымымен кездесіп,  өндіріс орнын аралады.

«Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС — шетелдің қатысымымен  мұнай-газ жабдықтарын, сондай-ақ сорғылау-компрессорлық, шегендеу құбырларын шығаратын қазақстандық кәсіпорын. Зауыт сорғылау-компрессорлық құбырлар, шегендеу құбырлары, жоғары қысыммен жұмыс жасайтын ыдыстар мен блоктық-модульдік қондырғылар өндірісінде заманауи технологиялық жабдықтарды пайдаланады.

Зауыт 2017 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілді. Мұндағы №1 цехтың орташа қуаты —  жылына 50 мың тонна сорғылау-компрессорлық және шегендеу құбырларын шығару. Ал №2 цехта орташа қуаттылықпен жылына 3800 тонна жоғары қысыммен жұмыс жасайтын ыдыстар және мұнай-газ индустриясында қолданылатын әртүрлі мақсаттағы блоктық-модульдік қондырғылар өндіріледі. Бүгінгі таңда зауыт өнімдері ішкі нарықта, сондай-ақ Ресей, Қытай мемлекеттеріне өткізіледі.

Парламент Мәжілісінің депутаттары ретінде аймақтардағы кезекті іссапарларда жүрміз. Ақтөбе облысының Мәртөк, Мұғалжар аудандарында болдық. Сондай-ақ қала маңындағы мекемелерде болып, еңбек ұжымдарымен де  кездестік. Біздің облысқа жасағанжұмыс сапарымыздың ең басты мақсаты — тұрғындардан ұсыныстар мен мәселелер жинақтау.

Бүгінде елімізде Америка мен Канада, Қытай, Еуропа мен Азия елдерінің компаниялары жұмыс жасайды. Соның бірі — көршілес Қытай Халық Республикасының 3 үлкен компаниясы Қазақстан территориясында жұмыс жасап жатыр. Ол — «СНПС», «Ситик» және «Синопэк» . Өзім мұнай-газ саласының маманы болғаннан кейін, біраз уақыт министрдің бірінші орынбасары, министр қызметтерін атқарған тұста қытайлық барлық компаниямен танысып, басшыларымен кездестім. Оларда қандай технологиялық мүмкіндіктердің бар екеніне көз жеткіздім. Қазірде бұл компаниялар өздеріндегі озық, пайдалануға қолайлы техникаларын әкеліп, Ақтөбеде де жұмыс жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, бұл зауытта сорғылау-компрессорлық құбырларды, сондай-ақ 100 атмосфералық қысыммен жұмыс жасайтын қазандар өндіріледі. Мұнай-газ саласына қажетті көптеген жабдықтардың осы жерде дайындалып жатқанын көрдік. Бұл зауытта  тек Ақтөбе облысы үшін ғана емес, еліміздің өзге де өңірлеріндегі кен орындары үшін қажетті өнім өндіріледі, — деді депутат Б.Ізмұхамбетов.

Былтыр «Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС 2 миллиард теңгенің өнімін өндірсе, биылғы меже — 8 миллиард теңге.

Өндіріс орны қытайлық қондырғылармен жабдықталғанмен, кәсіпорын — қазақстандық. Қазір  елімізде қазақстандық мазмұнды арттыруға баса мән беріліп отыр. Сондықтан мұнай компаниялары елімізде шығарылатын осындай құралдар мен жабдықтарды пайдалануға тиісті, — деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Оның айтуынша, қай уақытта да жұмысшылардың еңбекақасы жасап жатқан мекеменің экономикасына тікелей байланысты. Яғни, егер жұмыс көлемі өсіп, жасайтын жұмыстың бағасы арзандаса, шығарылған өнімнің есебінен жалақыны көбейтуге мүмкіндік болады.

Депутаттар өндіріс орнының жұмысымен танысқаннан кейін зауыттықтармен кездесті. Жұмысшылармен сөйлесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Зауыт директоры Гэ Пайсянның айтуынша, қазір өндірісте 280-нің үстінде адам еңбек етеді. Оның 25-і — шетелдік мамандар,қалғандары — жергілікті жердің тұрғындары. Гэ Пайсян жұмысшылардың еңбекақысын олардың мамандықты шебер игеруіне қарай жоғары мөлшерде өсіруге уәде бергенін әрі солай жасап жатқанын айтты.Сондай-ақ ол депутаттарға зауыт өз жұмысын бастағаннан бері жұмысшылар тарапынан ешқандай наразылық жағдайлардың болмағанын жеткізді. Бір ғана мәселе — тапсырыс көлемін арттыру. Зауыттықтар халық қалаулыларына осындай ұсыныстарын білдірді.

Мен бұл аймақты жақсы білемін. Себебі жетпісінші жылдардың басында Кеңқияқ, Жаңажол, Әлібекмола өңірлерінде барлау жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Ақтөбе — еліміздегі ең үздік қалалардың әрі облыстардың бірі. Көптеген параметр бойынша алдыңғы орында тұр. Ең бастысы — мұнда тұрғын үй құрылысын салу жұмыстары қарышты дамыған. Бұл бағытта да облыс өзге аймақтармен салыстырғанда көш басында. Мұнда салынып жатқан үйлердің сапасы да жоғары. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келесі миллиондар қаласы ретінде Ақтөбені тектен-текке айтпаған. Ақтөбеде тек мұнай ғана емес, хром, мыс кен орындары бар. Оның үстіне, ауыл шаруашылығы саласын дамыту жұмыстары да қарқын алған, — деді Б.Ізмұхамбетов.

Депутаттар облысқа жасаған сапарларының алғашқы күнінде Ақтөбе қаласындағы қатты қалдықтар шығаратын полигонда, сондай-ақ канализациялық тазарту стансасында болыпты. Бүгінгі күні Ақтөбедегі канализациялық тазарту стансасына байланысты  жаңа жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуге аз-ақ уақыт қалыпты. Яғни алдағы уақытта заманауи үлгідегі канализациялық тазарту стансасы іске қосылмақ. Сондай-ақ халық қалаулылары Мұғалжар ауданына жасаған сапарлары кезінде бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарымен танысқан.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button