«Baqytty bala» 2019: жүлде қоры 2 миллион теңге
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбеде облыс мәдениетінің брендіне айналған «Baqytty bala» ІІ ашық балалар вокалдық фестиваль-конкурсы өтіп жатыр. Фестивальдің Гала-концерті 14 шілде күні Өнер орталығында өтеді.
Сәрсенбі күні Өнер орталығында арнайы баспасөз конференциясы ұйымдастырылып, оған Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алтынай Юнисова,«Baqytty Bala» фестивалінің режиссер-сценарисі, Украина, Грекия, Түркия, Қазақстандағы халықаралық көлемді жобалардың авторы, Димаш Құдайбергеннің Нұр-Сұлтандағы және Кремльдегі жеке шоуының режиссері Анна Обоянская, арнайы Ресейден келген композитор Евгений Евзеров, танымал украиналық вокалист Анна Николайчук, «ДимашАли» шығармашылық орталығының басшысы Қанат Айтбаев, Светлана Айтбаевалар қатысты.
Димаш Құдайбергеннің және оның «ДимашАли» продюсерлік орталығының жетекшілік етуімен және Ақтөбе қалалық әкімдігімен бірлесе ұйымдастырылып жатқан биылғы сайыстың жүлде қоры — 2 миллион теңге. Қала әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиеваның айтуынша, фестиваль толықтай қалалық әкімшіліктің бюджетінен қаржыландырылып отыр. Биыл бас жүлде иегеріне берілетін сыйлық көлемі — 1 миллион теңге. Ал қалған қаражат 1,2,3-орын алған қатысушыларға бөлініп беріледі.
Қанат Айтбаевтың айтуынша, байқауға әлемнің 9 елінен 500-ден астам өтініш келіп түскен. Сараптамалық топтың қолдауын тауып, іріктеуден өткен 20 дарынды жас бүгін Өнер орталығында жүлделі орындар үшін өз бақтарын сынамақ. Олардың үшеуі —ақтөбелік өнерпаздар.
— Биыл екінші жыл ұйымдастырылып жатқан фестиваль 10-14 шілде аралығында өтуде. Ақтөбеге 10 шілде күні табан тіреген фестиваль қатысушылары бүгінгі күнге дейін дайындық жұмыстарына қатысып, қаланың әдемі жерлерін аралады. Сондай-ақ фестиваль қатысушылары үшін Димаштың вокал бойынша ұстазы Марат Әйтімовтің шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Конкурс екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде қатысушылар әнді өз ана тілінде шырқаса, екінші бөлімде әлемдік хитке айналған туындыларды орындайды, — дейді фестиваль режиссері Анна Обоянская.
Аннаның айтуынша, биылғы іріктеуден өткен канадалық жас өнерпаз құжаттарын толық рәсімдеп үлгере алмағандықтан, бұл жолғы фестивальге қатыса алмай қалған. Есесіне сараптамалық топтың шешімен ол келесі жылғы өтетін байқауға қатысуға жолдама алыпты.
Айта кетейік, өткен жылы құтты мекенде бастау алып, вокалдық эстрадаға Ержан Максим мен Нарғыз Жанұзақ секілді жас жұлдыздарды сыйлаған байқау жұртшылықтың назарын өзіне аударып қана қоймай, шараның ауқымын да, оған шақырылған қонақтардың деңгейін де көрсетті. Ұйымдастырушылардың биылғы шарадан да күтері көп.
Ақерке САТЫБАЛДЫ.