«Baqytty bala» фестивалі өтіп жатыр
Өнер
Ақтөбеде облыс мәдениетінің брендіне айналған «Baqytty bala» ІІ ашық балалар вокалдық фестиваль-конкурсы өтіп жатыр. Биыл екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып жатқан шараға әлемнің 9 елінен келген жас өнерпаздар қатысуда.
Украина, Ресей, Белорусь, Польша, Өзбекстан, Қырғызстан, Грекия, Канада, Молдова елдерінен келген өнерпаздардан 500-ден астам өтінім қабылдаған фестивальдің ақтық сынына 20 үміткер жіберілетін болады. Олар Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына арналған кең ауқымды бәсекенің жүлделі орындары үшін бақ сынаспақ.
Биылғы байқауға қазылар алқасының мүшелері болып белгілі шетелдік орындаушылар мен шоу индустриясының құрметті де кәсіпқой мамандары шақырылған. Атап айтар болсақ, қазылар алқасының құрамында «X-фактор» жобасына қатысып, қазақстандық көрерменнің де есінде қалған Украинаның танымал әншісі Аида Николайчук бар. Ал әйгілі «Голос» тележобасының жұлдызы, грузин орындаушысы Нини Цнобиладзе тәуелсіз өкіл ретінде шақырылды. Сондай-ақ сараптамалық командаға композитор Евгений Евзеров кірді. Ал қазылар алқасының құрамына елімізден Димаш Құдайбергеннің саунд-продюсері және музыка көркемдеуші Ерлан Бекчурин, танымал композитор әрі орындаушы Ұлықпан Жолдас және Димаштың ұстазы, оның бірегей талантын әлемге танытқан, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Марат Әйтімов алынды.
«Baqytty bala» фестивалінің режиссері Анна Обоянская конкурстық өтінімдер сапасының әдеттегіден жақсарғанын және орындаушылардың вокалдық деңгейінің өскендігін айтады. Олардың арасында халықаралық деңгейде өзін көрсетіп үлгерген жеткіншектер де бар екен. Іріктеу кезеңінің негізгі талаптарына сай қатысушылар ерекше вокалдық және әртістік қабілеттерін көрсетуі тиіс және бұл талап әрдайым сақталып қала бермек.
Айта кетейік, «Baqytty bala» фестивалі Димаш Құдайбергеннің және оның «ДимашАли» продюсерлік орталығының жетекшілік етуімен және Ақтөбе қалалық әкімдігімен бірлесе ұйымдастырылуда.
Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиеваның айтуынша, ақтық концерттің билеттерінен түскен қаражат қалалық Мәдениет үйі балалар ұжымының материалдық-техникалық базасын жаңартуға жұмсалмақ.
Ақерке САТЫБАЛДЫ.