Басты жаңалықтарТарих

Ұлттық құндылықты бағалау

«Әбілқайыр хан және Бопай ханым» кітабы оқырманға жол тартты

Тарихымыздың тереңіне үңіле қарағанда, әр тұстан қадау-қадау болып көрінетін көрнекті тұлғалар өткеніміздің өнегесін, кешегіміздің келбетін айқындап тұрғандай әсер беретіні бар. Сол тұрғыдан қарағанда Кіші жүздің ұлы ханы, ХVІІІ ғасырда қазақ сардарларының бас қолбасшысы болған Әбілқайыр хан мен оның өмірлік қосағы, белгілі қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтерілген Бопай (Бәтима) ханымның алар орны ерекше.

Әбілқайыр хан мен оның ұрпақтары туралы зерттеу мақалалар, әдеби туындылар, басқа да жанрдағы дүниелер әр кезеңде қалың оқырман назарына ұсынылып келеді. Бір кездері Бопай ханымның асыл бейнесі тарих көлеңкесінде қалып қойғандай да жағдай болған.

Шүкір, енді егемендігіміз еңсесін тіктеп, тәуелсіздігіміз тұғырын нықтаған тұста барымызды базарлап, жоғымызды түгендеп, кем-кетігімізді түзеп алу мүмкіндігі туғандай.

Халықаралық жазушылар одағының мүшесі, Атырау облысындағы Жылыой ауданының құрметті азаматы, Бекет-Ата мешітінің (Ақмешіт) имамы Ислам қажы Мырзабекұлының құрастыруымен баспадан жарыққа шыққан «Әбілқайыр хан және Бопай ханым» атты көлемді еңбек осы ауқымдағы танымдық мәні зор елеулі еңбек деп білеміз.

Көпшілік оқырманға арналған бұл кітапта Әбілқайыр ханмен бірге, өзі өмір сүрген уақытында мемлекеттік қайраткер, сарабдал саясаткер және мәмілегер деңгейінен көрініп, бауырынан тараған үш ұлының хан сайлануына қол жеткізген, туған халқы Бара бәйбіше деп атақ берген, мәртебесі орыс патшайымдарымен тең деп бағаланған Бопай ханымның бейнесі  көрініс табады.

Жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі Баспасөз үйінде салтанатты түрде болып өтті. Жиынды ашып, жүргізген Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин тарихты тану қай кезде де қажырлы еңбекті, тынымсыз зерттеуді қажет ететіндігін айта келіп, Ислам қажы Мырзабекұлының бұл қадамы ұлттық құндылықты дәріптеудің бір үлгісі екендігіне тоқталды.

Жиында алғашқы болып сөз алған профессор, педагог-ғалым Ниетжан Берікұлы қазақтың кемеңгер жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романындағы Әбілқайыр хан мен Бопай ханымның қатысуымен болатын тарихи кезеңдердің мәнділігін, сол заманның ақиқатын суреттеудегі қаламгер шеберлігін алға тартты. Ол Әбілқайырдың тарихтағы роліне тоқтала келіп, оның серігі Бопайдың ақылман әрі киелі адам болғандығына нақты мысалдар келтірді.

«Егер біз сол «Үркер» романының кейіпкерлерін жинақтап, оның ішінде Бопай ханымды алға ұстанып, мемориалдық кешен орнатсақ, бұл бір жағынан аналар рухын көтеру, екіншіден, қазақ қызын құрметтеудегі ізгі ниет ретінде көрінер еді» деді ол.

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің президенті, философия ғылымдарының докторы, профессор Бекежан Ахан тарих тағылымдары ешқашанда да ұмыт  қалмайтындығын тілге тиек етіп, ең бастысы өткенге баға беруде ақиқат жолынан ауытқымау, ұлттық құндылықтарымызды қадірлей білу маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ ол қолға тиіп тұрған қомақты еңбектің құндылығын баса айтып, бұл ретте Ислам қажы Мырзабекұлына алғыс сезімін білдірді.

Медицина ғылымының докторы, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Намаз Ізімбергенов Бопай ханымды өз заманындағы қазақ әйелінің көрнекті тұлғасы, ілгері үлгісі екенін айтты. Сондықтан да оның өмірбаянын, атқарған игілікті істерін тереңдеп зерттеп, бүгінгі жас қауымның санасына сіңіру қажеттігіне тоқталды.

«Бізде Домалақ ана сынды жұртшылықтың құрметіне бөленген, халық басына барып зиярат етіп, әулие тұтатын ерекше тұлғалар бар. Бопай ана да сондай мәртебеге лайық. Бұл ретте біздің насихатымыз, зерделеуіміз кемшіндеу болып қалған сияқты. Бірақ «ештен кеш жақсы» дегендей, алда осы жағын ескергеніміз дұрыс секілді. Ал баспадан шыққан мына кітап жалпы көпшілік үшін қажет дүние», — деді ол.

ҚР Бейбітшілік пен келісім кеңесі облыстық филиалының төрағасы Келдібай Еспағамбетов Әбілқайыр хан мен Бопай ханымның есімдерін бүгінгі буынға кеңінен таныту еліміздегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы мақсаттарымен сәйкес келетіндігін тілге тиек етті. Ол Ресей жеріндегі Бопай ханымның мәңгілік мекенінде өзінің үш рет болғандығын айта келіп, жалпы ел азаматтарының тарихи тұлғаларды құрметтеудегі ізгі ниеттеріне, қолдау-көмектеріне ырзашылығын білдірді.

Жиында білім беру саласының ардагері Қамалхан Қуанов, Әлия-Мәншүк қайырымдылық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес, тарихшы-өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай және басқалары «Әбілқайыр хан және Бопай ханым» жинағының құндылығына тоқталды, бұл еңбекте берілген деректер мен мәліметтердің оқырманға берері көптігіне байланысты ойларын айтты.

Көпшілік алдында сөз сөйлеген Ислам қажы Мырзабекұлы осыдан бес жылдай бұрын Ақтөбе өңіріндегі Хан моласы қорымында Әбілқайыр ханға мазар тұрғызу шарасына қатысқанын, содан қайтар жолда хан қазасынан кейін оның ісін жалғастырған жары Бопай ханымды таныту жайы өзін мазалағанын айта келіп, оның отбасы-ошақ қасынан суырылып шығып, қоғамдық қайраткер дәрежесіне көтерілген данагөй жан екенін ұмыт қалдыруға болмайтынын жадына түйгенін баян етті.

— Сөйтіп, Бопай ханымды тану, таныту ісіне кірісіп кеттік. Республикамыздың көптеген облыстарында болдық, телевизия арқылы хабарға қатысып, жергілікті газеттерге сұхбат бердік. Бір жағынан ел ішінен жаңа деректер жинадық. Қолдаушыларымыз да аз болған жоқ. Осы істе бірге жүріп, аянбай еңбек еткен ел азаматы Игілік Сағиевке алғысым шексіз. Қазір бірқатар қалаларда, елді мекендерде Бопай ханым атындағы көшелер пайда болды, басқа да игілікті жұмыстар атқарылып жатқанынан хабардармыз. Ал «Әбілқайыр хан және Бопай ханым» атты кітаптың жарық көруі —  біраз ізденісіміздің нәтижесі, соған қуанамыз, — деді ол.

…Жинақтың құрылымына қысқаша тоқтала кетсек, кітаптың алғы сөзін жазған тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтар бұл еңбекті «Бопай ананы ұлықтаған алғашқы еңбек» деп бағалапты.

Жинақта «Әбілқайырдың хандық кезеңі», «Ұлы дала елінің дарабозы», «Әңгіме арқауы — хан мен ханым» деген үш бөлім бар. Оның ішінде «Бопай ханым ізімен», «Ханым жайлы білсеңіз…», «Бопай ханым туралы болжам мен шындық», «Тарихта аты қалған Бопай ханым», «Қазақтың батыр қызы» атты мақалалар қазақтың тұлғалы ханымен бір қатарда көрінген айбынды әйел-ананың келбетін көз алдыңызға әкелері анық.

Ал «Әбілқайыр хан және Бопай ханым» атты бұл жинаққа қызығушылық танытқан оқырман үшін айтарымыз: таяу күндерде бұл кітап облыс орталығындағы кітапханалар сөрелерінен орын алатын болады.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button