Басты жаңалықтар

Ақтөбе «Адалдық алаңына» айналады

Жемқорлық — мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл — қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

 

 

Өткен жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобалары аясында елорданың жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру жөніндегі тәжірибесін тарату керектігін баса айтқан еді. Жыл басынан бастап Жолдауда айтылған тапсырманы іске асыру мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде «Адалдық алаңы» жобалары өз жұмысын бастады.  Жуырда алты айды қорытындылаған жобалық кеңсе алдағы уақытта еліміздің барлық аудандары мен ауылдық округтерінде ашылатын болады.

Басшылар төменгі қабатқа түсті

Елбасының Жолдауында берілген тапсырмаға сәйкес, «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобасы өз жұмысын 2018 жылдың 21 желтоқсанында бастады. Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою, азаматтарға қолайлы жағдай жасау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру бағыттарына  негізделген жоба білім, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, сәулет және жер қатынастары, құқық қорғау салаларына бағытталып жұмыс жасауда.

«Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсе басшысы Мұхтарита Сағындықованың айтуынша, жобалық кеңсе өз жұмысын тұрғындар тарапынан түскен сын- ескертпелердің көптігіне, сондай-ақ тұрмыстық сыбайлас жемқорлық фактілерінің жиі кездесуіне байланысты жыл басынан бастап білім мен денсаулық сақтау салаларына басымдық берілген.

— Жергілікті атқарушы орган басшыларының ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында біз жұмыстарды  мектептер мен ауруханалардан және аудандық деңгейдегі әкімдіктерден бастадық.  Мектеп директорларының ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында облыстағы 399 мектептің 281-інің кабинеттері бірінші қабаттағы кішігірім бөлмелерге түсірілді. Ал бұрын мектептің бірінші басшысы отырған кабинеттер оқу бөлмелері ретінде қайта жасақталды. Сондай-ақ 80 қала мектептерінің басшылары дербес жауапкершілік құжатына қол қойды. Және жоба аясында өңірдегі 259 мемлекеттік органның басшыларының осындай құжатқа қол қоюы қамтамасыз етілді. Ал бүгінгі таңда қалған мектептер мен арнаулы оқу орындарының басшыларының кабинеттерін толығымен бірінші қабатқа ашық терезелі кабинеттерге түсіру жұмыстары жүргізілуде, — деді М.Сағындықова.

Сонымен қатар бүгінгі таңда облыстық балалар ауруханасы мен №2 емхананың басшылығы да өз кабинеттерін бірінші қабатқа көшірген.

Мұхтарита Сағындықованың айтуынша, өңірде жобалық кеңсе аясында «Open spase» кеңістігі принципін әкімдіктер қызметіне енгізу жұмыстары да белсенді түрде жүргізілуде. Мәселен, бүгінгі күні Алға, Шалқар, Мәртөк, Темір аудандары мен Ақтөбе қаласының Алматы ауданы әкімдіктерінде ашық кабинеттер жасақталып, бүгінгі күні түрлі комиссия отырыстары, тұрғындарды қабылдау ұйымдастырылып тұрады.

— Бүгінгі күні барлық аудандық деңгейдегі әкімдіктерге осындай тапсырма берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жүріп жатыр. Осы ретте Ақтөбе қаласында бастау алған «Халықтық кеңсе» жобасын өңірдің барлық аудан орталықтарында ашылуын қолға алдық. Бұл  аудан тұрғындары үшін өте тиімді болмақ. Барлық мемлекеттік қызмет көрсетуші органдар мен ұйым өкілдері бір ғимаратта үзіліссіз қабылдайтын болады. Бүгінгі күні Шалқар ауданында ашылған кеңсені Алға мен Ырғыз аудандарында ашу жоспары бар, — дейді «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсе басшысы.

Жүргізуші куәлігін облыс орталығында беруге ұсыныс жасалды

Жобалық кеңсе тарапынан сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудыратын жол белгілерін, жол қозғалысына кедергі келтіретін жарнамалық нысандарды анықтау және оларды жою жұмыстары да қолға алынған.

— Жол жиектеріне қойылған жол белгілерінің барлығы заңды деген қате пікір. Оны біз жоба аясында жүргізген рейдтік шара барысында анықтадық. Кей жағдайда кейбір тыйым салатын жол белгілері жол полицейлерінің әдейі сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол беруіне ықпал етеді. Жобалық кеңсе өз жұмысын бастағалы қоғам белсенділері мен қала тұрғындарының ұсыныстарына  сәйкес бірнеше олқылықты анықтап, шаралар қолданды. Ақтөбе қаласының әкімдігімен бірлесе отырып қаланың басты көшесі саналатын Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы осындай жол белгілерін алдырып тастады. Атап айтсақ, көлікті тігінен қою мүмкіндігі бар жерлерге көлденеңнен қою белгілері орнатылған. Осы жағдайды жол патрульдік полиция қызметкерлері пайдаланып, азаматтарға айыппұлдар салған немесе сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол беріп отырған. Мысалы, автокөлікті тұраққа дұрыс қоймағаны үшін айыппұл көлемі 10 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Бұл жол белгілері туралы тұрғындар бірнеше жылдан бері шағымданып келе жатса да, жауапты мекемелер тиісті шаралар алмапты. Сонымен қатар қаланың орталық көшелерінде жол қозғалысына кедергі келтіретін 10-нан астам жарнамалық нысандарға да сараптама жасалды. Бүгінгі күні раушан түріндегі гүл мүсіндері және жарнамалық қабырғалар алынып тасталынып жатыр, — дейді Мұхтарита Сағындықова.

Қазіргі күні жобалық кеңсе «Жүргізуші куәлігін беру» және «Автокөліктерді мемлекеттік тіркеу» мемлекеттік қызметтерін аудандық жерлерде Азаматтарға арналған үкімет арқылы көрсету мәселесін көтеруде. Бұған дейін, аталған қызметтер

Хромтау, Шалқар, Темір және Мұғалжар аудандарында полиция департаментінің тіркеу-емтихан бөлімдері арқылы көрсетіліп келген болатын. Жобалық кеңсе басшысының айтуынша, мониторингте көрсеткендей, ауданда жүргізуші куәлігін алушылардың қаладағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы алушылармен салыстырғандағы көрсеткіші 2-3 есе жоғары екен.

— Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қатысты мәселе туындатады. Өйткені, аудандық жерлерде бейнебақылау жоқ, бақылау тиісті дәрежеде емес, автодроммен және бейнебақылаумен жабдықталған автокөліктермен қамтамасыз етілмеген.Нәтижесінде 2018 жылдың қараша айында полиция департаментінің Хромтау аудандық емтихан-тіркеу бөлімшесінің қызметкерін осындай фактілерге жол бергені үшін Ұлттық бюро ұстады. Осыған байланысты қазір департамент облыс әкімдігімен және Азаматтарға арналған үкімет облыстық филиалымен бірлесіп, Темір және Мұғалжар аудандарында тіркеу-емтихан бөлімдерін азаматтарға арналған үкімет ғимараттарына көшірді. Байланыс құралдарын қосу, электрондық кезекті үйлестіру, бейнекамералар орнату жұмыстары жүргізілуде. Шалқар және Хромтау аудандарында да жақын аралықта көшіру жоспары бар. Жалпы біз жүргізуші куәлігін алғаш алуды толығымен облыс орталығында беруге ұсыныс жасап отырмыз, бұл осы саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға үлкен ықпал етеді, — дейді М.Сағындықова.

Сонымен қатар жобалық кеңсе қызметкерлерінің және қоғам белсенділерінің қатысуымен жоғалған автокөліктің тіркеу номерлерін қайта даярлау шаралары бойынша «Жасырын сатып алушы» әдісімен әлеуметтік желілер мен ақпараттық баспаларда мониторинг жасалды. Мониторинг нәтижесінде кез келген автокөліктің тіркеу номерін 19 200 теңгеге жасап беруге дайын тұлғалар анықталды. Қазіргі күні бұл бағытта құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Жоғарыдағы ақпараттарды назарға ала отырып, жобалық кеңсе тұрғындарды аталған қызметті тек «Азаматтарға арналған үкімет» арқылы алуды ескертеді.

Сыбайлас жемқорлық — рухани дерт

Ислам дінінде сыбайлас жемқорлық ауыр күнә болып саналады. Жемқорлыққа, парақорлыққа қарсы Құран сүрелерінде аяттар, Пайғамбарамыздың (с.ғ.с.) хадистері бар. Мәселен, «Бақара» сүресінің 188-аятында «Араларыңдағы малдарыңды бұзық жолмен жемеңдер. Сондай-ақ, біле тұра адамдардың малынан бір бөлім жеу үшін билерге апармаңдар» делінген. Ал пайғамбарымыз (с.ғ.с.) пара берушіні де, пара алушыны да лағнеттеген.

— Сыбайлас жемқорлық – тек құқықтық жауапкершілік қана емес, сонымен қатар ауыр рухани дерт. Сондықтан да біз дін өкілдерінің де сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы рөлі зор екендігін түсінеміз. Біз бұл бағытта бірлескен шаралар ұйымдастырып келеміз.  Жұма намаздары кезінде тұрақты түрде уағыздар айтылады. Мәселен, жыл басталғалы «Нұр Ғасыр» орталық мешітінде 3000-нан астам тұрғынға ақпараттық жадынамалар таратылып, уағыз айтылды, — дейді М. Сағындықова.

Сондай-ақ жобалық кеңсе арқылы «Саналы ұрпақ» республикалық жобасы аясында жоғары оқу орындары мен орта кәсіптік білім беру студенттері арасында жасырын сауалнама жүргізіліп,  нәтижесінде емтиханның оң қорытындысы үшін жергілікті жоғары оқу орындары мен колледждерде 1000-80000 теңге көлемінде заңсыз материалдық сыйақы алу және беру фактілерінің бар екендігі анықталған. Мұхтарита Сағындықова бүгінгі таңда жүргізілген сауалнама туралы ақпараттар тиісті заңдық шаралар қолдану үшін құқық қорғау органдарына жолданғанын айтты.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде мемлекеттік қызметкерлердің әлеуметтік желіде белсенділік танытып, халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуын тапсырған болатын. Сонымен қатар жобалық кеңсе бағыттарын және тұрғындардың әлеуметтік желілердегі белсенділігін ескеріп, инстаграм желісінде тұрақты тікелей эфир айдары ашылды. Ол жерде мемлекеттік мекемелердің бірінші басшылары тұрғындардың сұрақтарына тікелей эфирде жауап беруде. Бүгінгі күнге дейін облыстық білім беру, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламар және денсаулық сақтау басқармаларының басшылары тікелей эфирге қосылды. Тікелей эфир барысында азаматтардан 700-ден астам сұрақтар түсіп, кейбір мәселелер дер кезінде шешіліп отырды. Бұл аптада «Адалдық алаңына» «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы басшылығын шақыруды жөн санадық. Өйткені, билеттерге қатысты шағым тұрғындар тарапынан өте көп түседі. Бұл, әрине, бір сағатта жауабы шешілетін мәселе емес. Бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жалғастыратын боламыз, —  дейді М.Сағындықова.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button