Денсаулық

Облысқа 68 дәрігер қажет

Облыстық  мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысында денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері сөз болды.

Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев баяндама жасады. Соңғы бес айдың қорытындысы бойынша «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының 42 индикаторының 39-ы орындалған.  Жыл соңына дейін көрсеткіштің барлығына қол жеткізілмек. Облыста демографиялық ахуал тұрақты. Өткен жылмен салыстырғанда халық саны 1,4 пайызға өскен. Басқарма басшысының айтуынша, жүрек-қан тамыр, онкологиялық аурулардан көз жұматындар көп. Аурудың  алдын алу үшін тұрғындар арасында ақпараттық, насихат жұмыстары жүйелі жүргізіледі. Мемлекет басшысының 10 тапсырмасына сәйкес, биыл бұл бағыттағы жұмыстарға ерекше басымдық беріледі. Сондай-ақ бес айда облыс тұрғындарына 1990 052 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 74 пайызы электронды түрде берілген. Электронды форматтағы қызметтердің өсуіне «Даму Мед» ақпараттық  жүйесінің көмегі көп. Қазіргі күні әрбір тұрғын смартфон мобильді қосымшасы арқылы дәрігердің қабылдауына жазылады.  «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде облыстың барлық медициналық ұйымдары электронды қызмет көрсетуге көшкен және барлығы «Даму Мед» жүйесі арқылы жұмыс жасайды.  Сондай-ақ тағы бір мәселе — электронды төлқұжат. Қазір 870 359 тұрғынның электронды денсаулық төлқұжаты жасалған. Жалпы медициналық қызметтің 101 түрі электронды форматқа ауыстырылыпты.

Әсет Қалиев алдағы уақытта медициналық қызмет үш бағытты қызмет көрсететінін айтты. Бірінші — тегін, екінші — сақтандыру қоры арқылы, үшінші ақылы немесе жеке сақтандыру қорлары арқылы қызмет көрсету. Кепілдендірілген тегін медициналық көмектің тізімі қайта қаралған. Жедел жәрдем, санитарлық авиация және амбулаториялық қабылдау қызметі тегін көрсетіледі. Жиында басқарма басшысы осы саладағы өзекті мәселелерді де айтып өтті. Мәселен, кейбір құрал-жабдықтардың пайдалану мерзімі өткен. Олардың орнына заманауи жабдық алу керек. Ал ол үшін қыруар қаржы қажет. Сондай-ақ облыста маман тапшылығы бар. Қазіргі күні 68 дәрігер жетіспейді. Басқарма басшылығы медициналық университет түлектерімен кездесіп, биыл 130 түлекті облыстың емдеу мекемелеріне қалдырмақ. Кеңесте көтерілген тағы бір проблема — екпеден бас тарту. Әсіресе, Мұғалжар, Темір, Байғанин ауданының тұрғындары балаларына екпе салдырудан бас тартады.  Жиында облыстық мәслихат депутаттары мен кеңес мүшелері сұрақ қойды. Мәселен, «Дару жарығы» клиникасындағы дәрігерлердің біліктілігіне қатысты шағым айтылды. Аталған мәселелерді талқылаған депутаттары ескерту жасап, ұсыныстарын айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button