Мереке

«Эврика»: ширек ғасырлық жол

Биыл өңіріміздегі «Эврика» газетінің жарыққа шыға бастағанына 25 жыл толды. Осы аралықта оқырмандарымен бірге «жасасып» келе жатқан басылымның бүгінгі тыныс-тіршілігі турасында төл мерекеміз қарсаңында білуге тырысқан едік…

Аталған апталықтың бас редакторы Виктор Гербермен сұхбатымыз төмендегідей өрбіді:  

 

— Ширек ғасырлық тарихы бар газеттің даму барысы мен бүгінгі ахуалы жөнінде не айтасыз? Және осы басылымды басқарып отырғаныңызға неше жыл болды?

— Иә, мамыр айында «Эврика» 25 жылдығын атап өтті. Өңірдегі мемлекеттік емес газеттердің арасындағы ең «үлкені» — біз. Ал мұнда мен газеттің алғашқы номері шыққаннан бастап жұмыс істеп келе жатырмын. Тек екі жыл сол кездегі облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың шақыртуымен «Актюбинский вестник» газетінде бас редактор болғанымды есептемегенде, ұжымнан аса алыстай қойғаным жоқ. Жалпы, «Эврикадағы» бас редакторлық қызметіме 20 жыл толды.

Қазіргі таңда дүниежүзіндегі барлық мерзімдік баспасөз күрделі кезеңді бастан кешіріп отыр. Өйткені, жаһандану заманы дейміз, ғаламтордың дамыған кезіне тап болдық. Сондықтан осы салада бұрыннан келе жатқандар біледі, өткен ғасырдың соңымен салыстырғанда, қазіргі уақытта бізге — газеттегілерге оңай емес. Бірақ біз тырбанып келе жатырмыз. Өзіміздің қалыптасқан оқырмандарымыз бар. Бәрібір де сараптамалық, ой елегінен өткен, сауатты материалдарды іздеп жүріп оқитындар табылады деп есептеймін.

— Редакцияда жастар көп пе, әлде?..

— Әр жылдары әр буынның өкілдері бізде жұмыс істеді. Кейбіреулері газеттің жұмысы қиын екенін бірден біліп, бірнеше апта ғана еңбек етуге жарады. Онжылдықтардың куәсі болғандар да бар. Бір анығы, журналистиканың күрделі сала екенін түсініп, баспасөз хатшылары болғандар, болмаса басқа салаға ауысқандар көп. Республикалық газет пен телеарналарда жұмысын жемісті жалғастырғандар да аз емес.

Нақты цифр керек десеңіз, біздегі журналистердің орташа жасы — 30 жас.

— Ал оқырмандарыңыз негізінен кімдер?

— Өмірде өз орнын тапқан, көбіне-көп жоғары білімді аға буын өкілдері дер едім. «TNS Galllup Media» әлеуметтік компаниясының дерегіне сүйенсек, біздегі оқырмандар 36-45 жастағы адамдар екен. Жастар да біздің газетті оқиды.

— Ұзақ жылдар бойы «Экспресс К» газетінің өңірдегі меншікті тілшісі болғаныңызды білеміз. Осы тұрғыдан келгенде, Ақтөбедегі меншікті тілшілер туралы пікіріңіз қандай?

—  Мен 2000 жылдан бастап республикалық газеттерге жазуға дағдыландым. Ең алғаш «Время» газетінің облыстағы өкілі болдым. Ол кезде аталған редакцияда кіл мықты журналистер жұмыс істейтін еді. Бірақ қызметкерлерге қойылатын талап-тілектердің көптігінен 1,5 жыл ғана еңбек еттім. Ал «Экспресс К» газетімен байланысым әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр.

Басқа ақтөбелік меншікті тілшілерге келсек, жарыққа шыққан  мақалаларына қарап қана пікір айтуға болады. Олардың республикалық ақпарат құралдарында жұмыс істегеніне қуаныштымын. Осы орайда республикалық газет пен телеарналардағы журналистердің көпшілігі «Эвриканың» мектебінен өткен деп мақтанышпен айта аламын.

— Редактор болсаңыз да, әлі күнге дейін өзіңіз автор ретінде жазып әрі суретке түсіретініңізден хабардармыз… Сіздің ойыңызша, бас редактор журналистерге тапсырма берумен шектелмей, өзі де жазуы керек пе? Тісқаққан тілші ретінде айтыңызшы, бас редактор қандай болуы қажет?

— Соңғы сұрағыңыз тым күрделі екен, оған жауап бере алмаймын. Бас редакторларға баға бермей-ақ қояйыншы. Өзіме келсек, неліктен «газеттің бастығы»  болып рақаттанып отырмай, әр номер сайын жазып жүрмін? Өйткені басқалай жасау қолымнан келмейді. Журналист қайткен күнде де жазуы керек деп ойлаймын. Сосын басқа тілшілер жазып жатқанда мен неге қалыс қалуым керек, кімнен артықпын деген сұрақ туады. Сөйтіп жүріп, редактор қарамағындағы журналистердің барлығына теңдей қарап, ең алдымен әділ болуды ұмытпау керектігін байтқым келеді.

— Виктор Викторович, әлгінде мемлекеттік пен жекеменшік газеттерде қатар қызмет атқарғаныңызды айттыңыз. Нендей айырмашылықтар байқадыңыз?

— Әрине, айырмашылықтар бар. Газетті толтыруда да, оны жеткізуде де өзіндік ерекшеліктер кездеседі. Әрқайсысының артықшылықтары мен кемшіліктері де жоқ емес. Мәселен, мемлекеттік басылымның журналисі бүгіні мен ертеңі үшін анау айтқандай уайымдамайды, билік қолғабасын тигізеді. Соның салдарынан кей кезде жазған материалдарында өз көзқарасын ашық жеткізе алмауы мүмкін. Ал жекеменшік БАҚ-та жұмыс істейтіндерде ол жағынан еркіндік бар. Бірақ қаржылық-шаруашылық жағынан мұндай редакциядағылар өздері жүгіреді. Ешкім көмектеспейді.

Жалпы алғанда, барлық журналистердің жейтін наны — бір. Тіршіліктері де бір-біріне ұқсас…

— Соңғы сұрақ, Журналистер күнін қалай атап өтесіз?

— Төл мерекемізді біздің редакция кереметтей атап өтеді деп айта алмаймын. Иә, бәріміздің жиналып, шай ішіп, әңгімелесетініміз, облыс пен қала әкімдерінің сыйлығын алғандарды құттықтайтынымыз рас.

Біздің жыл сайын думандататын күніміз — «Эвриканың» «туған күні». Сол кезде мәре-сәре болып, үлкен ауқымда тойлайтынымыз бар.

Сұхбат соңында, барша әріптестерімді ортақ кәсіби мерекемізбен құттықтағым келеді. Және маған осылай көңіл бөлгеніңіз үшін сізге де рақмет.

Әңгімелескен Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button