Мереке

«Тыныш жүре алмайтын» журналист

Ақтөбе облысындағы республикалық телеарналардың меншікті тілшілерінің ішіндегі ең танымалы һәм ең қайсар журналистердің бірі Жаңалық Ахаш. Қашанда қайнаған жаңалықтың арасында жүретін Жаңалық бүгінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жеке жобаларын жүзеге асырып жүр.

Жаңалық мектеп қабырғасында оқып жүргенінде-ақ журналистикаға араласты. Қазақ-түрік лицейінде оқып жүргенде облыстық телерадиокомпанияның «Рауан» радиосына жұмысқа тұрды. Жаңалықтың дарынды, сөзге шебер екенін сол кездегі ағалары бірден таныған болу керек, тіпті мектеп бітірген аттестаты болмаса да, тілші етіп қызметке алды. «Рауан» жабылғаннан кейін, Жаңалықты «Тандем» радиосының басшылығы аттай қалап, жұмысқа шақырды. Кейін «Тандемнің» Атыраудағы филиалының атқарушы директоры, жаңадан ашылған «Керек инфо» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарды.

Бүгінде Жаңалық «КТК» арнасының Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі. Осы телеарнада жүргелі он жылдан асқан оны көрермен қандай күрделі тақырыпты да қаймықпай көтере білетін «азулы» тілші деп таниды. Одан бөлек Жаңалық шебер ұйымдастырушы. Оған дәлел — тілшінің бастамасымен өңірде соңғы жылдары тұрақты ұйымдастырылып келе жатқан «Менің әкем» жобасы.

— Өзім тыныш жүре алмайтын адаммын. Тілшілікке кіріскелі бері қоғамдық шаралардан тыс қалған емеспін. Бұрын журналистердің құқығын қорғауға қатысты қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста болдым. Әлеуметтік жобалардан да еш қалыс қалған емеспін, — дейді ол.

«Тыныш жүре алмайтын» журналиске көптен ойында жүрген бір жоба ақыры «тыным бермеді». Сол жобаны іске асырып тынды:

— Екі жыл бұрын өзім бастамашы болып «Менің әкем» жобасын қолға алдық. Көптен бері ойда жүрген шаруа еді. Бірде әріптестеріммен пікірлесіп отырып, «Осы әйел адамдарға қатысты байқау да, насихаттау шаралары да көп, алайда, ер азаматтарға қатысты ешқандай шара ұйымдастырылмайды», — деген пікір айттым. Шындығы сол, еліміздегі отбасы мәселесіне қатысты ұйымдар тек бала мен ананың жайын ғана айтады. Ал әкенің беделін өсіруге, оның мәртебесін асқақтатуға қатысты ұйымдар мүлде жоқ деуге болады. Әріптестерім уәж айтты: «Ер адамдар ондай шараларды ұйымдастыра алмайды, әйел адамдар өздеріне қатысты мәселелерді өздері көтеріп жүр», — деді. «Бір айдың ішінде осындай жобаны ұйымдастырамын», — деп әріптестерге сөз бердім және сол сөзімде тұрдым, — дейді Жаңалық. Расында Жаңалықтың бұл жобасы қоғамда ерекше қозғалыс туғызды. Ақтөбеліктер әкелерінің өмірде, еңбекте жеткен жетістіктерін жарыса айтып, әлеуметтік желілерге салды. Ер азаматтардың отбасындағы, қоғамдағы рөлін арттыру мақсатындағы бұл жоба биыл екінші жыл қатарынан ұйымдастырылды.

— Бұл жоба арқылы қоғамға титтей де болса үлес қосқан болсам, ол менің азаматтық парызым. Ал журналист ретінде күнделікті шынайы ақпарат тарату, бізден көмек күткендерге қолдан келгенше қолдау көрсету, қоғамдағы мәселелерге бейжай қарамау — міндетім, —  дейді Жаңалық.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button