Мереке

Өз ісінің майталманы

«Хабар» телеарнасының ақпараттық және сараптамалық бағдарламалар бөлімінің директоры Айгүл Әділова өз еңбегі үшін лайықты бағасын алған журналист. Еңбексүйгіштігінің, ұдайы ізденісте жүретін тынымсыздығының арқасында өңірлік телеарнаның қарапайым тілшісінен бастап республикалық телеарнаның бөлім директорлығына дейін өскен ол бүгінде жас тілшілердің тәлімгеріне айналды.

15 жасында «РИКА» телеарнасының жасөспірімдерге арналған «Просто мы» хабарына репортер болып келген кішкентай қыз кейін «Қазақстан-Ақтөбеде» диктор, «Астана» арнасының Ақтөбедегі меншікті тілшісі қызметтерін атқарды. Одан соң қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына көшкеннен кейін «Еуразия» арнасында корреспондент, диктор, бағдарламалар авторы, «Хабар» агенттігінің тілшісі, Тұңғыш Президент пулында тілші болды. Бүгінде «Хабар» телеарнасының ақпараттық және сараптамалық бағдарламалар бөлімінің директоры.

— Журналист үшін ең алдымен жауапкершілік қажет. Өзіңнің сөзіңе, істеп жүрген жұмысыңа, егер басшылық қызметте болсаң, өз ұжымыңа деген жауапкершілік ең бірінші орында болуы тиіс. Одан соң үнемі ізденісте болуың шарт. Ешқашан «мен бәрін білемдікке» салынуға болмайды. Сен ақпарат «майданының даласында» емес, кеңседе отырсаң да, шығармашылықпен айналысуды бір сәтке де доғаруға болмайды, — дейді ол.

Айгүлдің телевизия саласында жұмыс істеп жүргеніне биыл 14 жыл толады екен. Осы 14 жылдың әрбір күні секундтармен санасқан журналистік жұмыстың қызығына толы. Әсіресе, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік пулында елдің саяси өмірінің жаршысы болған жылдар ерекше есте қалғанын айтады:

—  Елбасымен бірге әлемнің 20-дан астам елінде болдым. Елбасының шетелдерге барған әрбір ресми сапары оның пулындағы журналистер үшін ауқымды жауапты жұмысты талап етеді. Осы сапарларымда мен әркім оңай кіре алмайтын патша сарайларында, Ақ үйде, Кремльде, парламенттер үйлерінде болдым. Теледидардың экранынан көрсетілетіні — болған оқиғаның кішкентай ғана бөлігі, маңыздысы — сол телеарнаның ар жағында болған шаралар. Мен саяси шолушы, саяси тақырыптарды жазатын журналист ретінде Елбасының өзге елдердің басшыларымен болған кездесулердің ең маңызды тұстарын көрсете отырып, көрерменге ең шынайы ақпаратты жеткізуді міндетім деп санадым. Елбасының АҚШ  президенті Дональд Трамппен, Жапония императорымен, Бельгия патшасымен, Ұлыбритания премьерімен, Францияның, Оңтүстік Кореяның президенттерімен, басқа да елдердің басшыларымен кездесулері есімде қалды. Ақ үйден тікелей эфир жүргізгеніміз, Біріккен Ұлттар Ұйымы бас кеңсесінен Қазақстанның осы халықаралық ұйымның Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ететіні туралы сүйінші хабарды жеткізгеніміз, Брюссельдегі «Азия-Еуропа» форумының саммиті, патша сарайларынан жүргізген репортаждарымыздың артында біздің команданың қыруар еңбегі жатыр, — дейді ол.

Айгүл былтыр журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында  Президенттің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығына ие болды. «Сен өте сауатты журналиссің!» — деп Айгүлдің қолын алған Тұңғыш Президент оның еңбегіне жоғары баға беретінін айтқан еді.

Айгүл осы тәжірибесін өзінен кейінгі жас журналистермен бөлісуге әрдайым дайын. Еліміздің қазіргі президентінің пулындағы тілшілерге ақыл-кеңесін аямайды.

— Жас журналистердің көзінен от байқасам, оның ізденуге, өсуге деген талпынысын, бойындағы талантын сезсем, қолдауға, көмектесуге дайынмын. Жақсы тележурналист болатын маманды алғашқы «standup» жасағанынан-ақ бірден байқаймын және бірде-бір рет қателескен кезім болған емес. Ондай ізденімпаз жас тілшілерді аймақтардан да іздеп жүремін. Мен журналистік жолымды жаңа бастаған кезде сондай қолдаушыға зәру болдым, сондықтан алдыңда ақыл-кеңес беріп, жол көрсететін тәлімгеріңнің болуы жас журналист үшін өте маңызды екенін түсінемін, — дейді ол.

Айгүл жылдар бойы жинаған осы тәжірибесін бүгінде «Хабар» арнасының ақпараттар және сараптамалық бағдарламалардың сапасын көтеруге арнап отыр. «Менің міндетім — біздің телеарнаның жоғары деңгейдегі жұмысын одан әрі дамыту, оның артында күнделікті тынымсыз еңбек жатыр», — дейді ол.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.   

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button