Рухани жаңғыру

Рухани жаңғыру жастарға не береді?

Нұрлан СЕРҒАЛИЕВ,
М. Өтемісов атындағы
Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры

Шынайы жаңғыру руханият пен санадан бастау алады. Қоғамдық сананы ауқымды жаңғыртуға бағытталған бұл құжат – қазақ ұлттық мүддесінің стратегиялық бағытын айқындайтын жаңа идеологиялық тұжырымдама болса, аталмыш бағытта жүйелі жұмыстар атқаруда оқу орындарының тұғыры қашан да биік болуға тиіс.
Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдарсыз, яғни қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдарсыз интеллектуалды ұлт қалыптастыру мүмкін емес. Елбасының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша аударылған әлемдегі ең жақсы 100 оқулықтың алғашқы 19 томы М.Өтемісов атындағы БҚМУ ғылыми кітапханасы қорына аударылған келіп түсіп, биылғы оқу жылынан бастап олар оқу жоспарына енгізілді. Сөйтіп студент жастарымыз әлемдік деңгейдегі білім қорына өз ана тілінде қол жеткізу мүмкіндігіне ие болды.

Елбасы «Туған жерге туыңды тік» деген халық мақалына да ерекше акцент берді. Себебі патриотизм туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен бас­тау алады. Университетімізде ­Отанды сүюге, туған жерге тағзым етуге, ұлтжандылыққа тәрбиелейтін іс-шаралар үзілген емес. Бағдарлама шеңберінде ғылыми және ғылыми-танымдық экспедициялардың да орны ерекше. Сондықтан да «Туған жер» жобасы аясында университетте бірнеше археологиялық, өлкетану және географиялық экспедиция ұйымдастырылды. «Қазақстанның жалпыұлттық 100 киелі нысаны» тізіміне енген, ортағасырлық Жайық қаласының аумағында университет ғалымдарының басшылығымен археологиялық қазба жұмысы жүргізіліп, географиялық экспедиция жасақталды. Университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттерден жасақталған экспедициялар «Туған жер» бағдарламасына сәйкес өлке тарихын зерттеу, тану және насихаттау қазыналы тарихқа толы хан ордасы мен бірқатар ­ауданда болып қайтты. Бүгінгі таңда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Шыңғырлау ауданының әкімдігі арасында тарихи жәдігерлерді зерттеп, танып білу мақсатында бірлескен жұмыстарды айқындайтын екі жақты келісілген меморандум да бар.
Міне, осы сапарлар қорытынды­сында жастарға не берді деген сауал туары анық. Жастарымызға тарихқа үңілуді өткенге сапар шегумен шектелмеу керектігін ұғындыру керек. Өткенді біліп қана қоймай, тарихты тану арқылы, қазіргімен, болашақпен сабақтастыра білу керек. Бір ғана тарихи өңірге саяхат жасағанда, ол елдің киелі жерлерін ғана іздеп, тарихи ескерткіштерді ғана көру аздық етеді. Өзен-көл, тау-тас, флорасы мен фаунасына дейін білсе нұр үстіне нұр. Шыңғырлау ауданына қарасты Сегізсай (Лебедевка) мекеніне жасалған археологиялық экспедицияда студент жастар бұл өңірдің тарихи-мәдени жәдігерлерге ғана емес, табиғат мұраларына бай екендігіне көз жеткізіп, таным көкжиегін кеңейтіп қайтты. Сегізсай мекенінің жайылма байрақты ормандары, қайыңды және көктеректі тоғайы, сонымен бірге шәңгіш, үшқат, итжүзім, мойыл тал кездесетін аласа ағаштар үлкен қызығушылық туғызды. Осы алқаптар сирек кездесетін көптеген өсімдік түрлеріне, сонымен бірге жануарлар ішінде сирек және жойылып бара жатқан – алып соқыртышқан, ақбас тырна, дала қыраны, үкі, безгелдек, дуадақ және т.б. хайуанаттарға бай. Ал бұлардың барлығы Қазақстанның Қызыл кітабына енген және облыс­тағы сирек және жойылып бара жатқан жануарлар тізімінде.
«Сананы жаңғыртудың» мазмұнын негіздей отырып, Елбасы жаңғырудың алты бағытын белгілеп берді. Ол – бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы. Бұл бағыттардың барлығы уақыт талаптарына нақты жауап бере алады. Осы құндылықтар қатарындағы қасиеттерге деген БҚМУ студенттерінің көзқа­ра­сын айқындау мақсатында әлеу­мет­тік зерттеулер аясында монито­ринг жүргізілген болатын. Көрсетіл­ген нәтижелер бойынша студент жас­тарымыздың осы аталған қасиеттердің қай-қайсысының да маңыздылығын ұғынғаны байқалады. Әлеуметтік зерттеуге қатысқан респон­денттер жаңа қазақстандық жастар, ең алдымен, білімді, өз елінің патриоты болу керектігіне басымдық берген. Сонымен қатар өзге тұлғалық қасиеттерді, соның ішінде адалдық, бәсекеге қабілеттілік, құзыреттілік, өз ана тілінде сөйлеу, үш тілді білу, жаңа технологияларды меңгеру, діни экстремизмге түбегейлі қарсылық, мақсатшылдық, толеранттылық, таби­ғатты аялау, бірлік және халықтар дос­тығына ұйытқы болу сынды өзге қасиеттерді белгілеген. Бұл – қуантарлық жағдай.
Бүгінде бағдарламаның жариялан­ғанына екі жыл толуда. Атқарылған жұмыстар да аз емес. Дегенмен, бұл көрсеткішке қарап, тоқмейілсуге болмайды. Жастар арасында тәрбие жұмысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мазұнын терең түсініп, маңыздылығын ұғын­дыру мақсатында жұмыс тоқтамауы тиіс. Бір ғана мысал келтірсек, «Жомарт жүрек» қайырымдылық шарасына біздің студенттеріміздің еріктілер тобы көптеп қатысуы олардың бойында ізгілік, жомарттық қасиеттер мол екендігінің көрінісі дер едік. Мұндай шаралар жастардың бойында үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, әлеуметтік жағдайы төмен жандарға қолғабыс жасау, қайырымды іс жасау арқылы жан дүниесі рухани кемелденген жас буынды тәрбиелеуде маңызы зор деп санаймыз.
Ұлттық кодымызды сақтау үшін біз өзіміздің мәдени, тарихи құндылықтарымызды дамыта отырып, әлемнің жақсы қасиеттерін бойымызға сіңіруіміз керек. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген қанатты сөздің төркіні осыны ұғындырады. Тұңғыш Президентіміздің ой-пікірі бабалар ұлағатымен астасып жатыр. Аталарымыз ұлы дала мен ұлы мәдениетті мұра етті. Ол – жалпыға ортақ құндылық. Оны жастардың бойында дарыту – бүгінгі міндет.

anatili.kazgazeta.kz

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button