Рухани жаңғыру

Тіл келешегінің кепілі

Соңғы уақытта қоғамда қызу пікірталас тудырып жүрген келелі мәселелердің бірі де бірегейі – қазақ жазуын кириллицадан латын әліпбиіне көшіру мәселесі. Бұл мәселе еліміздің жарқын болашаққа бастар нақты қадамдарының қатарында көш бастап тұр. Өткен ғасырдың алғашқы жартысында он жылға жуық уақыт қолданылған латын қарпін заман талабына сай қайта жаңғырту құптарлық шешім. Бәрімізге белгілі, Әзербайжан, Өзбекстан сынды көршілес мемлекеттер тәуелсіздік алысымен-ақ латын әліпбиіне көшті. Осы тұрғыдан қарағанда еліміз біршама уақытқа ұтылғанымен, «ештен кеш жақсы» екендігін де ұмытпағанымыз жөн. Әрине, 80 жылға жуық қолданған әліпбиден латын қарпіне түбегейлі көшу оңай іс емес.

Жалпы латын қарпінің қажеттілігі неден туындады? Жаңа әліпби бізге не береді? Осы тәрізді өзекті сауалдарға жауап беру үшін латын әліпбиінің мынандай артықшылықтарын атап өткім келеді. Біріншіден, латын қарпіне көшу арқылы біз бүкіл түркі халықтарының ортақ жазуға көшу ұстанымын құптаймыз. Екіншіден, компьютерлік бағдарламалардың үнемі жаңарып отыратындығын ескерсек, 42 әріптік кириллицаға орасан зор қаражат жұмсағаннан гөрі 26 әріптік латын әліпбиіне шығындалу әлдеқайда ұтымды. Үшіншіден, бұл адамдардың заман талабына айналған ағылшын тіліне деген қызығушылығын арттырады.Төртіншіден, латын әріптері өз аталуында берілгендіктен, шетелдіктердің қазақ тілін үйренуі әлдеқайда жеңілдейді. Бесіншіден, латын таңбалары тілімізде белең алған орыс әріптеріне тосқауыл болары сөзсіз. Оған қоса дүниежүзіндегі ақпараттың 70%-дан астамы латын әліпбиінде таратылатынын айта кеткеніміз жөн. Демек, мемлекетіміздің әлемдік ақпарат кеңістігіне енуіне тамаша мүмкіндік туып тұр.
Тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаев: «Қазақ тілін латын әрпіне көшіру – ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, рухани тұтастығын қамтамасыз ететін бірегей қадам» деген еді. Сондай-ақ ТМД аумағында кириллица, Қытайдағы қандастарымыз төте жазу, батыс елдеріндегі бауырларымыз латын әрпін қолданып келе жатқанын, сөйлескенде тіліміз бір болғанымен, оқығанда үш түрлі екенін, сол себепті бір-біріміздің жазуымызды түсіне алмай жүргенімізді, ал бұл жер жүзіне тарыдай шашылған қазақтың кейінгі ұрпағын бір-бірінен алыстататынын ескертеді. Осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында және жазуымызды ғылым мен техникаға үйлестіру үшін де латын графикасының оңтайлы болатынын ескерткен еді.
Филология ғылымының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбектің айтуынша, «бүгінгі қазақ жазуына тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек». Реформа бір ғана әліпби ауыстырумен тынбайтынын, ол өз алдына үш мәселені қамтитындығын айта келе, «үш мәселе – дыбыс, әліпби және емле-ереже: дыбыс – өзге тілдерден бөлектеп тұратын тілдің тұрпат-тұрқы, әліпби – сол дыбыстың қауызы, басқаша айтқанда, қорғаны мен оққағары, емле-ереже – дыбыстардың басын біріктіріп, сөз құрап тұратын дәнекері» деп көрсетеді. Сонымен қатар әліпби ауыстыру қазақ жазуына реформа жасаудың ең төте жолы болып табылатынын, егер латын таңбаларын баптап қабылдай алсақ, онда көптеген тілбұзар әріптер мен емле-ережелер өзінен-өзі түсіп қалатынын ескертеді.
Бір сөзбен айтқанда, латын әліпбиіне көшу жасампаздыққа ұмтылған халқымыз үшін берері мол игі іс десек, артық айтқанымыз емес. Бұл бастаманы ана тіліміздің қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге, мәртебесін көтеруге, ұлттық сананың қайта жаңғыруына мүмкіндік деп түсінуіміз керек. Сонымен бірге латын қарпін қабылдау арқылы дамыған өркениетті елдердің қатарына қосылып, түркі әлемінің ішкі рухани, мәдени тұтастығын қамтамасыз етуге өз үлесімізді қоса аламыз. Ең бастысы – тіліміздегі басы артық кірме сөздерден арылып, орыс тілінің ықпалынан еркіндікке шығатын боламыз. Ендеше, әлемдік жаһандану үдерісіне қосылып, дүниенің төрт бұрышында тарыдай шашырап жүрген қазақ әлемінің рухани тұтастығын қамтамасыз ету үшін де латын әліпбиіне көшу – маңызды шешім.

Раушан Шортанбаева,
С.Сейфуллин атындағы орта
мектептің қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі

anatili.kazgazeta.kz

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button