Басты жаңалықтарЭкономика

Made in Aqtobe

Облыста 57 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Олардың арасында отандық нарықта өз орнын қалыптастырып, өнімін алыс-жақын өңірлерге экспортқа жөнелтетін ірі кәсіпорындар да бар. Сондай тауар өндірушілерге «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы таяу уақыттан бері өнеркәсіптік сертификат бере бастады. Соған сәйкес, арнаулы құжатқа ие болған өндіріс орындары мемлекеттік қолдауға иек арта алады. Аталған сертификаттың екінің біріне беріле бермейтінін де ескере кету керек.

 Бәсекелестікті арттырады,

шын мықтыны айқындайды 

Еліміздегі өзгерістерге сәйкес, кез келген Үкіметтік қолдау жұмыстарымен қамтылып, мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін 1 шілдеден бастап жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының өнеркәсіптік сертификаты болуы тиіс. Ал бұл құжат сала мамандарының жіті тексерісінен кейін ғана беріледі. Тиісінше оның игіліктері де көп.

—  Бизнес-қауымдастықпен бірлесе отырып өнеркәсіптік куәлікті дайындау ережелері әзірленді. Өндірушіні тізімге енгізу ерікті негізде әрі тегін жүзеге асырылады. Бірақ ол үшін алдымен кәсіпорын басшысы өндіріс орнының жай-күйі, мүмкіндігі шынымен құжатта көрсетілгендей ме, соны сарапшы мамандарға дәлелдеуі керек.

Мәселен, ең алғаш боп 11 маусымда облыс әкімдігінің, өңірлік кәсіпкерлер кеңесі мен кәсіпкерлер палатасының мамандарытігін комбинатының жұмысымен кеңінен танысты. Барлығы талапқа сай болып, бірінші өнеркәсіптік сертификат соларға табыс етілді. Бұл — отандық тауар өндірушілерді қорғап, қолдауға бағытталған шара.

Өнеркәсіптік сертификат осы өндірушінің сатып алуларыныңкөбеюіне үлес қосатынына сенімдіміз. Бұл өндіріс көлемін ұлғайтуға, саладағы бәсекелестікті арттыруға сеп болатыны да сөзсіз, — дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова.

Бұған қол жеткізу үшін кәсіпкерлер алдымен электрондық құжаттар алмасудың бірыңғай жүйесіне тіркеліп, «Жеке кабинет» қызметі арқылы аймақтық кәсіпкерлер палатасына өтініш пен құжаттарын тапсыруы қажет. Барлық құжаттар тізімі ұлттық палатаның ресми сайтында «Сертификаттау» – «Индустриалды сертификаттау» сервистері бөлімінде тұр.

Жоспарға сай жақында облыстағы 10 ірі кәсіпорын өнеркәсіптік сертификатты иеленгелі отыр.

«Тәуелсіздік күнінде тігін фабрикамыз ашылады»

Ақтөбеде алғашқы өнеркәсіптік сертификатты иеленген — отандық нарықта15 жылдан бері табысты еңбек етіп келе жатқан «Глобал-Спецодежда» тігін өндіріс кәсіпорны. Арнайы киім үлгілерін тігумен айналысатын компанияның бас директоры Надежда Шабаеваның айтуынша, олардың биылға жоспарлаған арман-мақсаты орасан.

— Компанияның басты және негізгі мақсаты — тапсырыс берушікəсіпорындарға сапалы әрі экологиялық жағынан таза киім тігу. Біздің өндіріс орнымыз Жапония, Қытай, Германия, басқа да дамыған мемлекеттердің заманауи қондырғыларымен жарақтандырылған. Жылына 250 мыңнан астам өнім шығаруға мүмкіндігіміз бар. Ал еңбек ететін жұмысшылардың саны 150 адамнан асады. Оның 30 пайызы — мүгедек жандар. Арасында ата-анасынан айырылған, басқа да осал топтарға жататын қыз-келіншектер бар.

Басшы ретінде өзім әлеуметтік жағынан аз қорғалған азаматтарға мейлінше қолұшын созуға тырысамын. Сол мақсатта Ақтөбе сервиc колледжі мен есту қабілеті нашар балаларға арналған колледж-интернатпен бірлесіп, компанияның өндірістік базасында тәлімгерлік, өндірістік оқыту және кәсіби практика элементтерімен қосарлы оқыту жүргізіледі.

Сонымен бірге, «Еңбек» өнімді жұмыспен қамту бағдарламасы аясында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының қолдауымен «Надежда» оқу-өндірістік кешенін ашқан едік. Онда қалалық жұмыспен қамту орталығы жіберген халықтың осал топтарынан шыққан жұмыссыз әйелдер оқытылып, кәсіпорындағы қызметкерлермен тәжірибе алмасады. Бүгінге дейін 5 топ осындай курсты тәмамдады. Түлектердің 80 пайызы біздің компанияға тұрақты жұмысқа орналастырылды. Одан бөлек, «Үміт» жобасы шеңберіндеауылдық жерлердегі көпбалалы аналар мен жастарды «Тігінші» мамандығы  бойынша оқытсақ, «Meйiрiм» жастардың әлеуметтік бейімдеу орталығындағы тәрбиеленушілерді де осы іске баулимыз. Біздің сондағы ойымыз — өзімізге қабілетті, алғыр мамандарды даярлау, — дейді ол.

БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ! 

Жеңіл өнеркәсіп — халық тұтынатын, көпшілік сұраныстағы заттар. Ең алдымен мата, іш және сырт киімдік трикотаж, аяқ киім, тігін және галантерея бұйымдарын өндіретін салалар мен кәсіпорындар жиынтығы. Жеңіл өнеркәсіптің негізгі салалары — мақта-мата, зығыр, жібек, кендір-кенеп, аяқ киім, былғары және аң терісі бұйымдарын өндіретін салалар.

Дәрігер, кенші, полиция, мұнайшы, өзге де еңбек адамдарының кәсіби формасын тігуге ден қойған кәсіпорын әртүрлі логотиптерді де әзірлейді. Биылдан бастап төсек-орын жабдықтарын дайындауды және қолға алған. Ендігі тілек — тігін фабрикасын ашу.

— Қазіргі таңда фабрикамыздың құрылыс жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күнінде ғимараттың салтанатты ашылуы өтеді деп күтілуде. Бәрі ойдағыдай іске асса, жыл соңында балалар киімдерін шығару жоспарымызда бар. Өйткені кішкентайлардың киім-кешегіне сұраныс қай кезде де көп. Ал бізге ондай заттардың көпшілігі сырттан әкелінеді. Қымбат. Неліктен өз өнімдерімізді шығармасқа деген ой келді. Немереме кезекті рет киім сатып аларда осындай ойдың жетегінде қалып, не болса да, осыны көрейін деп шештім. Отандық, соның ішінде Ақтөбеде жасалған өнімді жерлестер жоғары бағалайды деген үміттемін, — деп сыр шертеді Надежда Шабаева.

Фабриканың ашылғанының арқасында 500 адамның жұмыспен қамтылатынын айтқан кейіпкеріміз алдағы уақытта да өнім көлемін арттыруға мүдделі. Экспортты бір ізге салу да негізгі мұраттардың бірі екен. «Қазіргі таңда Польша елінің өкілдері тауарларымызға қызығушылық танытып отыр. Келіссөз жұмыстары енді басталады. Бұл — шетелдік сауда-саттықтың жайы. Ал еліміздің өзге өңірлерінен арнаулы киімдерімізге тапсырыс беретіндер көп. Біз, әрине, кәсібімізді кеңейтуді мақсат тұтып отырмыз», — дейді Ақтөбеде өнеркәсіптік сертификатты бірінші боп алған кәсіпкер.

P.S. Қазіргі таңда киім-кешек, тұрмысқа қажетті бұйымдар, жалпы көптеген тауарлардың заттаңбасынан «Made in Aqtobe», яғни «Ақтөбеде жасалған» деген жазуды көрсек, анау айтқандай таңданбайтын болдық. Бірден ойға келетіні — енді олардың шетелдік өнімдермен бәсекеге қабілетті бола білуі… Ең бастысы, соның арқасында ақтөбеліктердің жаңа жұмыс орындарымен қамтылып, облыс экономикасының дамуына үлес қосып жатқаны көңілге үлкен үміт сыйлайды.

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button