Мәди АЙЫМБЕТОВ: Түбіңді тану — тарихыңды тану
Белгілі жазушы, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Республикасы Президентінің «Күміс барыс» белгісі бар Алғысын алған қаламгер Мәди Айымбетов облыстық «Ақтөбе» газетінің 95 жылдығы аталып өтіп жатқан тұста редакцияда болып, ең алдымен қаламдас бауырларын мерекемен құттықтады, содан кейін оқырмандар үшін сұхбат берді.
— Негізінде қаламгердің елге келуін, халықпен әрбір кездесуін өзіндік олжа деп білеміз. Бұл сапарыңыздың мақсаты, өзіндік жоспарыңызды бөліссеңіз.
— Әрине, қай сапарға да мақсатсыз шықпайсың. Дегенмен, өзіңе ыстық ел жақтағы қандай да бір шараның тартып тұратыны ақиқат.
Бұл жолы мені Байғанин ауданында 1720-1730 жылдары өмір сүрген Мырза бабамыздың адырындағы бас қосуға шақырды. Тарихтан жеткен деректер әулет-бәйтерегінің жапырағы жайылған Мырза атамыздың сол замандағы жомарт, алды кең, зердесі терең адам болғанын дәлелдейді. Атағы алысқа жайылған осындай тұлғадан тараған ұрпақтары да осал болмаса керек. Сол Мырзаның үлкен ұлы Рысқұлға арналып ұйымдастырылған үлкен жиында елдік пен ерлік, ұрпақтар сабақтастығы, туған жерге сүйіспеншілік тұрғысындағы көп жайлар қозғалды.
Қаламгер ретінде ел менен сөз күтті. Сондықтан оған арнайы дайындалып келдім. Бұл жолда тарихты зерттедім, өзімнің ескі жазбаларымды зерделедім. Сонда байқағаным — осының бәрі біздің рухани жаңғыруымыздың, тарихымызды танудың белгілері, оны былай қойғанда «Ұлы даланың жеті қырымен» сабақтас жайлар екен. Өзімнің халық алдында жасаған баяндамамды да осы тұрғыдан өрбіттім.
Өзіме таныс, таныс емес көптеген азаматтармен жүздестім. Аталған жиынға республикамыздың түкпір-түкпірінен, Ресей жерінен — Орынбордан, Астраханьнан, тіпті Перьмнен де келді.
Мырза адырының ең көрнекті жеріне биік тас белгі орнаттық. Бұл — жиылған елге бағзы заманның ескерткіші, кешегі күннің аманаты іспетті әсер қалдырды.
Осы жүздесуден өз басым рухани түлеп, жаным жаңғырып қайттым. Жаңа ойлар өрістеді.
— Өзіңізбен әдебиетке қатар келген тұстасыңыз, белгілі жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың осыдан екі-үш жыл бұрын «Мәди әлемі» деген жылы жазылған мақаласын оқығанымыз бар. Сонда «Мәди Айымбетовтің өз балалық шағын суреттеген бір тамаша хикаяты бар. «Ол дәурен – бір көрген түс» деп аталады. Оған тақырыбына қосымша «Автобиографиялық фрескалар» деген анықтама беріпті. Тоғыз тарау-фреска құраған осы хикаятты автор өмірімен тығыз байланысы бар «өркеш-өркеш ақ шағыл құмның керуенімен жарысып ағатын кішкене өзен Сағыз бойындағы жиырма-отыз түтін шағын ауыл» тіршілігінің елестері, шабындық жақтағы «ұшарынан жел суылдаған зәулім теректер» жапырақтарының сыбдыры туғызған сағыныш толқындары дүниеге әкелген екен» деген жолдар бар.
Сіз өз аузыңыздан туып-өскен жеріңізді оқырмандарымызға анықтап айтып беріңізші.
— Бұл сауалыңның түп-төркінін түсіндім. Егер құжатқа сүйенсек, мен Торғай облысының Аманкелді ауданы Аманкелді ауылында 1946 жылы дүниеге келгенмін. Одан кейін 1972 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіргеннен кейін Алматыда біраз жыл тұрдым. Қазіргі тұрағым — Нұр-Сұлтанда.
Осындай тұрақты қоныстануларыма қарамастан мен үшін ең ыстық жер — ата-бабам мекені Байғанин ауданы. Оның ішінде қазіргі Алтай батыр ауылы маңы, бұрын №10 ауыл аталған ғой. Шұқырши деп аталады. Шынын айтсам, іздеп келетін жерім де, табан тірейтін мекенім де осы.
Менің әкем Айтбенбет қызмет бабымен Қостанай, Торғай өңірінде 1939-1949 жылдары қызмет еткен. Қазір сол мен айтқан Шұқыршиде мәңгілік тыныстап жатыр. Елге жиі келуімнің де мәнін енді ұққан шығарсың.
Менің «Шілденің күні», «Ертегіден келген бала», «Ол дәурен бір көрген түс», «Құмөзек хикаялары», «Көгілдір соқпақ» секілді көптеген туындыларымның кейіпкерлері де көпшілікке таныс, осы өңірдің адамдары.
Менің балалық шағым Жем-Сағыз өңірінде өтті. Жарқамыс орта мектебінде оқыдым, тіпті «Алтай» кеңшарында жұмыс та істедім.
— Енді университет бітіргеннен кейінгі еңбек жолыңыз туралы қысқаша айтып берсеңіз.
— Біраз жыл баспасөз саласында қызмет атқардым. Оның ішінде «Қазақстан пионері» газеті, «Пионер» журналы, «Қазақстан коммунисі» журналы бар. Баспа ісі, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі Мемлекеттік комитетте,одан беріректегі қызметім ҚР Жоғарғы Кеңесі, Парламент Сенаты аппараттарында жалғасты. Олардың барлығы да аударма, лингвистикалық талдау, редакциялық-баспа саласына байланысты.
Қазір де еңбек етудемін. Бір жағынан шығармашылықтан да қол үзуге болмайды, қалам суып қалмауы тиіс.
— Оқырмандарыңыз сіздің не жазып жүргеніңізді білгісі келетін болар.
— Бүгінгі оқырманның деңгейі өзгерді. Бұрынғыдай үлкен-үлкен романдарды оқып отыратын уақыт жоқ оларда. Соны ескеріп кейінгі кезде «Тіршілік миниатюралары» деген эссе жазып жүрмін. Көлемі шағын, бір демде оқып тастауға болады. Табиғат, қоғам, адам туралы ойларым осы туындымда жинақталады. Күнделікті көріністерді көбірек қамтуға тырысамын.
Ал біраздан бері мазалап жүрген бір тақырыбым — Бопай ханымға байланысты. Ол туралы Әбіш Кекілбаевтың романында суреттелген жері бар. Ал тұтас тұлғасы әлі күнге дейін әдебиетімізде көрінбей келеді. Әзірге деректер жинап жүрмін. Бопай ханым Әбілқайыр сынды ұлы тұлғаның өмірлік серігі ғана емес, сонымен бірге өзіндік орны бар саясаткер де. Сондықтан оның есімі келер ұрпаққа толыққанды күйінде жетуі керек деп ойлаймын.
Сұхбаттасқан Нұрмұханбет ДИЯРОВ.