Басты жаңалықтар

Баспанаға аса мұқтаж 45 отбасы жалдамалы пәтерге ие болды

Ақтөбе облысында осы санаттағы отбасыларға көмектесудің нақты тетіктері жасалып, жұмыс істей бастады

 «Қолғанат-Ақтөбе» 37 отбасының алғашқы жарнасын төлеп берді

 Бейсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен халықтың аса мұқтаж тобын баспанамен қамтамасыз ету мәселелері бойынша жиын өтті. Ақтөбе қаласы Алматы ауданы әкімдігінде өткен жиынға қала әкімі Ілияс Испанов, «Қолғанат-Ақтөбе» қоғамдық қорының басшысы төрайымы Алтынай Мұханова, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» өкілдері, кәсіпкерлер мен көпбалалы, баспанаға аса мұқтаж отбасылар қатысты.

Алдымен сөз алған шаһар басшысы қала бойынша бүгінгі таңға дейін атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Айтуынша, осы жылдың басынан бері халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобын тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін арнайы құрылған жұмыс тобы  6 мыңнан астам адамды түрлі сұрақтар бойынша қабылдап, тек Ақтөбе қаласында азаматтардың баспана беру туралы 170 өтінішін қараған. 97 өтініш оң шешімін тапты. Нәтижесінде 45 отбасы сатып алу құқығымен жалдамалы пәтерлерге ие болды. Қалған өтініштер бойынша қазіргі таңда келісімшарттар жасалып жатыр.

Бүгінгі күні Ақтөбе қаласы бойынша 23 548 азамат пәтер кезегінде тұр. Атап айтар болсақ, ата-ана қамқорлығынсыз қалған 1680, мемлекеттік қызметте, бюджеттік салада жұмыс жасайтын 10 218, үйлері апатты жағдайда тұрған 61, көпбалалы 1518 отбасы пәтерге мұқтаж. Өздеріңіз білетіндей, «Нұр Ақтөбе» ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша мыңдаған тұрғын үй салынып, қолданысқа берілді. Аталған бағдарламаға қатысу үшін азаматтардың бастапқы жарнасы мен банктен төлем қабілетін растайтын құжаты болуы тиіс. Дегенмен, аталған құжаттар бізге келіп, өз мұң-мұқтажын айтқан отбасылардың барлығында жоқ. Сондықтан, толық емес, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларға «Қолғанат-Ақтөбе» қоғамдық қоры арқылы пәтер алуларына мүмкіндік жасалды, — деді қала әкімі Ілияс Испанов.

Мәселен, биыл тек «Қолғанат-Ақтөбе» қоғамдық қорының өзі 37 отбасының «Бақытты отбасы» әлеуметтік тұрғын үй ипотекалық бағдарламасы бойынша алған баспаналарының бастапқы жарнасын төлеп берді. Аталмыш қордың өкілі Алтынай Мұханованың айтуынша, бұл мақсатқа жалпы сомасы 22,7 млн теңге бөлінген. Қаражатты кәсіпкерлер берген.

— «Қолғанат-Ақтөбе» қоғамдық қоры 2017 жылдың қаңтар айында төтенше жағдайлар кезінде халыққа қол ұшын созу, сондай-ақ дарынды балалардың оқуына жағдай жасау мақсатында құрылған болатын. Сол жылдың сәуір айында біздің өңірде су тасқыны болып, бірнеше отбасы материалдық тұрғыда зардап шекті. Сол кезде қорға  жалпы сомасы 273 миллион теңгеден астам қаражат келіп түсті. Ол қаржы жүздеген отбасының баспаналарын қалпына келтіріп, жаңа үй салу  мақсатында жұмсалды. Қоғамдық қордың бюджеті өңірдегі қайырымды, жомарт жандар арқылы толығып отырады. Мәселен, биыл өңірге белгілі кәсіпкер Марал Итеғұлов қорға 20 миллион теңге көлемінде қаражат аударса, «Берекет» ЖШС

3 миллион теңге ақша аударды. Оның нәтижесінде біз бүгінгі таңда 30-дан астам баспанаға аса мұқтаж отбасылардың үйлі болуыларына өз үлесімізді қостық. Қорда арнайы комиссия жұмыс жасайды. Жұмыс әкімдікпен бірлескен түрде жүргізіледі. Ақшаға шын мұқтаж деген отбасыларды толықтай зерттеген соң ғана көмек беріледі. Өйткені, ақшаға шын мұқтаж азаматтар бар да, оңай олжалы болғысы келетін адамдар бар, — деді Алтынай Мұханова.

Он балалы отбасының қуанышы

«Қолғанат-Ақтөбе» қоғамдық қорынан өзге, өңірдегі ірі компаниялар мен кәсіпкерлердің демеушілігінің арқасында бүгінгі таңға дейін қала бойынша 7 пәтер берілген. Сегізінші пәтерді жуырда 10 баланың әкесі Қонысбай Хамзинге «Центр Групп» құрылыс компаниясы табыстамақшы.

— Бұл отбасы бұған дейін аядай бөлмені паналап келген. Балаларының алды 17-де болса, ең кішкентайы 1 жаста. Қазір отбасы 11-ші перзенттерін күтіп отыр. Компания көп бала өсіріп отырған отбасын қолдап, 4 бөлмелі пәтер сыйлауды жөн деп тапты, — дейді «Центр Групп» ЖШС директоры Мұрат Балғазин.

2 пайыздық несие кімге тиесілі?

Жиын барысында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» арнайы келген өкіл жуырда іске қосылатын «Бақытты отбасы» бағдарламасы туралы мәлімет беріп, оның басты талаптарын айтты.

«Бақытты отбасы» — көпбалалы, толық емес, жалғысбасты, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға арналған бағдарлама. Бұл бағдарламаның басты талаптары – несие алушы кем дегенде соңғы 6 ай уақыт жұмыс істеуі тиіс, үй құнының алғашқы он пайызын жинауы керек, сол кезде 2 пайызбен 19 жылға несие беріледі.

Бұдан соң кездесуде сөз алған өңір басшысы Оңдасын Оразалин облыс аумағында атқарылып жатқан істерге тоқталып, кез келген мәселенің шешілу жолдары болатындығын жеткізді.

— Баспанасыз жүру — өмірдегі ең қиын жағдай екенін жақсы білеміз. Дегенмен, барлығы заңды түрде шешілуі тиіс. Әрине, өкпе-реніште, ыза да, шыдамсыздық та болады. Барлық мәселе бір күнде шешілмейді, бірақ тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр және біз ең алдымен аса мұқтаж жандарды баспанамен қамтамасыз ету үшін барлық мүмкіндікті жасаймыз. Оған уақыт пен шыдам керек. Бүгінгі таңда қала бойынша  23 мыңнан астам адам пәтер кезегінде тұрса, облыс бойынша 30 мың адам тұр. Ал облыс бойынша жер кезегінде тұрғандар саны — 170 мың адам. Биыл 1 миллион шаршы метр үй тапсырамыз деп отырмыз. Бұл кемінде 8700 пәтер деген сөз.  Оның ішінде кейбірін тұрғындардың өздері сатып алса, кейбірі мемлекет арқылы түрлі категориялар бойынша берілетін болады.

Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету біздің жұмысымызда басымдық болып табылады. Биыл біздің облыста «Бақытты отбасы» бағдарламасымен көпбалалы және толық емес, сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар үшін бірнеше пәтер пайдалануға беріледі, — деді облыс әкімі.

Бұдан соң өңір басшысы облыста қайырымдылықты дамытуға өз үлесін қосып жүрген кәсіпкерлерге алғыс білдіріп, кәсіпкер Болат Итеғұловқа «Ақтөбе қаласының 150 жылдығы» медалін тапсырды. Кәсіпкер Шахан Жолдасбаев та әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытып, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спортты дәріптегені үшін осы медальмен марапатталды.

Жиын аяқталған соң, облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен қала әкімі Ілияс Испанов халықтың аса мұқтаж тобына беріліп жатқан тұрғын үйлерге барып, отбасылардың тұрмыс жағдайымен танысты.

Әкімдер алдымен мүмкіндігі шектеулі баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ГауҺар Әбдіразақованың үйінде болды. ГауҺардың баспаналы болуына алғашқы жарнаны «Қолғанат-Ақтөбе» қоғамдық қоры берген.

— Бұрыннан өзімнің үйім, ас бөлмем, жеке жуынатын бөлмем болса деп армандаған едім. Сол арманым орындалды. Бастапқы 6 жыл 20 мыңнан төлеймін, кейін үй өз атыма аударылған соң 9 жыл «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы

2 пайыздық несие ретінде төлейтін боламын. Бұл біз секілді азаматтар үшін өте тиімді. Біреудің пәтерінде тұрып, ақшаңды бекер шашқанша, өзіңнің болашағың үшін жинайсың. Банкке бірінші айдың ақшасын төледім. Жанайқайымды естіген облыс басшылығына, қала әкімдігіне алғысым шексіз. Мен секілді баспаналы болғысы келетін аналардан алдымен сабырлы болуларын сұраймын. Өйткені, сабырсыздық ешкімге жақсылық әкелмейді, — дейді ГауҺар.

Ал үйіне әкімдер арнайы барған ГауҺардың көршісі Таланды Серікбаева 2 баланы жалғыз өзі өсіріп отыр. Бұған дейін жатақхананың қуықтай бөлмесін паналап келген ананың қуанышында шек жоқ.

  • Денсаулығыма байланысты тұрақты түрде жасап жатқан жұмысым жоқ. Денсаулығым қалыпты болған кезде мейрамханаларға ыдыс жууға шығып тұрамын. 2008 жылдан бері үй кезегінде тұрдым. Өтінішімді жерде қалдырмай, елеп-ескерген әкімдікке алғысым шескіз, — дейді Таланды Серікбаева.

 Мемлекет көмегіне мұқтаж әрбір отбасы назардан тыс қалмайды

Жалғызбасты аналардың үйіне барып, жағдайымен танысқан өңір басшысы көпбалалы аналардың мәселесі әрі қарай да шешілетін болатынын атап өтті.

— Мемлекет көмегіне мұқтаж отбасының бірде-бірі назардан тыс қалмайды. Келіп түскен барлық ұсыныстар мен өтініштер, арыз-шағымдар қатаң бақылауда болады. Мейлінше әрбір мұқтаж отбасыға көмек көрсетіледі,- деді Оңдасын Оразалин.

Сонымен жергілікті билік баспанаға аса мұқтаж отбасыларға көмектесудің нақты тетігін жасап, соны жүзеге асыра бастады.

Ол несімен тиімді?

Біріншіден, ол отбасыларға  алғашқы жарнаны төлеуге мемлекет көмектесіп отыр. Бұл тиынын құрай алмай жүргендер үшін көп көмек.

Екіншіден, олар енді тапқан табысын пәтер иесіне емес, өзінің үйі үшін құяды.

Үшіншіден, бүгін бір отбасыға пәтер алуға көмектескен кәсіпкер ертең өзі секілді тағы бір қаржы иесінің көңіліне ой салады. Ал, қалталы азаматтардың қайырымдылығы мұқтаж отбасылар санын тағы да азайта түседі.

Айта кету керек, биылғы жылы Ақтөбе облысының орталығында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Елбасының халықтың әл-ауқатын көтеру туралы тапсырмасына сәйкес, биыл облыстааз қамтылған отбасыларға берілетін біржолғы әлеуметтік көмек көлемі 70 мыңнан 140 мың теңгеге дейін өсті. Ал мектепке дейінгі мекемелерде аз қамтылған отбасылардың балалары үшін тамақтану көлемі 70 пайызға төмендеді. Аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылардың 100 пайызы тегін ыстық тамақпен қамтылатын болады. Халықтың әлеуметтік осал тобынан 3 мың азамат кәсіби оқытуға жіберіледі.Осы топтағы 5 мың адам тұрақты жұмыс орнына орналастырылады. Әлеуметтік салаға кететін жыл сайынғы шығынның облыс бюджетінің кемінде 50 пайызын құрайтынына қарамастан, жоғарыда аталған шараларды жүзеге асыруға кемінде 1 млрд теңге бөлінеді.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button