Жаңалықтар

Биіктіктің бағасы

Толқынды толқын қуады. Ұрпақтың алмасуы да солай. Әр уақыттың өзіне лайық тұлғалары болады. Солар өз айналасының тіршілік ахуалын түзеп отырады. Ілгері қарай бағыт береді, арттағы буынға ақыл-кеңесін айтады. Елдегі сондай азаматтардың бірі, бүгінде жетпіс деген жеті қырдың биігіне қол созған Дәулетияр Әспенов туралы замандастары қай кезде де жақсы пікірлерін жария етіп отырады.

Оның да өзіндік себебі бар. Кішкентайынан еңбекке ұмтылып, қатарының алдыңғы легінен көрінуді мұрат тұтқан оның өмір мектебінен өн бойына жинаған өнеге үлгілері аз емес. Әдетте, бала ең алдымен әкеге қарап өседі. Ұлы Отан соғысына қатысып, ел қорғаған Сыражаддин сынды майдангердің отбасындағы тәлім-тәрбие оның алдағы жолын айқын сызып бергендей де болған шығар, сірә.

Елге жеңістің жылы лебін алып келген жауынгер бірден жауапты жұмыстар тізгінін ұстайды. Сол уақытта Бершүгір аумағында көмір өндіру ісі қолға алынған еді. Өндірісте жұмыс істеушілерді азық-түлікпен қамту, басқа да қажеттіліктерін жеткізу маңызды шаруа болатын. Осы міндетті орындау қамымен күні-түні жүретін әкенің отбасына қарауға да, бала тәрбиесіне де мүмкіндігі табылып жатқандай еді.

Содан да болар, Дәулетияр бала кезінен әкенің оң жағынан табылуға дағдыланған. Ол 1964 жылы Бершүгір сегіз жылдық мектебін үздік бітіріп, жазғы каникулында сол ауылдағы Алабас қиыршық тас зауытында тас ұнтақтау машинисінің көмекшісі, шебін таситын машиналардың жұмыс аумағын санайтын есепші болып еңбекке кірісіп кетеді. Одан кейін оқуын Шалқар қаласындағы №1 орта мектепте жалғастырады. Орта білімді жас жігіт тағы да еңбекте шыңдала түсуді дұрыс көреді. Сондықтан аудандағы жол құрылысы мекемесіне жұмысқа кіреді. Сол тұста Шалқар-Бозой бағытындағы көтерме жолдың алғашқы жұмыстары қолға алынған еді. Қойшыбай Есенқұлов, Өтеген Қарамергенов, Қарынбай Қайбалдин, Сәндібай Іскендіров секілді ел басқарған, беделі биік ағалардың жанында жүріп, сол кісілердің сабағын алғанын әлі күнге дейін мақтанышпен еске алады.

Өндірісте шыңдалған жас жігіт заман талабына сай жоғары білім алуды да жадынан шығарған жоқ. Орал қаласындағы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын экономика және ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастырушы агроном-экономист мамандығы бойынша бітіріп келіп, Шалқар аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының экономика  және бюджеттік жоспарлау бөлімінде аға экономист болып қызметке кіріседі.

Сол кездегі басқарма басшысы Задагерей Мұстафин, оның орынбасары Фахад Беркімбаев, экономика және жоспарлау бөлімінің басшысы Мұстай Өтемұратов, қаржы бөлімінің бастығы Құдайберген Төлетов сынды ағалардың тәлім-тәрбиесімен есеп ісінің құпияларын практикада меңгере түседі.

«Экономика және жоспарлау бөлімінің жұмысы өте көп болды, аудандағы сегіз шаруашылықтан ақпараттар алып, қорытындысын Ақтөбеге жіберетінбіз, жоғарыдан келген мәліметтерді кеңшарларға таратамыз», — дейді ол жас маман кезін еске алып.

Бүгінде өзі де ел ағасы болған Дәукең жас кезіндегі жақсы әңгімелерді қызықты етіп айтып отырады. Қынулы жас жігіт кезінде өзі тұстас Марал Мұңайтпасовпен бірге қол басаған аз-кем сәтте кабинеттегі Жүгініс Төлегеновтің айтқандарына құлақ түреді. Сонда ол кісі «Қарақтарым, заман бұлай болып тұрмайды, өзгереді, осы істеп отырған қағаздарың ертеңгі күні босқа қалады. Қоғам өзгереді, орысқа жалтақтауды қойып, қазақтар өзімен-өзі бөлек мемлекет болады», — дейді екен. Жетпісінші жылдардың бас кезінде мұндай әңгіме ақылдарына сыймайтын екі жас жігіт төмен қарап күледі де қояды. Ал Дәукең қазір «Сол кісі әулие екен ғой, ақыры айтқаны келді» деп мойындайды.

Осыған ұқсас тағы бір жайтты айтпай кетуге болмайды. Алпысыншы жылдардың орта тұсында Шалқар қаласындағы қазіргі Әйтеке би көшесіндегі пошта ғимаратынан бастап асфальт төселе бастайды. Сол уақытта он алты жастағы Дәулетияр осы жаңалықты қуанып  жүріп грек-рим   күресінің спорт шебері, өзінің бапкері Владимир Цехановичке жеткізгенде ол шәкіртіне: «Дәулетияр, енді он жылдан кейін сен үлкен бастық боласың! Сол кезде спорт мектебінің құрылысына қаржы бөлесің!» деп сәуегейлік танытқандай болған екен.

Ұстаздың айтқаны аумай келді. Шәкірті араға жылдар салып аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудандық жоспарлау комиссиясының төрағасы болды. Сол тұстарда ауданның даму жоспарына спорт мектебін кіргізе бастайды. Ал одан кейін аудандық экономика және  бюджеттік  жоспарлау  бөлімі тізгінін қолға ұстаған кезде де осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіре түседі. Үш жылдық жоспарға сәйкес қаржы бөлініп, ауданда бірер жыл аумағында спорт кешені пайдалануға беріледі.

«Ақтоғай» кеңшарында бас экономист болған жылдарында шаруашылықтың «Еңбекақы туралы ережесін» қайта  өзгертуге қол жеткізді. Өйткені, Мұғалжар тауына жақын орналасқан мекеннің қысы қатты болып, мал алты ай қыста қолға қарап қалатын. Оның үстіне бұл аймақтың топырақ қыртысы да сазды, жерді жыртқанда ауылшаруашылық техникасына күш түседі. Осының бәрін экономикалық тұрғыдан дәлелдеп, бағалау нормасы тарифін жетілдіріп, механизаторлар мен малшылардың еңбекақыларын көбейтуге қол жеткізілді. Азға қанағат, барға мәзір болып үйренген еңбек адамдары бұл жаңалыққа мәз болып, Дәулетиярға ырзашылық сезімдерін білдірумен болды.

Бұл аудан көлеміндегі үлкен жаңалық еді. Сондықтан басқа шаруашылықтарға да үлгі есебінде ұсынылды. Ал аудан басшылығы білікті маманның еңбегін ескеріп, жоғары қызметке ұсынды.

Дәулетияр Сыражаддинұлы 1986-1996 жылдары Ақтөбе теміржол бөлімшесіне  қатысты  Шалқар белгі  беру, байланыс және компьютерлік технологиялар мекемесінде бас  бухгалтер қызметін атқарды. Ұжымды тәжірибелі теміржолшы Шәймерден Мәуметов басқарды. Мекеме Ақтөбе  жол  басқармасында алдыңғы қатарда болды. Таза пайдадан түскен қаржы  мекемені  өркендетуге, құрал-жабдықтар алуға, жұмысшы-қызметкерлерге сыйлықтар, он үшінші айлық беруге жұмсалды. Балабақшаларға, мектептерге демеушілік жасалды. Сол жылдары өзге де табыс көздерін табуға, қосымша шаруашылық ашуға рұқсат етілді. Осыған байланысты мекемеде балық аулайтын бригада ұйымдастырылды, арнайы дүкен ашылып, түскен қаржыға теміржол жабдықтау мекемесінен жұмысшыларды қажетті нан, қант, ұн сияқты  азық-түлікпен қамтамасыз ету ұйымдастырылды. Тері илейтін, тон тігетін цех ашылды. Жұмысшыларға тұрғын үйлер салынды. Алғашқылардың қатарында компьютер, телефакс техникалары алынды.

Сол тұста Дәулетияр Сыражаддинұлы мекеме басшысына халықтан мал жинап, қосалқы шаруашылық ашуды ұсынды. Облыс басшыларының қолдауымен қосымша қаражат бөлініп, жер алынды, қоралар салынды. Сөйтіп, «Жомарт» кеңшары құрылды, директор болып ауыл шаруашылығының білгірі Бисембі Көмекбаев тағайындалды.

Жаңа ғасырдың басында ауданда ауыл шаруашылығы бөліміне шаруа  қожалықтарының басын біріктіріп, мал шаурашылығын қайтадан жандандыруға ұйытқы болуы міндеті қойылды. Соған байланысты шаруаларды үйлестіру Дәулетияр Әспеновке жүктелді. Шаруа қожалықтарының жетекшілері үшін несие алуға қажетті бизнес жоспар жасау қиын мәселе еді. Дәукең облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен келісіп, төрт түлік  малға бизнес жоспарды қазақша  жасауды  ұсынды. Үлгілерін алды. Көп ұзамай аудандағы 6 шаруа  қожалығы  9 миллион алты жүз мың теңге несие  алды.

«Әділханит» шаруа қожалығының негізінде асылтұқымды жылқы зауыты, «Азамат» шаруа қожалығы ауқымында асылтұқымды түйе зауыты құрылды. Ауданда  ауыл шаруашылығы  жандана  бастады,  мал көбейді.

Дәулетияр Сыражаддинұлы зейнеткерлік демалысқа шыққан соң «Шалқар ауданының қоғамдық қорының» директоры болды,  2016 жылдан облыс әкімінің Шалқар ауданы бойынша қоғамдық көмекшісі болып жұмыс істеуде. Шалқар ауданының құрметті азаматы атағына ие болуын үлкен мәртебе, еңбегіне берілген қомақты баға деп есептейді.

Дәукең өмірлік серігі Роза апаймен бірге өнегелі ұрпақ өсірді, қазір немерелер күлкісінен қуат алып, ұрпағының қызығын көруде.

…Кім-кімнің де өмірінде өзгеше бір жайлар болатыны анық. Кейде соған мән бермей қалатынымыз бар. Мәселен, өткен ғасырдың сонау елуінші жылдарының орта тұсында ауыл ақсақалдарына әңгіме айтқызып, оны мұқият тыңдап, ара-арасында әлдебір деректерді алдындағы қағазына түртіп алып отыратын Ілияс Есенберлиннің тізесіне бес-алты жасар бала Дәулетиярдың сүйеніп жатып, әбден шаршаған кезінде ұйықтап та қалатынына қазір кімді сендіре аласыз?!

Бұл жай көзкөргендердің аузымен баяндалып, бүгінгі күнге былайша жеткен-ді. Соны қайталап айтып көрелік.

Қазақтың көрнекті жазушысы соғыстан кейінгі тұста «халық жауының» қызына үйленгендіктен қудаланып, орталықтан аластатылып, кен қазу жұмыстарына жіберіледі. Сондай ретпен 1954-1955 жылдары Шалқар ауданындағы Бершүгір шахтасының бастығы қызметін атқарады. Ол жұмыстан бос уақытында үлкендерді жинап алып, бұрынғының әңгімелерін тыңдап, ауылдың белгілі өнерлі адамдарына ел ішінде кеңінен тараған «Қарасай-Қази», «Едіге» жырларын айтқызып отырады дейді. Сонда шахтадағы сауда қызметін басқаратын майдангер әкесі Сыражаддиннің соңынан қалмайтын Дәулетияр жүзі мейірімді Ілияс ағаның қасынан табылады екен ылғи да. Отбасынан алшақтап, көңілі жарым болып жүрген жаны нәзік ғұлама адам да бала ниетін сезіп, бауырына тартып отыратын болса керек.

— Кейін есейген кезімде жазушының шығармаларын ерекше сүйіспеншілікпен оқитын болдым. Ол кісіні өмір бойы өзіме жақын адамдай сезініп кеттім, — деп сыр ашады бүгінде ата жасына жеткен Дәукең.

Иә, ел азаматы Дәулетияр Әспенов қай кезде де ілгерінің үлгісін алдына бағдар етіп ұстаған, сол арқылы осындай биіктерге жеткен жан.

  Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button