Ақтөбе — 95Тарих

«Социалистік жол»: ақ тарының атасы туралы

«Шөп шыққан жерге егін де шығады».  

                                                                                                                                               Шығанақ Берсиев.

Осыдан тура 75 жыл бұрын…

Бүгінде көп кемшілігі ақтарылған кеңестік заманның бір ұнамды жағы болса, ол—еңбекті дәріптеуі, осы саланың майталмандарын айрықша құрметтеуі болар деп ойлаймын. Осыдан тура 75 жыл бұрын, 1944 жылдың 28 мамырында атақты тарышы Шығанақ Берсиев дүниеден озды.

Осымен байланысты «Социалистік жол» газетінің  30 мамыр күнгі номері түгелге жуық ұлы диқанның қазасына арналды. Газеттің бірінші бетінің аншлагына мынадай хабар берілді: «Еңбекшілер депутаттарының Ақтөбе облыстық кеңес атқару комитеті мен Қазақстан  К(б) П облыстық комитетінен.

Еңбекшілер депутаттарының Ақтөбе облыстық кеңес атқару комитеті  мен Қазақстан  К(б)  П облыстық комитеті 28 майға қараған түні сағат  бірде ұзақ аурудан кейін, «Құрман» колхозында еліміздің атақты тарышысы, большевиктік партияның сенімді  ұлы, ауыл шаруашылығындағы социалистік еңбектің таңдаулы новаторларының бірі Шығанақ Берсиевтің  қайтыс болғанын қатты қайғырып хабарлайды.

Берсиев жолдастың қайтыс болуымен байланысты облысымыз социалистік егіс даласында мол өнім алу жолында қажырлы еңбек сіңірген қайраткерлердің бірінен айрылды.

Берсиев жолдас өзінің туған жері Ойыл ауданындағы «Құрман» колхозында қабірге қойылады» (Социалистік жол», №106, 30 мамыр 1944 жыл).

Газет жариялаған бұл ресми хабардан байқалатын бір ерекшелік — формальды болса да, бұл шақта кеңестік атқару комитетінің партиялық биліктен бұрын аталып келгені, мұнан кейінгі жылдарда мұндай ресми қаулы-қарарларда партия бірінші айтылады.  Тағы бір бөлекшелік — еңбек адамының қазанамасының партия көсемдері, мемлекет басшылары сынды бірінші бетке берілуі. Сондай-ақ қазанаманың ресмилендірілмей, ерекше стильде жазылуы да назар аудартады. Мысалы, үлкен көлемде берілген қазанама: «28 майда ұзақ уақыт ауырғаннан кейін, Ойыл ауданындағы «Құрман» колхозының звеновойы, Қазақстан коммунист ( большевиктер) партиясының мүшесі Шығанақ Берсиев қайтыс болды.

Ауыл шаруашылығына жаңалық енгізген, көрнекті қайраткер, тарыдан жоғары өнім алған атақты мастер Берсиев жолдастың атағы бүкіл кеңес халқына мәлім.

Ойылдың жері бұрын құнарсыз деп саналушы еді. Қарт Шығанақ бұған келісе алған жоқ. Еңбекте талмайтын ол шөп шыққан жерден мол астық алуға болатынына берік сенді. Берсиев жолдас егіннен мол өнім алудың жолын талмай іздеді және оны тапты. Ол бірнеше жылдар бойына  Ойыл даласының  қатал ауа райына  төзімді тарының  сортын өсіруге еңбек етті. Оның еңбегі табысты болды. Ол қазір  Берсиев тарысы деп аталатын мол өнім беретін, құрғақшылыққа шыдамды ақ тарыны шығарды» деп басталады. Бұдан әрі диқанның алдыңғы қатарлы ғылымды  колхоздың тәжірибесімен ұштастыра отырып, 1940 жылы әр гектардан бұрын болып көрмеген 125 центнер, келесі жылы 165 центнер, одан соңғы жылы 175 центнер, ал 1943 жылы 204 центнер тары алғанын айтады. Осылайша қазанамада диқаншы жасаған рекордтар тізбегі баяндала келіп, оның жер кәсібіне жаңалық енгізуші ретіндегі қайраткерлігі сараланады. Облыстың сол тұстағы бірінші басшысы Тайбеков бастап, 16 адамның қолы қойылған қазанамада әдеттегідей туған жылы, жері туралы өмірбаяндық деректер жоқ.

Сірә, мұның реті газеттің тап осы бірінші бетінен басталып, соңы екінші бетке жалғасқан «Мен тарыдан қалай рекордтық өнім алдым — Ойыл ауданындағы «Құрман» колхозының звеновойы Шығанақ Берсиевтің әңгімесінен» деп аталған көлемді мақаланың жариялануымен байланысты болар. А. Земцов есімді журналистің жазып алуымен, 1944 жылдың 20 сәуірінде «Правда» газетінде  жарияланған бұл мақаланы облыстық газет көшіріп басқан. Осында ұлы диқан өзіне қатысты бірсыпыра деректерді келтіреді. Диқан әңгімесінің басында: Біздің«Ащы Ойыл» қазақтың кең даласының Ұлы үстірт деп аталатын жерінде. Бұл жерден майданға бару үшін көп күндер атпен шауып, ұшқыр пойыздармен жүру керек. Километрді санасаң — соғыс қашықта сияқты, ал өзіңе көз жіберсең — соғыс тап осы жерде, қарт Шығанақ сенің жүрегіңде, ойыңда, көңіліңде сияқты, айналаға көз салсаң соғыс сенің ауылыңда, сенің еңбегіңде, барлық қазақ елінің еңбегінде сияқты. Біздің күшті, алып жігіттер қайда? Немістермен шайқасып жүр. Сенің ұлдарың қайда, Шығанақ? Мақмут — офицер, Жанша — офицер, Айыт — офицер, тек ең кішісі — Жүсіп қана жай әскер, ал Сталинград түбіндегі ұрыстарда оның да даңқы шықты.

Соғыс колхозды «Ащы Ойылдан» жұмысты жақсы істеп, майданға ауылшаруашылық өнімін көп беруді талап етті. Біз солай істеп отырмыз. Ақыл-ойды, қолдың өнерін, еңбекті саған арнаймыз, Отаным!» деп толғанады. Звено мүшелерінің еңбегі туралы айтқанда, әйелдердің қосып отырған үлесіне ерекше баға береді. «Ғасырлар бойғы әдет-ғұрып қазақ әйелдеріне ердің ісін істеуге ерік бермейтін. Қазір Отан соғысы күндерінде, бұл ғұрып біржолата жойылды, әйелдер ерлердің ісін қолға алды» деп, звеносындағы Жайке Есенғалиеваның, Ақбала Берсиеваның, Жансұлу Жұмағазиеваның еңбектерін айрықша атайды.

Үздік тәжірибе

Біздіңше, ұлы диқанның осы әңгімесінде келтірген еңбек дағдысы, тары дақылын өсірудегі өмірлік іс-тәжірибесі қазірде де маңызды. «Тары топырақтың жылы болуын сүйеді. Дәнді суық, жылынбаған топыраққа ексең егін шықпайды»,—дейді ол. Сосын: «Біз жердің топырағы жылынғанда, ат селькасымен  қатарлама әдіспен тұқым септік. Төрт гектар жерге тұқымды айқыш-ұйқыш әдіспен септік. Тұқым себуді 25 апрельден бастап 8 күнде аяқтадық. Біздің өлкемізде кез келген дән шыға бермейді. Олардың көбі қатал ауа райына шыдай алмайды. Сондықтан мен бірнеше жыл бойына құрғақшылыққа шыдамды әрі өнімді  мол беретін, жел соқса төгілмейтін және суармалы жерге егуге болатын астықтың жергілікті жақсы сортын табуға айрықша көңіл бөлдім. Осы айтылған талаптарға сай келетін астықтың түрін таптым. Ол «Ойылдың ақ тарысы» деп аталатын жергілікті тары. Сорт біркелкі емес еді, оның ішінде ақ дән де, сары дән де болды. Астықтың масағы да түрлі болды. Менің байқауым ақ тарының масақтарынан өнімнің көп болатынын көрсетті. Мен сондай масақтарды іріктей бастадым, дәннің бәрін бірдей ала бергенім жоқ. Піскен, ең ірі дәндерді алдым. Сөйтіп, қолмен іріктеп мен тамаша тұқым дайындадым. Оны егіп өсірдім, қазір менің есіміммен «Берсиев тарысы» сорты Ақтөбе облысының көп колхоздарының егіс даласында және Қазақстанның басқа облыстарының көп аудандарында қолданылып жүр.

Өткен жылы біз тұқымды тағы да қолмен іріктедік. Бұл қиын, ерінбей-жалықпай істеуді керек қылатын жұмыс және сол еңбек  бізге осындай мол өнім алуға мүмкіндік береді. Егер әдетте жай дәннің бір мыңының салмағы 5 грамм болса, біз әрбір мың дәні 7-8 грамм болатын дәндерді тұқымға іріктеп алдық. Бұл өскелең және ең төзімді дән. Себілгеніне он күн толғанда-ақ ол тегіс көктеп шықты. Тұқымды дәрілеп, әрбір гектарға 22 килограмм есебінен септік, сонда әрбір шаршы метр жерге 250-270 дән келеді. Топырақ жұмсақ, ол тұқымды 5-6 сантиметр тереңдікке сіңіруге мүмкіндік береді. Сөйтіп, егіннің құлап қалу қаупі жойылады.

Тұқымды сепкен бойда жердің бетін тегістедік. Агротехникалық бұл шараны қолдануға  не себеп болды? Жер жаздыгүні жыртылды, топырақ дұрыстап шөккен жоқ. Бізге жердің бетін тығыздап, ылғалды тұқымға жеткізу қажет.болды. Жердің бетін тегістеу арқылы біз осы ойлағанды істедік. Топырақтың тез кеуіп кету қаупін жою үшін біз тұқым себу алдында да жерді тегістейміз.

Тары бас алған уақыттан бастап піскенше қоректі көп керек ететіні мәлім. Сондықтан біз екі рет, бас ала бастаған кезде минералдық тыңайтқыштармен қоректендірдік», — дейді.

Жылдар бойғы ізденумен тары дақылының қыр-сырын терең меңгерген диқан қол жеткенге місе тұтпай, одан әрі өнімді арттыруды ойлайды. Мұны былай баяндайды: «Өткен жылы біз әрбір гектарға 22 килограмм тұқым сеуіп, әрбір масақтан орта есеппен

5-6 грам дән алдық. Әрбір масақтың салмағын 7-8 грамға жеткізу үшін не істеу керек? Мен енді осыны ойлап жүрмін. Өсімдік қорек алатын жердің көлемін және сәуле түсіретін көлемді дұрыс бөлу үшін гектарға себілетін тұқым мөлшерін 18 килограмға түсіріп, барлығын айқыш-ұйқыш әдіспен себуге ұйғардым. Сөйтіп дәннің өткен жылғыдан ірі және салмақты болуын қамтамасыз етемін. Осыны істей алсам егіннің өнімі мол болады. Әрине, қолға қалам алып отырып мұны есептеп шығару маған оңай. Ал өсіру қиынырақ, табиғаттың жасырын сырларын білу керек, бірақ мен және менің звеномдағы адамдар табанды адамдар, біз ойлағанымызға жетпей қоймаймыз».

Шығанақ одақтың өсімдік шаруашылығы жөніндегі білікті ғалымдарымен де тығыз байланыста болған адам. Оны осы әңгімесінен де көреміз.

«Жақында мен академик Трофим Денисович Лысенкомен кездестім. Біз ұзақ әңгімелестік.

— Егіннің шығымдылығының шегі бар ма, Сіз бара жатқан жолдың ақыры бар ма, Берсиев жолдас? — деп сұрады академик.

— Бізде  табиғат қатал, — дедім мен оған, — бірақ ол шебер адамның қолына түссе мырза».

Ғалым мен тарышының осы диалогінен  әңгіме ауанының қалай қарай ауытқып тұрғаны аңғарылады. Тәжірибеге сүйенетін дала академигі мен ғылымға, кітапқа бойлаған ғалымның іштей шайқасы анық сезіледі. Осы ретте ұзақ жыл партия қызметінде болған, атақты тарышыны көзі көрген, белгілі өлкетанушы марқұм  Айса Суқашев ақсақалдан естіген бір әңгіме есіме түсіп отыр. Осы кездесуде Лысенко тарышыға ғылым жеткен жетістік бойынша жердің, күннің қуатын есептегенде рекордтық өнімнің ақылға сыймайтынын айтып қалады. Мұның әр жағында сенімсіздік тұр ғой… Сонда Мәскеуде, атақты ғалымның алдында тұрмын демей Шығанақ: «Сен, құлдығым, тары дақылының мүмкіндігін білмейді  екенсің ғой. Суармалық тары балақ-балақ болып өседі. Оның жоғарғы масақтары піскенде, төменгілері әлі де көксағал күйінде тұрады. Оның пісуін күтпей оруға тура келеді. «Тарыны көк сағалында ормасаң, сақалыңды ұстайсың» деген мақал содан қалған. Біз тарыны қол орақпен, шалғы орақпен шабамыз, сол кезде және баулаған шақта қаншама дән төгіледі. Оны ат, өгіз көлікпен, жаман арбамен тасымалдаймыз, бұл кезде жолда қанша астық ысырап болады. Сен мықты болсаң, осы мәселелерді шеш!» — депті дейді. Сонда  кеңестік барша ғалымдар пікіріне бас шұлғитын Лысенко: «Әке, мен шынында да тары дақылын білмейді екенмін, тәжірибеңізге ұйыдым» деп, содан былай қарай атақты тарышыны «әке» деп құрметтеп өтіпті.

Елі ұмытпайтын есімдер

Шығанақ ақсақал жетпістен асса да еңбектен қайтпаған. Тарышылар звеносын басқарып, жұмысын жалғастыра береді. Сөйтіп жүріп ауыр дертке ұшырап, асқазан рагімен ауырады. Обалы не керек, облыс, республика, одақ есімі әлемге жайылған тарышыны сауықтыруға бар күшті салады. Мәскеудің Кремльге қарайтын ең үздік емханасына жатқызып емдейді. Сырқаты меңдеп, бірсыпыра уақыт өз шаңырағында жатқанда арнаулы ұшақ, білікті дәрігерлер бекітіп қояды.

Шығанақтың қазасын хабарлаған облыстық газеттің арнаулы номерінен кейін, арада бір номер салып ( «»Социалистік жол», №108, 2 маусым 1944 жыл) даңқты тарышымен елдің қалай қоштасқаны жайлы жазады. «Шығанақ Берсиевтің қабірінің басында» деп аталған мақаланы Қ.Қожамұратов пен С. Мұхамбеталин жазған. Мұның алғашқысы сол кездегі облыстық газеттің, соңғысы аудандық газеттің редакторлары болатын.  Сонымен бірге, газетте «Берсиевтің ісі мәңгі жасайды»деген тақырыппен даңқты тарышының замандастарының, әріптестерінің сөздері берілген. Ырғыз ауданы «Жаңа құрылыс» колхозының атақты звеновойы Өксікбай Ашанбаевтың жүрек тебірентерлік сөздері де соның ішінде. Ал Нұрпейіс Байғаниннің «Қош, Шығанақ» деп аталатын өлеңі:

Құлазып жаны қарт жырау,

Домбырасын қолға алсын,

Жырға қосып Шығанақ

Замандасы, жолдасын,

Тебіренсін де толғансын.

Қапалы күйді шертемін,

Бақұлдаспай, көріспей,

Құшақтаспай, сүйіспей

Қоштаса алмай қалғасын.

Көркі едік екеуміз

Ойыл, Қиыл, Жем, Сағыз

Жарыса аққан саланың, — деп ой бедерлейді.

Осыдан 75 жыл бұрын ақын шабыты толғаған жырдың бір шындығы — екі алып та аталаған өңірлердің көркі, даңқы болып қалды. Елі ұмытпайтын есімдер бұлар. Әлі де құрметтейді, қадірлейді, елдің ауызында, аруақтарымен халқымызды желеп-жебей бергей!

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button