Ақтөбе — 95Басты жаңалықтар

Олар — біздің кейіпкерлеріміз

Өңір баспасөзінің қарашаңырағы — облыстық «Ақтөбе» газеті 95 жасқа толды. Осы уақыттың ішінде, Ахмет Байтұрсыновша айтсақ, «халықтың көзі, құлағы һәм тіліне» айналған басылым үшін түрлі танымал тұлғалар да бөтен емес. Өйткені олар баспасөз беттері арқылы жылт еткен жаңалығын, өмір мен өнердегі сүйініш-күйінішін, жалпы жай-күйін білдіреді…

Бүгінге дейін газет журналисіне сұхбат беріп, «Ақтөбенің» кейіпкері атанған даңқты қайраткерлерге сөз кезегін берелік. Өзі еңбек ететін салада сара жолын һәм қолтаңбасын қалдырып үлгерген олардың «туған күн» иесіне лебізі бар…

 Біз — идеологияның өкілдеріміз

Роза РЫМБАЕВА,

Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

—  Үлкен сахнада жүргеніме 43 жылдан асып барады. Осы аралықта кімнің кім екенін айыра алатын дәрежеге жеттік. Амандасып, есіктен кіріп келген журналистің қимыл-қозғалысынан-ақ қандай мазмұндағы сұрақтар қоятынын біле қоямын… Ал сөз саптауынан ол кәсіби маман ба, журналистика факультетінде оқыған ба, бұл да бірден сезіледі. Жасыратын несі бар, қырық жылғыны кешегідей сұрайтын, «дежурный» сауалдармен жалықтыратын тілшілер бар. Ондайда қысқа-нұсқа жауап беріп, сұхбатты аяқтағанша асығасың. Шүкір, сен туралы ізденіп, алдын ала әзірленіп келетін журналистер де арамызда аз емес. Олармен кәдімгідей ашылып, қызығып әңгіме-дүкен құрасың. Кейін ол халық үшін де ой салатын материал болатыны сөзсіз. «Ақтөбе» газетінің журналистерін сол қатарға қосамын. Өйткені Әлияның еліне келген сайын сіздерге молынан сұхбат беріп, оның кейін оқырман тарапынан жоғары бағаланатынын, қазіргі таңда көптің аузында жүрген әлеуметтік желілерде көп талқыланатынын білемін. Екі тараптың да еңбегі еш кетпеді деген — осы.

Біздер — өнер адамдары, журналистер, басқа да шығармашылық сала өкілдері ең алдымен идеолог екенімізді ұмытпауымыз керек. Аузымыздан шыққан әр сөз бен жасаған іс-қимылымызға қарап, кейінгі буын бой түзейді. Үлгі етеді. Сондықтан өзгелерге мейлінше игі істерімізбен көрініп, жақсылықты жазсақ деймін. Бір-біріміздің оңды тұстарымызды көре білсек…

Газет ұжымына шығармашылық табыс, барлық жақсылықты тілеймін. Жасай беріңіздер!

«Алтын көпір» аласармасын!

Мақпал ЖҮНІСОВА,

Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

—  Қай кезде болсын, бұқаралық ақпарат құралдарының, соның ішінде газеттің халық пен билікті, сондай-ақ, біз сияқты өнер адамдарын тыңдармандарымен байланыстыратын «алтын көпір» екені анық. Қарапайым тұрғындар редакцияға жолығып, мұң-мұқтажын айтса, әншілер сіздер арқылы жылт еткен жағымды жаңалықтарымен бөліседі. Кейде өміріміз бен өнерімізге қатысты сыр ақтарамыз дегендей. Алдыңа бір журналист келіп тұрса, оны мың адамның өкілі деп қабылдау керек. Шынымен солай ғой, сіздердің жазғандарыңызды ауылдағы ағайын да оқиды. Әніміз жетпеген жерге, осылайша, газетке берген сұхбатымыз жетіп жатады. Сол себепті, уақыттың ыңғайы келсе, мақсаты дұрыс газеттен болса, тілші қауыммен пікірлескенде тұрған ештеңе жоқ. Біле білген адамға қоғамдағы «төртінші биліктің» маңыздылығы зор.

Ақтөбеге жиі келіп тұрамын деп айта алмаймын. Соңғы екі жылда ғана «концертіңізді өткізіп кетсеңізші» деушілер болып, екі рет келіп кеттім. Оған дейін 2-3 жылда бір рет, халықты әбден сағындырып, гастрольдік сапармен жолым түсетін. Сондай кездері «Ақтөбе» газетінің тілшісімен сұхбаттасып, оқырмандардың да сұрақтарына жауап бердім. Қателеспесем, соның өзінде осы басылыммен 2-3 үлкен сұхбат жасадық. Қазір интернеттің дамыған заманы ғой, барлық сұхбатыммен газеттің сайты арқылы таныстым. Ұнады, қалай болды, солай беріпсіздер.

Журналистер мен газет редакциясына амандық, өмірдің бар қызығын, шығармашылық табыс тілеймін. Газеттің 95 жылдығы құтты болсын! Өрлей беріңіздер!

Алға, «Ақтөбе»!

Самат СМАҚОВ,

«Ақтөбе» футбол клубының бас директоры:

—  Елімізде газет-журналдардың саны аз емес. Алайда оның барлығы спорт туралы жаза бермейді. Ал менің өмірімде өшпестей орнын қалдырған «Ақтөбе» футбол клубымен аттас облыстық газетпен бұрыннан таныспын. Кезінде осы басылымға сұхбат бергенім де есімде. Жалпы «Ақтөбе» газеті «Ақтөбе» футбол клубының Премьер-Лигадағы әр ойынын қағыс қалдырмайтыны мәлім.

Мерейлі жасқа толып отырған «Ақтөбе» газетінің әрі қарай дами беруіне, барлық жоба-жоспарының орындалуына тілектеспін. Тек алға!

Жаза білу де өнер… 

Айман МҰСАҚОЖАЕВА,

ҚР халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері,

Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры:

— Осы өнердің арқасында әлемнің түкпір-түкпіріне барып жүрміз ғой. Әртүрлі журналистермен де жүздесеміз. Бір байқағаным, қазақстандық тілшілер қауымы ерекше мәдениетті, бәрібір діліміздің ерекшелігі сезіліп тұрады. Соған қуанамын.

Менің ойымша, өнер адамдарын жазудың өзі — өнер. Концерттен кейін орайын тауып сөйлесе білу бар да, өзің сұхбаттасқан адамның болмысын ашу — бөлек дүние. Сондай талантты, ізденімпаз, сауатты журналистердің «Ақтөбе» газетінің редакциясында көбейе бергенін қалаймын. 95 жыл тарих үшін көп уақыт емес. Аз деуге де келмейді… Ең бастысы, саналы, сіздерді іздейтін, шынайы тілекші оқырмандарыңыз көп болсын демекпін.

«Ақтөбе» газеті сіздердің облыстарыңызға келгенде, әуежайда қолымызға түседі. Басылымның мәдениет саласына көңіл бөліп, өнерпаздарды газет бетіне шығаруы көп нәрсені аңғартады. Жан-жақты, кез келген оқиғаға ашық, теңдей көзқараспен қарайтын газет боп қала беруіңізге тілектеспін. Жақсы жазу да өнер. Сондықтан өнерлерің өрге жүзіп, шабыттарың шалқи берсін дегім келеді.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button