Басты жаңалықтар

Жол сапасы қатаң бақылауға алынады

Облыс аумағында салынатын әрбір жол құрылысының сапасы қатаң бақылаудан өтеді. Қажетті құрылыс материалдарына зертханалық тексеру жүргізіледі. Бұл туралы облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында айтылды. Шараға «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесінің бас директоры Замир Сағынов және облыстағы жол құрылысын жүргізетін компаниялардың өкілдері қатысты.  

Жиында облыс әкімі аймақта жол құрылысының қарқыны мықты екенін, оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар салынып жатқанын айтты. Алайда құрылыстың сапасына қатысты мәселе көп. Жаңадан құрылған «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны осы сұрақтарды шешуге көмектеспек. Орталық директоры Замир Сағыновтың айтуынша,  облыстық филиалдың зертхана жұмысы жанданады. Қазіргі таңда базаны  күшейту, жылжымалы зертхана сатып алу және мекеме штатын толықтыру жұмыстары жүріп жатыр. Орталық тек республикалық маңызы бар жолдардың сапасын ғана тексермейді, облыс және елді мекендер арасындағы жолдардың да сапасын бақылайды.

Сапалы салынған жол елдің  әлеуметтік-экономикалық дамуына орасан зор ықпал етеді. Сондықтан жергілікті билік тарапынан орталық жұмысына қолдау болады. Жолдың сапасын жақсарту үшін бар мүмкіндікті жасаймыз, — деді облыс әкімі.

Жиыннан соң облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов бастаған топ қала сыртындағы «Асфальт» ЖШС-на барып, зертхана жұмысымен танысты. Зертхана басшысы Светлана Қарымсақованың мәліметінше, бұл жерде белгіленген талап негізінде барлық шикізат араластырылып, асфальттың алғашқы сынама нұсқасы дайындалады. Содан кейін барып, негізгі өнім шығарылады. Қазіргі күні Ақтөбе — Орск тасжолының құрылысына тапсырыс түскен.

Замир Сағыновтың айтуынша, әрбір асфальт шығаратын зауытта зертхана болуы тиіс. Егер өнім сапаға қатысты белгіленген талаптарға сәйкес келмесе, бірнеше рет талап бұзылса, тиісті орындар зауыттың сертификатын қайтарып алуына толық құқы бар.

—  Жолдың сапасы ең алдымен құрылыс материалдарына байланысты. Мәселен, кейбір  қиыршық тас битуммен араласпайды. Ол үшін арнайы қоспа қосылады. Егер өндіруші қоспаны белгіленген талапқа сай қоспаса, өнім сапасыз болып шығады. Сондықтан зертханада барлығы тексеріледі. Жалпы сапалы асфальт 17 жылға дейін шыдас береді, — деді орталық директоры.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің айтуынша, облыстық әкімдік пен ұлттық орталық арасындағы меморандумға сәйкес, республикалық, облыстық маңызы бар жолдардың сапасы қатаң бақылауға алынады.

Зауыттардағы зертханалардың материалдық-техникалық базасы жақсартылады және саны артады. Ең бастысы, жол құрылысына инновациялық технологиялар енгізіледі, — деді ол.

Сондай-ақ талапты орындамаған зауыттарға айыппұл салынбақ.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button