Тарих

Депортация тарихы — архив құжаттарында

Саяси қуғын-сүргін және халықтар депортациясы жиырмасыншы жылдардан бастап елуінші жылдарға дейін жалғасты. Сталиндік зорлық-зомбылықтан, геноцид пен этноцидтен, саяси қуғын-сүргіннен сол жылдары Кеңес Одағын мекендеген халықтар ішінде аман қалғаны жоқ. Көптеген халықтар тарихи атамекенінен күштеп жер аударылды. Қазақстанға, соның ішінде Ақтөбеге 1930-1940 жылдары арнайы жер аударылғандар туралы мәліметтер архивтегі облыстық партия комитеті, қалалық және аудандық партия комитеттерінің құжаттарында кездеседі. Осы жөнінде Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінің құжаттарды пайдалану және жариялау тобының басшысы Бақытгүл Ешмұратовамен сөйлескен едік: 

— Ел тарихындағы қайғы-қасіретке толы кезеңдерінің бірі — тоталитарлық режимнің қазақ жеріне әкелген аштық, ұжымдастыру, халық зиялыларының қуғын-сүргінге ұшырауы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсер етуімен бірге, қазақ халқының ұлт ретінде жойылып кету қаупін төндіргені тарихи ащы шындық. Тарихшылардың міндеті — тарихтың ақтаңдақ беттеріндегі шындықты ашу және оны дәйекті дәлелдермен жеткізу. Тарихи әділдікті орнатуда архивтердің маңызы зор.

Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінде депортация тарихы туралы құжаттарды жинақтау  және іріктеу жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Құжаттарды пайдалану және жариялау бойынша  былтыр «Тарихтан  тағылым, өткенге тағзым» тақырыбында халықаралық форум өткізіліп, Президент архивімен бірлесіп, фото-құжаттық көрме жасақталған болатын. Оған бірқатар құнды құжаттар қойылды. Осы құжаттарға сүйене отырып айтайық: Ақтөбе облысына кәріс, шешен, неміс, поляк, грек, армян секілді көптеген ұлт өкілдерінің күштеп қоныс аударылуы халықтың ұлттық құрамына, шаруашылығы мен мәдени дамуына өзгеше ықпал етті.

— Облысымызға күштеп қоныс аудару қай жылдары басталды?

—  Күштеп жер аудару революцияға дейін басталды, алайда, негізгі кезең 1930-1940 жылдарға сәйкес келді. Осы жылдары жер аударылғандар туралы мәліметтер Ақтөбе облыстық партия комитеті, қалалық және аудандық партия комитеттерінің құжаттарында кездеседі. Мысалы, БКП(б)  Қазақстан Өлкелік ОК Қазақ КСР халық комиссарлары кеңесінің 1936 жылдың 16 ақпанындағы «Украина қоныс аударушылары туралы» қаулысында: «Қазақстанға 15000 неміс-поляк ұжымшарлар шаруашылығын көшіріп…, Ақтөбе облысынан 1000 шаруашылық бөлінсін» деген мәлімет кездеседі. Архивте Ақтөбе облысындағы поляк диаспорасының тарихы туралы мәліметтер баршылық, олар Ақтөбе уездік жұмысшылар, шаруалар, қызыл әскерлер депутаттарының  кеңесі, Ақтөбе губерниялық жұмысшы, шаруа, қызыл әскерлер депутаттарының  кеңесі, ҚКП Ақтөбе облыстық комитетінің қоры мен поляк елшілігі делегатурасының қорында кездеседі.

Облыстық партия комитетінің құжаттарында күштеп қоныс аударылған неміс отбасылары мен коммунистерінің тізімдері, оларды тұрғын үймен, жұмыспен қамту мәселелері көтерілген. Облысқа қоныс аударған немістер көбіне құрылыс жұмыстарына тартылған. Құжаттарға сүйенсек, 1943 жылғы анықтамалардың бірінде «1940 жылы басталған Ақтөбе ферроқорытпа зауытының құрылысына 1667 неміс қоныс аударушылар еңбек еткені» жазылған. 1943 жылы еңбекке жұмылдырылғандар туралы мәліметте 1934 поляк, еврей, орыстар, 23 кәріс, 544 қазақ, 85 өзбек, 3 түрікмен, 8 тәжік деп көрсетілген.

1945 жылғы №52 жылқы зауытындағы қоныс аударушылар туралы құжатта  «шешендер —64 отбасы (255 адам), немістер — 50 отбасы (163 адам), украиндар 4 отбасы (15 адам) және 1 грек пен 1 поляк» деп жазылған.

— Тоталитарлық тәртіптің құрсауына іліккен ұлттардың бірі — кәрістер екендігі белгілі. Қазақстанға өте көп жер аударылған да осы ұлттың өкілдері. Ақтөбеге кәрістердің қоныс аударуы туралы қандай мәліметтер бар?

— 1936 жылғы Ақтөбе облыстық  комитетінің хатшысына халық комиссарлар кеңесінен келген телеграммада БКП(б) шешімі бойынша Қазақстанға қазан айында қосымша 10 мың кәріс отбасын көшіру туралы және ірі ұжым түрінде орналастыру, соның ішінде Ақтөбе облысына 6 ауданға көшірілетіні баяндалған. Халық комиссариаты Кеңесінің «Об устройстве корейцев переселенцев в Актюбинской области» баяндау жазбасында сол кездегі «Ярмухамедов» кеңшарына 600-700 кәріс қоныс аударушылар шаруашылықтарын орналастыру туралы нұсқау беріледі.  Қазан айында 290 отбасы келген. Олардың дені бақша шаруашылығымен айналысқан.

Оларға мал, ауылшаруашылық техникасы, құралдар берілген. Осылайша бұл жерде ауыл шаруашылығы артельдері құрылған. «Ярмухамедов» кеңшары жойылып, оның орнына «Бөгетсай», «3-Интернационал», «Тұщы–Арық»,  «20-лет Великого Октября», «Шіліктісай», «Красный Октябрь» кеңшарлары құрылған. Қоныс аударғандарға 4 поселке және мектеп, монша, дәрігерлік пункт, тұрғын үйлер салынған. Кәрістердің Қарабұтақ ауданындағы орналасуы, шаруашылығы туралы архив құжаттарынан толығырақ білуге болады.

Ақтөбе қалалық атқару комитетінің 1946 жылғы арнайы қоныс аударушылары туралы есебінде статистикалық мәліметтер сақталған. Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталуы қоныстаушылардың өз тарихи отанына қайтуына ықпал етті.

— Саяси қуғын-сүргін жылдары көптеген халықтар тарихи атамекенінен күштеп жер аударылғаны белгілі. Осы нәубеттің құрбаны болған адамдардың ұрпақтары Қазақстанға келіп, архивтен мәліметтер алған кездері болды ма?

— Әрине, ондай жайттар бар. Бір мысалды ғана келтіре кетейін: 2018 жылы ұлыбританиялық жазушы, зерттеуші, белгілі фотограф Майкл Сагадис деген азамат өзінің әжесі туралы архив құжаттарын іздеп келді. Оның әжесі Юзефа Буйдо Ақтөбе облысына 1940 жылы Белоруссиядан депортацияланған. Майкл Сагадис әжесі туралы мәліметтер жинақтау мақсатында Польша делегатурасының 1941-1943 жылдардағы құжаттармен танысты. Ол үйінің гаражынан әжесінің өз ата-анасына жазып кеткен хатын тауып алғанын айтады. «Бұл хатта: «Мен Қазақстан деген жерде, Ақтөбе облысында тұрып жатырмын, мені осында жер аударды. Өмірім өте қиын,  көмек берулеріңізді сұраймын», — деп жазылған», — дейді Сагадис.  Немересі әжесі туралы қандай да бір дерек болар деген үмітпен келді. Үміті ақталды: оның әжесі Қобда ауданының Шибаевка ауылында тұрмыс құрып, сол жерде дүниеден өткен. Майкл Сагадис облыстық архивтен табылған құжаттар негізінде әжесінің өмірі жөнінде фильм түсірмек ниеті барын айтты.

Сұхбаттасқан Гүлдария АЙСҰЛТАН,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті филология факультетінің 2-курс студенті.

МӘДЕНИЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ДЕ ЖАПА ШЕККЕН…

Қазақ елі азаматтары ХХ ғасырдың 30-50 жылдары арасында үлкен нәубетке ұшырады. Еліміздің көрнекті басшылары, зиялы азаматтары қуғын-сүргінге түсті. Ұлттың аса көрнекті өнер қайраткерлері ұсталды, түрмеге отырғызылды, жер аударылды, атылды.

Атақты жерлестеріміз — халық комиссары Темірбек Жүргенов, профессор Құдайберген Жұбанов сол қуғын-сүргіннің алғашқы құрбандары қатарында болды. Ақиық ақындар, биыл туғандарына 125 жыл толатын Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин үшеуі де 1894 жылы туып, Кеңес үкіметін орнатуға белсене араласқан азаматтар, Кеңес құрылысының жырын мықтап жырлаған ақындар, журналистикалық салаларға басшылық жасаған, қазақ әдебиетінің қалыптасып, өркендеуіне зор үлес қосқан қайраткерлер. Сөйте тұра, Кеңес үкіметі оларды «халық жауы» деп жала жауып, үшеуін де бір жылда — 1938 жылы ату жазасына кесті.

Орталықтан түскен тапсырма, берілген лимитті орындау үшін жергілікті қаралаушы органдар кез келген кісіні ұстады, жазықсыз жапа шеккізді. Жаланы күшпен, зорлықпен мойындатты. Жер-жерде — мекемелерде, ұжымдарда олардың мыңдаған тыңшы-хабарламашылары болды, адамдардың бір-біріне сенбеушілігі көбейді, бірін-бірі ұстап берді, «донос» жеткізу кең етек алды. Айналаны толған «халық жаулары» қаптады. Солардың арасында мәдениет қызметкерлері де болып шықты. Жай ғана қарапайым қызметкерлердің басына қара бұлт төніп, қудалауға ұшырады.

Бұл жылдар қазақтың кәсіби мәдениетінің, өнерінің жаңа қалыптасып келе жатқан кезі еді. 1936 жылы Мәскеуде қазақ өнерінің онкүндігі өткізілді, қазақ драма театры, опера және балет театры құрылды. А.Жұбанов қазақ ұлттық аспаптар оркестрін ұйымдастырды. Жаңа талантты артистердің есімдері белгілі болды. Күләш Байсейітова, Шара Жиенқұлова, Құрманбек Жандарбеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Жұмат Шанин, т.б қазақ кәсіби өнерінің аса көрнекті өкілдері еді. Осы бастапқы кезеңде кәсіби мамандар жетіспеді, өнер иелері аз болды. Соған қарамай өздері аз мәдениет қызметкерлері де қуғынға ұшырады.

Ақтөбелік мәдениет қызметкерлері әр жердегі қалаларда әртүрлі қызметте жүрген жерлерінде де тұтқындалған. Мысалы, өнер саласында басшылық қызметтегі, 1904 жылы туған ақтөбелік Сабыр Камалов Алматыда тұрған, Қазақ драма театрында директор болып, театр өнерінің дамуына өз үлесін қосып, жаңа жас өнердің, Қазақстандағы театр өнерінің қалыптасуы жылдарында театр басшысы болған адам екен. 1938 жылы 11 қарашада КСРО Жоғарғы сотының әскери коллегиясының шешімімен ату жазасына кесіледі. 1957 жылы 26 желтоқсанда КСРО Жоғарғы соты әскери коллегиясы оны ақтады.

Алғашқы кезеңде партия, кеңес, шаруашылық басшы қызметкерлерінің қатарында жасырын жүрген «зиянкестерді», «халық жауларын» әшкерелеуде біршама «табыстарға» жеткен орган мекемелері, кейін мәдениет, әдебиет саласына келіп килікті. Адамдарды, қызметкерлерді бір-біріне айдап салу ұйымдастырылды. «Мәдениет майданын ұлтшылдықтан тазартайық», «қырағылықты күшейтейік», «жапон жансыздары», «халық жауларын түп орнымен құртайық» деп ұрандаған мақалалар жарияланып, онда көрсетілген фактілер жүзеге асырылды.

Роберт Суханович Тен – кәріс, 1913 жылы Хабаровск қаласында туған. Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері болып жасап жүргенде «жапонның жансызы» екендігі «анықталады». Сол үшін тікелей НКВД басқармасының үштігі шешімімен 1938 жылы 27 қазанда жапон барлау агентурасына қызмет жасағаны үшін 25 жасында ату жазасына кесілген. 1957 жылы 26 наурызда Оңтүстік Орал әскери округінің  әскери трибуналы шешімімен ақталады.

Варшавада 1905 жылы туған Виктор Абрамович Литинский деген поляк жігіті, Ақтөбе театрында суретші болып жұмыс жасап жүрген кезінде, соғыс уақытында 1944 жылы 6 қазанда 10 жылға бас бостандығынан айырылып сотталады. Сонан қайтпаған ол тек 1989 жылы 26 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы соты шешімімен ақталады.

Жалпы сол бір кез – қуғын-сүргін жылдары Қазақстан саяси сенімсіз, қауіпті элементтерді Ресейден, Украинадан, Молдавиядан жер аударатын аймаққа айналдырылған еді. Қазақстанға «сенімсіздер, халық жауларының жақындары, қауіптілер, астыртын үгіт жүргізгендер» көптеп жер аударылған. Ақтөбеге шешендер, кәрістер, т.б ұлт өкілдері жіберілген.

Мәдениет, өнер саласы қызметкерлерінің тағы бір тобы «әлеуметтік қауіпті элементтер» деген жаламен айыпталып, жер аударылған. Мысалы, соның бірі Зисман деген әйел болған.

Вера Львовна Зисман — еврей, 1886 жылы Орынборда туған, Қазақстандағы НКВД-ның ерекше мәжілісінің шешімімен 5 жылға жер аударылған. Ақтөбеде суретші болып істеген. Кейінгі тағдыры белгісіз, тек 1989 жылы 18 маусымда ғана облыстық прокуратура шешімімен ақталады.

Мәдениет қызметкерлерінің көбі тергеусіз, сотсыз жалған жаламен айып тағылып, НКВД-дағы үштіктің немесе ерекше мәжілістің шешімімен, яғни ат төбеліндей аз ғана орган қызметкерлерінің қол қойып, шешім қабылдауымен тұтқындалып, айдалып, атылып кете барған. Мысалы, Дмитрий Викторович Мазериянин – орыс, 1883 жылы Ленинград қаласында туған. Ақтөбе теміржол клубының топ жетекшісі болып жұмыс істеген. 1938 жылы 27 қазанда НКВД басқармасының үштігі оны «шпиондығы үшін» ату жазасына кескен. Кейін қылмысы болмағандықтан 1989 жылы 28 сәуірде облыстық прокуратура шешімімен ақталды.

Ақтөбе қаласында кітапханашы болып қызмет ететін, 1889 жылы Свердлов облысында туған орыс әйелі Августина Григорьевна Пентова не үшін екені белгісіз, әйтеуір НКВД басқармасының үштігі қарауымен 1937 жылы 26 қазанда тұтқындалды, 1990 жылы 14 мамырда облыстық прокуратура 53 жылдан соң ақталды деп шешім шығарады. Тек қана қаралауға ғана жұмыс жасайтын үштік Ақтөбе қаласындағы тағы бір бейбіт мамандық иесі — кітапханашы Григорий Николаевич Прохоровты да осылай жазалайды. 1937 жылы 17 желтоқсанда кеңес үкіметіне қарсы үгіт жүргізгені үшін 10 жылға еңбекпен түзету лагеріне жіберіледі. 1957 жылы 15 қарашада облыстық сот ақтап шешім шығарды.

1930 жылдарда қазақ мәдениетінің биік белестерге шығуымен бірге онжылдықтың екінші жартысына қарай күшейе түскен қуғын-сүргін саясаты салдарынан, заңдылықтардың бұзылуынан қазақ мәдениетінің дамуына орасан зор, орны толмас зардаптар, мол зияндар келтірілді.  Мәдениет саласында «ұлтшылдықты» әшкерелеу қолға алынды, талап етілді. Сол кездегі үстемдік құрған «социалистік құрылыс өрістеген сайын тап күресі де күшейе түседі» деген теориясымақтың мәдениетке тигізген зияны орасан зор болды. Кез келген шығармадан тап күресі ізделді, табылмаса «қырағылықтың жоқтығы» деп көрсетілді. Мәдениетке, әдебиетке қатысы бар партия, кеңес үкіметі қызметкерлерінен, ақын-жазушылардан «ұлтшылдықты», «ескішілікті» әшкерелеу талап етілді. Өз ішінен «халық жауын» тауып беру қажет болды. Николай Иванович Стунель деген неміс ұлтының өкілі 1892 жылы Ленинградта туған, Ақтөбе теміржол клубында әрі суретші, әрі пианист болып қызмет етеді. Адамдарды жазалауға мол «құқық» алған қаһарлы «үштік» оны халық жауларымен күрестің қызған кезі 1937 жылы 30 қарашада «контрреволюциялық үгіт жүргізгені үшін»  соттайды. Облыстық прокуратура 1989 жылы 15 маусымда ақтаған.

Мәдениет қызметкерлерін қаралаудың тағы бір бағыты, олардың арасындағы «шпиондарды» ұстау, әшкерелеу болған, олардың ішінде қаптаған «шпион», «жапон жансыздары» өріп жүрген екен. Олар негізінен басқа ұлт өкілдері, орыс, неміс, кәріс, поляк, түрік, украин, литван, еврей болған. Мысалы, Евгений Викторович Базелевич – орыс, 1913 жылы Манчжурияда туған. Ақтөбеде клуб киномеханигі болып жұмыс жасап жүргенде «үлкен айыппен» ұсталып, 1937 жылы 25 желтоқсанда НКВД-ның тұрақты комиссиясы шешімімен жоғарыдан сотталды, 24 жасында ату жазасына кесіледі. Кейін 1958 жылы 27 мамырда Приволжье әскери округінің әскери трибуналы шешімімен ақталды. Мәдениет саласында қызмет істейтін қазақтан басқа ұлт өкілдері де қуғынға ұшыратылды, сотталды, атылды. Олардың көбі шпион, кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізген, сенімсіз жат элемент «атақтарына» ие болды.

Эрнест Эдуардович Кетлер – неміс, 1860 жылы Ленинградта туған. Ақтөбедегі клубта музыкант болып жұмыс жасап жүргенде «шпион» екені анықталып, НКВД-ның тұрақты комиссиясының шешімімен 1939 жылы 27 тамызда «шпиондығы» үшін 79 жасында ату жазасына кесіледі. Кейін 1958 жылы 5 шілдеде Түркістан әскери округінің әскери трибуналы шешімімен ақталады.

Борис Данилович Жуковский – орыс, 1911 жылы Луцкая облысының Мельница деген жерінде туған. Ақтөбедегі драма театрында артист болып, өнер көрсетіп жүргенінде 1943 жылы 11 қазанда облыстық сот шешімімен сотталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылады. 32 жасында нағыз шығармашылық өнерінің дамуы, гүлденуі кезінде түрмеге түседі. Ол кезде ұсталған адамның аман қалуы екіталай. Тағдыры белгісіз жағдайларда қиыла береді, өмір көші тоқтай береді.

Ал, Ақтөбе мемлекеттік филармониясының артисі Николай Петрович Литвинов – Днепропетровскіде 1885 жылы туған. НКВД басқармасы шешімімен 1942 жылы 21 қазанда 57 жасында сотталады.

Түркияға «шпиондық қызмет еткені» үшін Ақтөбеде суретші болып істейтін Ниязови Муссапиф сотталды. Ол Түркиядағы Измир қаласында 1898 жылы туған.

НКВД органдары тұтқындауды қызметтің сала-саласы бойынша жоспарлап, жүйемен жүзеге асырып отырған. Мәдениет, өнер саласы қызметкерлеріне «жат элемент», «ұлтшыл», «ежелгі жау», «зиянкестер», «жапонның шпионы» деген т.б. сұсты айыптар тағылды, қара күйелер жағылды. Тұтқындау, соттаудың да әр түрі болған. Мысалы, ұлты неміс Александр Обермиллер Ақтөбедегі шеберханада суретші болып жүргенде КСРО Жоғарғы Сотының әскери коллегиясының көшпелі сессиясының үкімімен ату жазасына кесілген. Мәдениет  саласының бір қарапайым мамандық иесі Виктор Орлов Ақтөбеде шеберхана суретшісі болып жұмыс жасайды. Облыстық сот оны 1950 жылы 5 сәуірде 25 жылға соттап, еңбекпен түзету лагеріне жібереді.

31 мамырда — Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде Ақтөбе қаласының қасындағы Түйетөбеде жазықсыз жапа шеккендерді еске алуға арналған қаралы жиын өткізіледі. Олардың ұрпақтары, бүгінгі жас буын өкілдері қан төгілген, жан алынған қасіретті жерге, құрбандар рухына тағзым етеді, гүл шоқтарын қояды, еске алу, өксікті сағыныш сөздері айтылады.

 Еркін ҚҰРМАНБЕК,

ҚР мәдениет қайраткері,

өлкетанушы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button