Басты бет » Ақтөбе — 150 » Ақтөбе — қайырымды қала

Ақтөбе — қайырымды қала

10 мұқтаж балаға арнайы шот ашылып, алғашқы жарна төленді

Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған «Жүректен жүрекке» қайырымдылық аукцион-концерті шын мәнінде жүректерге жылылық сыйлаған әдемі мереке болды. Осы кеште қолдауға, көмекке мұқтаж балалардың біріне тұрғын үй алу үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» шот ашылып, алғашқы жарна салынса, екінші бір балалар жоғары оқу орнына түсу үшін грантқа ие болды. Сондай-ақ балалардың картиналары аукционда сатылып, түскен қаражат толығымен ата-анасының қамқорлығынсыз және жетім қалған балалардың қажеттіліктері үшін аударылды.

Ақтөбе ата-анасының қамқорлығынсыз және жетім қалған балаларды қолдаудың өзіндік үлгісін қалыптастырды. Бұл — іргесі қаланғанына 150 жыл толған құтты мекеннің тағы бір жетістігі. Мұқтаж адамға бір жеңнен қол шығарып, ұжымдаса көмектесу, әл-Фараби айтқандай, «қайырымды қаланың» ғана қолынан келетін іс болса, Ақтөбе қайырымды қалаға айналып келеді. Өңірде облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасымен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды кешенді қолдаудың іс-шаралары жүзеге асырылып келеді. Оның бірі — осындай балаларға «тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» шот ашып, алғашқы жарнасын салуға қаржылай қолдау көрсету. Бүгінде облыс, қала әкімдіктері, облыстық, қалалық басқармалар, судьялар, облыстық прокуратура мен полиция департаменті, жекеменшік мекемелер 329 баланы қамқорлығына алып, олардың «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» шотына ай сайын еңбекақыларынан ақшалай қаражат аударып отыр.

Қалалық әкімдік те бұл игі шараға белсене атсалысып отыр. Бүгінде Ақтөбеде  436 бала қамқоршылықта есепте тұр, оның 225-і жетім балалар, 211-і — ата-анасының қамқорлығынсыз қалған. Кәмелетке толмаған 436 баланың 107-сінің мүлкі бар, қалған 329 балаға демеушілер тағайындалды. Қалалық әкімдік 2016-2018 жылдары осы балалардың «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» шотына 21 млн 855 мың теңге қаражат салған. 2018 жылдың өзінде 11 млн 418 мың ақша аударды. Жалпы алғанда қазір 329 баланың шотында 35 миллионнан астам жарна бар.

— Біз жұмыла қолдаудың, ынтымақтастықтың арқасында ата-анасыз қалған балаларға қол ұшын беріп, оларға ең алдымен сенім сыйладық. Бұл балалар болашақта өздерінің үйсіз-күйсіз жүрмейтініне сенеді. Қазір «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім балалардың шоттары бар. 329 баланың шотына барлығы 38 миллион теңгедей қаражат салдық. Бүгінге дейін қоғамның үлкен қолдауының нәтижесінде 129 бала баспаналы болды. Жақында тағы бірқатар қайырымды азаматтардың көмегімен бірнеше баланың шотына бастапқы жарна аударылды. Әсіресе, 45-ке жуық баланың шотына 13 миллион теңгедей қаражат салған «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» мекемесінің басшылығына алғысымызды білдіреміз. Мұндай игілікті іс барлық ақтөбеліктерге тән екендігіне сенемін. Біз қолдауға зәру балаларға өз үйінің кілтін қолына алғанша қамқорлық көрсетуіміз керек,  — деді қала әкімі Ілияс Испанов.

«Жүректен жүрекке» шарасы кезінде тағы да 10 балаға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» депозит ашылып, әрқайсысына 100 мың теңге салынды. Бұл ретте де қаладағы мекемелер мен ұжымдар демеушілік танытты.

Сондай-ақ тағы бес балаға білім гранты тағайындалды. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембековтің айтуынша, бұл балалар оқу орнында бірінші жылы тегін оқиды, егер олардың оқу үлгерімі жақсы болса, берілген грант мерзімі 4 жылға дейін созылады.

Қайырымдылық кешінде өткен тағы бір ерекше шара — балалардың бейнелеу өнері туындылары таразыға түскен аукцион. Аукционға қалалық көркемөнер лицейінің, балалар және жасөспірімдер шығармашылығы үйінің және «Ақ желкен» аула клубы мен балалар және жасөспірімдер шығармашылығы орталығы, қалалық техникалық шығармашылығы орталығы оқушыларының картиналары қойылды. Әртүрлі стильде, әртүрлі техника бойынша салынған суреттерді жомарттық танытқан ақтөбеліктер пышақ үстінен үлестіріп әкетті. Мысалы, 16 жастағы Диас Құрманғалиевтің майлы бояумен жазылған «Ұлттық натюрморт» туындысы 40 мың теңгеге сатылса, Кенжегүл Төлебаеваның киізден жасалған «Жайлау» атты панносы 55 мың теңгеге бағаланды. Барлығы 15 лот жарияланып, 330 мың теңге ақша жиналды. Бұл қаржы тұтастай патронат отбасылар мен жетім балаларға көмек көрсету үшін жұмсалмақ. Аукционға қала басшылығымен бірге жергілікті кәсіпкерлер, өнер адамдары, әр сала мамандары, қарапайым қала тұрғындары да белсене қатысты.

Шара кезінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» филиалы өкілдері келушілерге жеңілдікпен баспана алу бағдарламалары туралы түсіндірді. Аталған банктің өкілі Мақсат Зайтовтың айтуынша, тұрғындар мүмкіндігі шектеулі және кәмелет жасына толмаған балалары бар толық емес отбасыларға жылдық екі пайызбен берілетін «Бақытты отбасы» бағдарламасы туралы көп сұрақ қойған:

—  Жергілікті қайырымды азаматтардың жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» шот ашып, олардың депозиттеріне бастапқы жарна салып жатқаны өте жақсы бастама. Бұл балалардың ертеңгі күнге сеніммен қарауына септігін тигізеді. Осындай игі бастамаға біздің банк те өз үлесін қосып отыр,  — дейді ол.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*