Денсаулық

Медициналық қызмет қатаң бақыланады

Конференция

 

Елбасының «Ұлт жоспары — 100 нақты қадам» бағдарламасына сәйкес, халық денсаулығын жақсартуда алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек қызметі жүйелі болуы тиіс.  Мемлекет тарапынан осы мәселеге база назар аударылып, кепілдендірілген тегін медициналық көмектің жаңа нұсқасы жасақталды. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» комерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Айбатыр  Жұмағұлов «Халықтың денсаулығын сақтау: саясат, ғылым, білім және медициналық сақтандыру жүйесіндегі тәжірибе» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-конференцияда айтты.

Басқарма төрағасының айтуынша, біріншіден, жалпы денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржының алпыс пайызы алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмекке жұмсалады. Екіншіден, адам басына төленетін қаржының жалпы кешендік нормативтік бағасын белгілеу жүйесі өзгереді. Емхана маманының әр қызметі бағаланатын болады. Жаңа нұсқаның арқасында алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмекке 2020 жылы 349 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қазіргі бөлінетін қаржыдан 28 пайызға артық. Үшіншіден, медициналық көмектің жаңа нұсқасы іске асқан кезде  тегін медициналық көмек көрсетуге​ жеке емханалар да ниет білдіреді. Жаңа нұсқа денсаулық сақтау саласында мемлекет пен жекеменшік серіктестігінің  дамуына үлес қосады. Бәсекелестіктің арқасында медициналық көмектің сапасы  артады. Емханалар әр пациент үшін күресетін болады.
​2017 жылмен салыстырғанда алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек көрсететін емханалардың саны 501-ден 550-ге дейін көбейген. Мұндай көрсеткіш жыл сайын ұлғаймақ.
Айбатыр Жұмағұловтың айтуынша, 2018 жылы медициналық сақтандыру қоры емханалардағы 483 мың кемшілікті анықтап, сапасыз қызмет көрсеткендеріне 6,3 миллиард  теңге көлемінде айыппұл салған.

— ​Медициналық қызметтің сапасы қатаң бақыланатын болады. Мәселен, расталмаған қызмет бойынша жалған құжаттар тапсырғаны анықталса, тұрғынды (оның рұқсатынсыз) емханаға тіркесе, айыппұл салынады. Осының арқасында медициналық ұйымдардың жалған құжат тапсыруы азаяды.
Медициналық қызметтің көлемін сатып алу және оған мониторинг жүргізу процесі  толығымен цифрлық форматқа көшеді. Қордың ақпараттық базасы жасақталып жатыр. 1С бағдарламасымен байланыстырудың арқасында қор мен емдеу мекемелері онлайн түрде келісімшарт жасайды, — деді басқарма төрағасы.

Жиында «Primary Health Care» Ұлттық қауымдастығының атқарушы директоры, ҚР Президенті істерін басқару медицина орталығының ауруханасы директорының кеңесшісі Инна Стратулат,  денсаулық сақтауды дамытудың республикалық орталығының басшысы Зарина Темекова, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Гүлмира Қожаниязова медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты баяндамалар жасады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button