Басты бет » Білім » Тоқсан бес жылдық жол

Тоқсан бес жылдық жол

Шалқар өңіріндегі білім ошағы — орта білім беретін мектептердің алғашқы ордасына айналған №1 мектеп-гимназиясы өзінің 95 жылдық белесіне қадам басып отыр. Бұл кезеңді лайықты атап өту үшін мектептің барлық түлектеріне арналып үндеу жарияланды. «95 жылға — 95 шара» атауымен ауқымды жоба жасақталды. Мұнда мектеп тарихының бастан өткерген сатылары қамтылады, тәрбиелік мәні зор, рухани, мәдени, спорттық бағыттағы әртүрлі жиындар, жарыстар, басқа да іс-шараларды өткізу белгіленген.

Тоқсан бес жыл ауқымында мектебімізден жүздеген түлектер ұшып шықты. Олар қазір еліміздің әр түкпірінде еңбек етуде. Түлектердің барлығына ортақ бір қасиет — олар қай жерде жүрсе де алтын ұяларын ұмытпайды. Көпшілігі жыл аралатып соғып тұрады. Мектепке, шәкірттерге қамқорлық жасаушылар да аз емес. Олардың ұлағатты істері кейінгі буынға үлгі.

Мектебімізде өткізілген бір шара «Ұлықтаймыз ұстаздардың есімін» деп аталды. Онда өмірден ерте кеткен Әбу Боқаев, Талғат Әлиев, Тимур Ерсұлтановтарды еске алу бағытын көздеп турнир ұйымдастырылды. Ауданның білім қызметкерлері волейбол, шахмат, үстел теннисі сияқты спорт түрлерінен сайысқа шықты.

Үш ұстаздың өнегелі еңбектері жастарға үлгі ретінде айтылып, олардың асыл бейнелері еске алынды. Әбу Боқаев мектепте дене тәрбиесі мен еңбек пәні мұғалімдерінің кафедра жетекшісі болып, модульдік технологияны меңгеруде көптеген жетістіктерге қол жеткізген.

Ал Талғат Әлиев информатика пәнінен сабақ берген алғашқы мұғалімдердің бірі, компьютерлік сауат ашу орталығының оқытушысы болған. Ол кабинет ұстаудың, мектеп мүлкіне жауапкершілікпен қараудың үлгісін көрсетіп жүруші еді. Тәрбие саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған ұстаз ретінде бағаланатын.

Ал Тимур Ерсұлтанов мектепте екі жыл қызмет атқарса да, тағылымды қызмет өнегесін көрсеткен азамат болатын.

Бұған дейін «Туған жерге тағзым» акциясы аясында аудандық мәслихаттың депутаты, «Қамқор-вагон» депосының директоры Орал Ұқсақбаев пен кәсіпкер Абай Ноғаевтың демеушілігі арқасында мектептің акт залы жаңартылып, жаңадан жасақталған еді. Шараға қатысқандар азаматтардың білім ордасына жасаған қамқорлығына ризалық сезімдерін білдіріп жатты. Сондай-ақ, Ақтөбеден келген қонақтар Жұмамұрат Иманғалиев, Дәурен Ділманов, Түгел Жадырасынов, Марат Әленов ұйымдастырылған шара мәнін арттыруға үлестерін қосты. Шалқар қаласындағы №8 жалпы білім беретін орта мектеп пен №2 мектеп-гимназияның командалары белсенділік танытты.

Біздің мектептің түлегі, бүгінде сексен жастан асқан қадірлі ақсақал Дәулетжан Елеусізовтің жастарға бата беруі, ақ тілегін білдіруі жарасымды да ұлағаты мол жәйт іспетті болды.

Мектептің мерейтойына байланысты «Қара шаңырақ» энциклопедиясы жарық көрмекші. Мектеп өмірінен сыр шертетін бұл жинақта тарихи-танымдық, мәдени шаралар, елге еңбегімен, өнерімен, білімімен кеңінен мәлім болған көрнекті тұлғалар, мектеп басшылары мен білім ордасынан түлеп ұшқан түлектер туралы айтылып, гимназия келбеті тұжырымдап баяндалады.

Киелі шаңырақтың түлектері қатарында Кеңестер Одағының Батыры Ідіріс Үргенішбаев, білікті ғалымдар Бекежан Сүлейменов, Дәулет Үмбетжанов, жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов, қоғам қайраткері Молдағали Матқанов, хирург Серік Ақшолақов секілді көрнекті тұлғалар бар.

Мейірхан Орынбасаровтан басталатын мектеп директорлары туралы деректерді осы кітаптан табасыз. Медіресін Тереков, Жамал Амантаева, Аяған Қиынбаева, Сәбитбек Елеуов, Мәулеш Жолаев, Хайролла Бектенғалиев, Сыраш Асқаров, Емберген Тереков, Пана Оралбаев секілді танымал аға-апалар есімін де осы тізімнен табасыз.

Менің өзім де осы мектеп қабырғасынан осыдан жиырма жыл бұрын түлеп ұшқан едім. Енді араға осыншама уақыт салып алтын ұяма басшы болып оралып отырмын. Бұл маған үлкен міндет жүктейді. Алдымыздағы аға-апаларымыз салып кеткен игілікті іздер алда да жалғасын таба береді деп ойлаймын.

Мектебіміздің 75 жылдығы Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылында аталып өтілсе, 95 жылдығы Жастар жылына сәйкес келіп отыр. Қазіргі уақытта мектебімізде көптеген жастар еңбек етеді. Олар алдарындағы ілгері буынның өнеге-дәстүрлерін лайықты жалғастыруда.

 

Жанар СЕЙІТМАҒАМБЕТОВА,

Шалқар аудандық мәслихатының депутаты, 

№1 мектеп-гимназияның директоры.