Тарих

Әжібай би

Ұлы даланың жеті қыры

 

XVIII ғасырдағы  қазақтың басына қара бұлт үйірген «ақтабан-шұбырынды, алқакөл сұлама» кезеңінде, Әбілқайыр ханның Ресей империясымен құжаттасуы заманында,  кейінгі Нұралы хан дәуірінде, жоңғар-қалмақ шапқыншылығы мен Жайық казактарының  құқайы тұсында ел бірлігін, ұлт ынтымағын сақтауда үлкен еңбек сіңірген тарихи тұлғаның бірі — Әжібай би Болпыш ұлы (1680-1790), (кей деректе Болпаш).

Әжібай бидің парасаттылығы, билігі, дегдарлығы туралы ел ішінде аңыз-әңгімелер жеткілікті болса, мұрағат деректері және көне қолжазбаларда да мәліметтер мол. Әкесі Болпыштың нұсқауымен Кіші жүздің көсемі Әйтеке биден бата алған Әжібай мен Арал есімдері қатар аталып отырады. Арал батыр (1682-1789) — Әжібайдың туған інісі. Аңыз-әңгімелерде де солай. Ел ішінде ежелден келе жатқан «Әжібай жақсы Арал жақсы» деген сөздің сақталуы, сірә, тегін емес. Тіпті екеуінің мүрделері де Атырау облысы Жылой ауданының орталығы Құлсары қаласының батыс беті, 30 шақырымдай жердегі «Бақашы» қорымына қатар қойылған. Қазақтың «Еншісі бөлінбеген» деуі осындай жандарға лайық шығар, бәлкім. Әжібайдың 1680 жылы туып, 1790 жылы бақи кешкені таңбаланады. Сонда 110 жас жасаған болып шығады. Ал Аралдың 1682 жылы көз ашып, 1789 жылы өлгені, 107 жас жасағаны көрсетіледі. Жүмілә жұрт бидің билігіне, туралығына жүгінген жібі түзу дәуірде халық арасында: «Сауран айналған» аталып кеткен сол бір заманда Кіші жүз жұртын қонысына бастап келген кете Әжібай, беріш Есболай секілді абыздар екен» деген сөз қалған. Бұл туралы мәнді сөз қалдырған ақын Мұрат Мөңкеұлы бүй депті:

…Әуелі бұл қонысқа қазақ қонған,

Әдірә талай жұртқа азап болған.

Бас қосып Кіші жүздің ақсақалы,

Бойына Үшқиянның қарап қонған.

Есболай, Кете Әжібай бұрын келген,

Қасына батыр Жары Шотан ерген.

Әжібай Сарыарқаны қыстап қалып,

Қонарды Есболай би белгілеген.

Мұрат ақынның «Сарыарқа» деп тұрғаны қазіргі Нұр-Сұлтан қаласының төңірегі емес. Бір кездері біздің арғы бабалар құбылаға қарап, намаз оқып отырып, сырт жағын, яғни арқа тұсын «Арқа» деп атаса керек. Сонда Үстірт үстіндегі адамға бергі Жем, Сағыз, Ойыл, Қиыл, Қобда, Елек, т.б. өңірлер арқа болып есептеледі. Бұрынғылар осынау аймақтарды «Сарыарқа» деп атаған. Мұрат ақынның «Әжібай Сарыарқаны қыстап қалып» деуі соны меңзесе керек-ті.

Әбілқайыр ханның саясатымен тығыз байланысып жатқан XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы Кіші орда қазақтарының тағдыры Әжібай бидің де санасына салмақ салады.  Әбілқайыр хан маңында ақыл-кеңес бере жүріп, хан мен халық арасына түскен жарықшақты дәнекерлеп бітіруші де болған деуге саяды. Іргелес ірі патшалықтың қол астына өтер тұста халық басына үйірілген қауіп бұлтын сейілтуде ол сол кездің тарихи ірі тұлғалары Табын Бөкенбай Қараұлы (шамамен 1667-1742), тайсалмай жауға тигені үшін «Таймас батыр» атанған Көкі батырдың ұлы Тама Есет (1669-1757)  сынды ерлермен бірлесе, Әбілқайыр ханға үлкен көмек көрсетсе керек.

Әжібайдың Бөкенбай, Есет батырлармен үзеңгілес жүруінің себебі бар. Есет батыр Әжібайдың туған жиені болса, Бөкенбай батырдың күйеу баласы еді. Қаратауды күнгей айналып, жылқысы Жайық пен Жемге, түйесі Жойқындария мен Сойқандарияға, ақтылы қойы Елек пен Ырғызға қаптай жайылып, далиып жатқан киіздей тұтас Кіші жүздің исі жайсаңдары бірін-бірі ымнан ұғысып, ірге суытпай құдандалы-жекжатты араласып, сыйлас болғанға ұқсайды.

Бұл турасында кемеңгер жазушы Әбіш Кекілбаев «Үркер» романында бүй дейді: «Есетке таяу отырған батпан сары Балпаш би. Кетенің ғана емес, бүкіл Әлімнің, бүкіл Әлімнің ғана емес, бүкіл Алшынының асқан байы. Жемді бойлап сонау Атырауға дейін шұбалып жатқан ақтылы жылқы сонікі. Анау екі тізесін басып қылқиып-қылқиып отырған екі ақ сары жігіт — балалары. Әжібай мен Арал. Таманың маңдайға тигізері Көкі баласы Есеттің қойнына жар салған Табын Бөкенбай болса, алдына мал салған осы туған нағашысы Балпаш би».

Мінеки, Әжібайдың әкесі Болпаш та дәулетке сәулеті сай, туралап тұрып билік айтқан байсалды жан болған дегенге куәлік етеді кәрі тарих.

Әжібайдың заманы мен халық игілігі үшін еткен қызметі жөнінде көп нәрсе айта аламыз. Оның есімінің мұрағат деректерінсіз-ақ көпшілік арасында аңыз-әңгімелер өзегіне арқау болып жүргені мынадан да байқалады.

Беркітас ауылының Қарасай сайының жоғарғы жағында орналасқан Әжібай сайы деп аталатын аумақ бар. Ертеректе сол жерге қазақ елі қыстауға келеді екен. Әжібай сайы аталуы — сол жерде атақты Кіші жүздің Әлім атасынан шыққан Әжібай би өмір сүріпті. Ол халықты басқарушылық қабілетімен де, әділетті білімділігімен де бірден-ақ көпшіліктің көзіне түсіп, ел аузына ілігіп, би атағын ерте алған екен. Ел арасында кездесе беретін не біреудің құны, не нардың пұлы кетіп, шиеленіскен жұрт Әжібайдың билігіне таласыпты. Әжібай өзі қыстауға көшіп барғанмен ел сол сайды «Әжібай сайы» деп атап кеткен екен (Бабалар сөзі. Жүз томдық. 80-том. 55 бет).

Ал XVІІІ ғасырдың алғашқы жартысындағы қиын-қыстау кезеңде Қазақстандағы саяси оқиғаларға белсене қатысқан Әжібай бидің түрлі қызметтері хақында Ресейдің сыртқы істер мұрағатынан (Мәскеу қаласы, АВПРИ), Орынбор мұрағатындағы сарғайған парақтардан молынан мәлімет ала аламыз. Әжібай есімін зерттеушілер XVІІІ ғасыр­дың алғашқы жартысындағы саяси оқиғалар кезінде кеңінен  атайды.

«Әлімұлының кете рулары, соның ішінде ақкетелері өзге қазақ руларымен Хиуа, түрікмен, Еділ қалмақтары ортасында, Каспий теңізі жағалауларында, Жайық өзені бойларында еркін көшіп-қонған. Аталған рулар заманында Әбілқайыр ханға негізгі тірек болды», — деп келтіреді тарихшылар.

Түркістаннан көшкенде,

Есіл, Тобыл, Нұрамен,

Кіші жүздің басшысы,

Әлімдегі Әжібай,

Беріштегі Есболай.

Жарының ұлы Назармен,

Сөзі тәтті өрік-ті,

Шаршамайтын берік-ті,

Шапса озатын жүйрік-ті,

Әжібай, Назар, Есболай,

Үшеуі қатар жүріпті, — деп толғанады шежіреші ақын Ыбырайым ахун (Ыбырайым ахун Құлбайұлы. Алтынды орда қонған жер. «Арыс». Алматы. 1994 ж.).

Шотан би шұбар атын ұстап беріп,

Аға деп Әжібайға бата айтқызып,

Той қылып Адай туын тіккен жері, — деп жырлайды Түмен ақын (Балтабасұлы Түмен. Маңғыстау – ер Бекеттің жатқан жері. Ақтау. 1999 ж. 36 бет.)

Шен-шекпенге қызығып, қалың қазақты патшаның қол астына қойдай көгендеп беруге ерекше атсалысқан орыс жандайшабы Тевкелев (Мұрат Құтлы Мұхамед Мәметов)  1757 жылғы жүргізген күнделігінде Кіші орданың ішкі-сыртқы саяси істеріне етене араласып жүрген Әжібай бидің башқұрттарға да сыйлы екенін жазып, «Азибай – бий рода аккете Младшего жуза» деп айрықша көрсетеді (АВПРИ, Ф.122/1. 1757г. Л.1-90.26 июля, 1757г.).

Башқұрт демекші, қазіргі Ойыл, Қобда жерін мекендеп, өздерін «Естек кетеміз» деп жүрген естектер де Әжібайдың қамқорлығын көрулі. Шежіреші қарттардың саптауынша, башқұрт жұртының көтерілісі жаншылғаннан соң жан-жаққа бас сауғалаған башқұрттардың біразы қазақ даласына, оның ішінде Ақтөбе жеріне келулі. Екеуі бүгінгі Бадамша маңында қазаланып, сол жер «Қос Естек» аталулы. Үшеуі алды кең Әжібай биді паналап, «Әжібайдың киімді балалары» атанып, үй болып, қазақтарға сіңіп, қоныстанып қалулы. Ол үшеуін – Балта, Сары, Жаман деп түзеді ақсақалдар (Әкімов Ө. Кетелер туралы. Ақтөбе. 2012.,47-49 бб.).

Мінеки, даңқты жазушылар да, азулы ақындар да Әжібай бидің ныспысын дәріптеуден үрікпейді. Кіші жүз тарихының сол бір парақтарын сусылдатқанда аяулы би Әжібайдан аттап кетпей, күллі Кіші жүзге аға болғандай қып көрсетеді сөз зергерлері. Мұның жалған сөз емесі айқын. Мұның өзі бидің беделі мен бағын, абырой-атағын әйгілесе керек-ті.

«Елім» деп еңіреп өткен екі адам болса, бірі Әжібайдай-ақ болар. Тірлігінде үлкердей ұйыған ұлысы үшін аттан түспеген абыз тұлғаның бүгінде ескерусіз жатқаны қалай? Ресей архивтерін, орыстың көне тарихшылары қолжазбаларын (XVIII ғасырға қатысты) саралап отырып, Әжібай атын сәт сайын ұшыратып тұрғасын еріксіз мойын бұрасыз. Тереңірек тануға тырыссаңыз, оның қылған қызметіне таңданбасыңа шараң қалмайды. Қапысыз қалам ұстайсыз. Елбасының «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру, «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларының мақсаты да осындай сұңғыла сұңқарларымызды тірілту екенін сезінесіз.

Жә, тақырыпқа оралайық. Әжібай, жалпы, туған туыстары — Арал, Алтай, Құттығай, Қозыбақ, т.б. інілерін соңынан ертіп, оларды ерлікке, кісілікке тәрбиелеп отырған-ау деген тұжырымға келеміз. Себебі Арал, Алтай, Құттығай секілді Ақкетенің бірқатар батырларының аттары бидің төңірегінде аталып жүреді. Әжібай бидің ел арасындағы беделі мен билігі, халқына қылған қызметі жөнінде архив құжаттары былайша сайрайды. «1747 жылы 10 мамыр. Әжібай бидің Орынбор генерал губернаторы И.Неплюевке Ресеймен сауда қатынастарын дамыту туралы жазған хаты». Хат мәтіні: «Алыс елді мекеннен жақын жүректен генерал мырзаға ғұмыр тілейміз… Сіз бізге Құттыбай батыр мен Қозыбақ арқылы біздің халқымыз Орыс елімен сауда қатынасын орнатып, біздің адамдарымызды сауда жасауға жіберуімізді өтінген болатынсыз» дей келе, генералдың ұсынысына сай, «құдыққа қауға қалай қажет болса, қазаққа сауда сондай қажет» деген сөз кең тараған тұста өркениеті ілгері жұртпен сауда-саттық орнатуды қолдайды. Хат соңын сырқат інісіне дәрі-дәрмек сұраумен түйіп, «Алтай және Арал батырлар бәріміз Сізге, генерал мырза, құрмет көрсетеміз. Арал батыр Сізге шұбар айғырды сыйға тартады. 1747 жылғы 10 мамыр» деп нүкте қояды(ГАОО. Ф.2.оп.1).

1744-ші, 1747 жылғы Ресейдің Үкіметтік Сенатының қазақтардың Жайықтың оң жағалауына өтуіне тыйым салған жарлығынан соң елдің малдық жайылымы тарылып, еңсесі түседі. Осы тұста Әжібай би, Арал, Алтай, Есет тархан секілді дара тұлғалар іштей саяси-әкімшілік іс-шараларын жүзеге асырып, бекіністер мен форпосттардағы әскери казактардың басшылығымен, Жайық бойындағы шолғыншы казактар атаманы Мироновпен, Орынбор губернаторы И.Неплюевпен келіссөздер жүргізіп, халықтың қиындаған экономикалық жағдайын түзеуге ұмтылады. Ақыры дегендеріне қол артады. Орынбор губернаторы Неплюев 1747 жылғы 21 желтоқсанда сыртқы істер коллегиясына жасаған мәлімдемесінде «Аталмыш Әжібай би өзінің туыстары Алтай және Арал батырлармен бірге Каспий теңізіне таман, Жем өзенінің арғы бетінде Көктөбе шатқалын мекендеп» отырғанын хабарлайды (ЦГАДА.ф.18.оп.4).

Ал 1752 жылғы 28 сәуірде канцлер А.Бестюжев-Рюминнің керуендердің қауіпсіздігі мен өтуін қамтамасыз ету туралы Нұралы ханға жазған хатында Хиуа көпестерін Орынборға дейін емін-еркін өткізуді және Ресей керуендерін Хиуаға жеткізуді өтінеді. Осы тұста Әжібай бидің аты тағы да құрметпен аталып отырады (ЦГАДА.ф.18оп.4).

Тіпті 1726 жылы Сүгір, Еділбай билермен бірге Петерборға елшілікке барғаны жайында да ақпар бар (АВПРИ. Ф.122, Оп.1).

Жалпы, Әжібай би төңірегінде Ресейдің, Қазақстанның архивтерінде біршама мәліметтер кездеседі. Оны жинақтап, зерделеу тарихшылардың еншісінде. Біз тек қолға түскен деректерді топтап, елдің көкірегіне осындай парасатты бидің өткенін ұялату үшін ғана талаптандық.

Әжібай бидің тегі — Әлім Ақкете, Ақкетеден Аққошқар, Шалқошқар, Байқошқар. Аққошқардан Айдар, Әлмәмбет. Айдардан Намазғұл, Болпыш (Болпаш), Мамай, Көбек, Асан, Дәулет. Болпыштан Әжібай, Арал өреді. Ал Әлмәмбеттен Ебескі, одан Алтай, Құттығай, Жұлдыз тарайды. Болпыш та дәуренінде дүрілдеген би екен дейді. Әлмәмбет те солай. Әкеден балаға дарыған билік, батырлық, Аралдың баласы Наурызалыдан да айналып өтпейді. Наурызалы XVIII ғасырдың соңына таман әке жолымен көпшілікке басшылық қылып, қол бастап, Сырым батырдың ойын құптап, жұртына жұғымды батыр атанады. Ол өз алдына бөлек әңгіме. Наурызалы жайында архив деректерінің бірінде «Әжібай Аралдың баласы» деп көрсетеді. Наурызалыны Әжібайдың немесе Аралдың баласы екендігін ажыратпайды. Әжібай-Арал бір адамның аты деп ойлауы да мүмкін-ау. Көрдіңіз бе, тірлігінде тату өткендігін ел іші әлі күнге шейін аңыз қып айтса, дұшпан көз орыстың өзі өлгенде де есімдерін ажырата алмаған.

Өз халқының қаһарман перзенті, зарыққанға жебеу, тарыққанға демеу болған абыз ата Әжібай Болпышұлының ғұмырнамасын зерделеп, өнегелі өмір жолын ұлықтап, ұрпаққа үлгі қыла насихаттау бүгінгінің ісі. Мұны кейінге қалдырудың реті жоқ. Бөкенбай, Есет сықылды айтулы ерлерге аға болған «айыр көмей, арқар мүйіз» бидің есімін ертеңгі ұлан біліп өссе несі айып екен. Белгілі үш дананың бірі Әйтеке бидің ақ жолын жалғастырған Әжібай бидің есімін қанша дәріптесек те артық емес. Сол бір зұлмат тұста қанаттаса қимылдап, ел іргесін аман сақтауға, ұлт ұйытқысын бұзбауға бел шешпей бірлесе кіріскен үркердей топты (Әбілқайыр хан, Бөкенбай, Есет, Әжібай, Арал, Алтай, Құттығай, Бақтыбай, Шотан, Есболай, Сәңкібай, т.б.) үкілеп-ақ тастауға шамамыз келеді, бірақ ықыласымыз кемшін. Осынау аталған қаһармандардың есімдерін топтап, қаз-қатар мүсіндерін орнатып, шағын батырлар аллеясын жасаса, анау ерлердің шаңырағына кірген жастарымыздың жалынды кеудесіндегі рухы маздай түсер еді-ау. «Кіші жүзді найза беріп жауға қой» деген ұранды өсиеттің дұрыс айтылған сөз екенін дәлелдеуге тұрарлық іс болар еді сонда.

Мұрағат құжаттарында 1726 жылдар өрінен көзге шалынатын Әжібай бидің халқына қылған қалтқысыз қызметін жан-жақты қарастыруды қолға алған абзал деп ұғып, қарекетімізше әрекет қылдық. Және ол бір мақаланың шеңберіне саятын дүние емесін түсініңіз.

«Жақсылардың барына сенетін адам өзі де жақсы болуға тырысады».

Бұрынғы өткен жақсыларымызды жадымыздан шығармай, жақсы болуға ұмтылып, жақсылық жасауға тырысайық, ағайын!

Есен-Түгел ӘЗИ,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты.

Нұр-Сұлтан қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button