Денсаулық

Туберкулез және біз

Туберкулезден өзіңді қорғау үшін не істеу қажет? Нені білу керек? Бұл аурудан өзіңді қалай сақтау керектігі жөнінде облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының бас маманы, жоғары санатты дәрігер Рыскүл Қабұлова өз ойын ортаға салады.

Туберкулез — әлемде ең көп таралған жұқпалы ауру түрі. Қазір жер бетіндегі бүкіл халықтың 1/3 бөлігі туберкулез микробын жұқтырған.

Туберкулез — жөтелгенде, сөйлегенде, түшкіргенде туберкулезбен ауыратын науқастан сау адамға берілетін жұқпалы дерт. Оны емдеуден гөрі алдын алу жеңілірек. Оның бір түрі — вакцинация жүргізу. Нәрестені кішкентай кезінде иммунизациялау ауруды 15 есе төмендетеді, ішкі ағзалар мен жүйелерге залал кесірінен болатын туберкулездің алдын алуға жәрдемдеседі. Дер кезінде вакцинациялау балаларды туберкулез ауруынан қорғайды.

Туберкулез жұқпасының ең басты көзі — туберкулез науқасы мен оның бөлетін қақырығы. Туберкулездің ашық түрімен ауыратын науқас емделмесе, жылына орта есеппен 10-15 адамға туберкулез дертін жұқтыруы мүмкін. Алайда инфекция жұқтырғандардың бәрі бірдей туберкулезбен ауырмайды, атап айтар болсақ, иммундық жүйе нашарласа, адамның туберкулезбен ауыру ықтималдылығы жоғарылайды. Кох таяқшаларына хлорды белсенді бөлетін заттар өте үлкен әсер етеді. Сондықтан дезинфекция үшін жиі хлор мен хлорлы әк ұнтағы қолданылады.

Қазір туберкулезді анықтайтын тиімді әдістер — бактериологиялық, рентгенологиялық диагностика, балалар мен жасөспірімде манту сынамасын жасау. Тұрғындар арасында өкпе туберкулезін  анықтау мақсатында емдеу орындарында, соның ішінде емханаларда  өкпеге флюорография жасалады.

Туберкулез жұқпасы, сонымен қоса, сүйіскен кездері тіпті қол алысқан, амандасқан жағдайда да жұғуы мүмкін. Сондай-ақ ауру мал да — туберкулез жұқпасының көзі. Адамдар жұқпаны, көп жағдайда, малдың сүтінен жұқтырады. Сиыр желіні туберкулезге шалдыққан жағдайда, сүтте туберкулез бактериялары пайда болады. Сондықтан пайдаланар алдында сүтті шикі күйінде емес, тек қайнатып алып немесе пастерленгеннен кейін ғана ішу керек.

Туберкулез жұқпасының құрсақтағы нәрестеге жұғуы сирек  кездеседі. Әдетте, туберкулездің қарқынды түрімен ауратын әйелдер де дүниеге дені сау ұрпақ әкеле алады. Жаңа туған нәрестені туа салысымен анасынан оқшаулап, вакцина жүргізгеннен кейін, сәйкес гигиеналық жағдайда ұстаса, ол сау болып өседі.

Ауруды уақытылы анықтау үшін, туберкулезге күмән тудырсаңыз, дереу дәрігерге көрініңіз. Өкінішке  орай, науқастардың көпшілігі байқаған белгілерге көңіл бөлмегендіктен, ауруды асқындырып алады.

Ауруды асқындырмау үшін өндірісте де, үй жағдайында да емдеуші дәрігердің барлық кеңестерін қатаң сақтап, бұлжытпай орындап отыру  керек.

Тамақтану тәртібін сақтаңыз. Таңғы асты міндетті түрде ішу қажет. Бөлмені желдетіп, жиі-жиі таза ауада серуендеңіз. Үйдің, кабинетіңіздің терезесін таза ұстаңыз, бөлмеге күн сәулесі еркін енсін.

Туберкулезбен ауырған адамдардың көпшілігі (98 пайыздан артығы) бұл аурудан толығымен жазылып кетеді. Ауру қайталанбау үшін төмендегі ережелерді қатаң сақтауыңыз қажет:

  • Жылына 1 рет алдын алу үшін зерттеулерден өтіп тұру керек.
  • Қатты тоңудан және ыстықтаудан сақтаныңыз.
  • ЖРВЖ- ның және басқа да суық тигеннен болатын аурулардан сақтану;
  • Дене шынықтыру жаттығуларын жасаңыз.
  • Ішімдіктен, шылым шегуден мүлдем бас тартқан жөн.
  • Дұрыс, уақытылы және үйлесімді тамақтаныңыз.
  • Еңбек және демалыс тәртібін сақтаған дұрыс.
  • Аяқасты болатын стресстік кезеңдерді болдырмауға тырысыңыз.

Жоғарыдағы айтылған шаралар орындалған жағдайда ғана туберкулезді болдырмаудың мүмкіндігі бар. Тек өзіңізге сенімді болыңыз. Сіздің күресіңіз еліміздегі туберкулез жұқпасының таралу деңгейін төмендетуге әсерін тигізеді.

Жетпісбай  ЖАНАХМЕТОВ,

облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру

орталығының баспасөз маманы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button