Денсаулық

Инъекция арқылы жұқпа жұқтырушылар жоқ

Брифинг

Жыл сайын мамыр айының үшінші жексенбісінде Дүниежүзілік жұқпалы иммун тапшылығы синдромынан қайтыс болғандарды (ЖИТС) еске алу күні атап өтіледі.  Өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз жиынында АИТВ (адамның иммун тапшылығы вирусы) жұқпасының алдын алу және онымен күрес жұмыстары туралы сөз болды.

Облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Анна Каспированың айтуынша, бүгінгі күні облыста АИТВ жұқпасының алдын алу және антиретровирустық емді уақтылы,  үзбей қолдануды күшейтуге арналған кешенді жұмыстар жүргізілуде. Жалпы облыста эпидемиологиялық жағдай қалыпты. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық азайған. Оның ішінде  инъекция арқылы жұқпа жұқтырушылар мүлдем жоқ. Негізгі жұғу жолы жыныстық қатынас арқылы болып отыр. Ал аталған орталықтың бөлім меңгерушісі Айжан Жайлаубаеваның айтуынша, қазір 386 адам диспансерлік тіркеуде тұр. Оның 80-і — шетел азаматтары. Облыста  1989 жылдан бастап 33 адам қайтыс болған.

Адамның иммун тапшылығы вирусы ағзаға түскеннен кейін бірден әсер етпейді, яғни  алғашқы уақытта ешқандай клиникалық белгілері байқалмайды. Бірақ уақыт өте келе мойын мен дененің өзге бөлігіндегі лимфа түйіндері үлкейеді. Адам тез шаршап, әлсірейді. Көпшілігі вирусты жұқтырғанын кездейсоқ біледі. Мәселен, ота жасардың алдында, қан тапсырғанда немесе медициналық тексерулерден өткен кезде анықталады. Жиында мамандар аталған вирустан сақтанып жүруді ескертті.

Кәмшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button