Басты жаңалықтарМереке

Әскери қызметшілерге марапат

 Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығы ғимаратында 7 мамыр — Отан қорғаушылар күніне орай «Ел айбыны» атты салтанатты шара өтті.

Жиынға облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысып, жұртшылықты мерекемен құттықтады.

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарында қызмет ету — әрбір қазақстандықтың абыройлы міндеті. Бүгінгі күні ақтөбеліктер Отанымыздың қорғаныс қабілетін нығайтуға, Қазақстан халқының тыныштығын қорғауға лайықты үлесін қосуда. Қарулы Күштердің қатарына жыл сайын 2 мыңнан астам ақтөбелік шақырылып, ерлік пен батырлық мектебінде шыңдалуда.

«Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны ұстап тұру әлдеқайда қиын» деген Тұңғыш Президент сөзінің мағынасы өте тереңде жатыр. Әлемнің әр түкпірінде түрлі құбылыстар мен өзара алауыздық орын алып жатқан уақытта, еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту өте маңызды. Ұлттық салт-дәстүріміз бен заманауи үрдістерді үйлесімді сабақтастырып, ұландарымызды патриоттық рухта, адал, қайсар мінезді сарбаз етіп тәрбиелеу — біздің басты міндетіміз.

Қадірлі ардагерлер, офицерлер мен жауынгерлер, жерлестер, сіздерді елдік пен ерліктің тірегі болып табылатын Отан қорғаушылар күні мерекесімен құттықтаймын. Елімізде тыныштық пен татулық орнасын, — деді облыс әкімі.

Бұдан соң Оңдасын Сейілұлы әскери салада қызмет атқарып жүрген 10 әскери қызметкерді Алғыс хатпен марапаттап, 5 әскериге «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана кілтін табыстады.

Бүгін — біз үшін көптен күткен қуанышты күн. Мереке қарсыңында баспаналы болып, екі бөлмелі үйдің кілтіне ие болдық. Бұған дейін пәтер жалдап тұрдық. Енді өз шаңырағымызда отбасымызбен қоныстойын тойлағалы жатырмыз.

Мен он жылға жуық уақыттан бері әскери салада қызмет етіп келемін. Бүгінгі таңда еліміздің Қарулы Күштерінің беделі артты. Жас сарбаздарға барлық жағдай жасалған. Сондықтан да біздің жастар өз еркімен әскерге барып, азаматтық парыздарын өтеуі тиіс , — дейді №6655 бөлімнің әскери қызметшісі Ержан Қарамырзаев.

Сондай-ақ мереке күні 5 ақтөбелік жетім баланың жеке есепшоттарына 50 мың теңгеден ақша аударылып, қамқорлық көрсетілді.

— Биыл Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 27 жыл толып отыр. Жалпы осы жылдар ішінде Елбасымыздың қолдауымен Қарулы күштеріміз толықтай техникамен қамтамасыз етілді.

Биыл біздің Ақтөбе гарнизонынан оннан астам офицер баспаналы болды.  Сондай-ақ қызметшілеріміз көптеген әскери жаттығуларға қатысып, әскери медальдармен марапатталды.

Отанға адал қызмет етемін, өз еркімен әскерге барамын деген жастардың қатары жыл сайын артуда. Әскери борыштарын өтеп келген соң, ішкі істер органдарына, басқа да салаларға қызметке орналасып жатқандар бар, — деді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Сейіткерім Арапбаев.

Мерекелік жиын қаладағы шығармашылық ұжымдардың өнерпаздары ұйымдастырған концерттік бағдарламаға ұласты.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button