Мереке

Жауынгерлерге құрмет көрсетілді

7 мамыр — Отан қорғаушылар күні қарсаңында Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөлімінде қалалық жастар ресурстық орталығы мен City04.kz ақпараттық порталының ұйымдастыруымен мерекелік кеш өтті.

Әскери бөлімнің акт залында өткен шараға тәртібі темірдей қатал қызметтің ардагерлері мен жеке құрамы, сондай-ақ аталған бөлімде азаматтық борышын өтеп жүрген сарбаздар шақырылды. Жиында алдымен сөз алған әскери бөлім командирі Мирас Тұрдалин бөлім қызметкерлерін мерекелерімен құттықтап, бұл күннің 1992 жылдан бері Отан үшін адал қызмет етіп жүрген рухы мықты, ержүрек азаматтардың мерекесіне айналғандығын атап өтті.

Салтанатты шара барысында бірқатар әскери бөлім қызметкерлері төсбелгі тағынса, азаматтық борышын адал атқарып жатқан үздік сарбаздар Алғыс хатпен марапатталды. Сондай-ақ концерттік бағдарлама барысында түрлі ойындар өткізіліп, ұйымдастырушылар тарапы  сарбаздарға мерекелік көңіл күй сыйлады.

— Бүгінгі шарамыздың негізгі мақсаты — әскери борышын өтеп жүрген сарбаздарға мерекелік көңіл күй сыйлап, олардың еліміз үшін қандай жауапты іс атқарып жүргендерін ұғындыру болатын. Бұл бағытта бастаған ісімізді қостап, қолдау білдірген барлық азаматтарға алғысымыз шексіз. «Көп түкірсе көл» демекші, бүгінгі шарамыз көптің бірігуімен өз деңгейінде өтті. Кештің тамаша өтуіне атсалысқан өнерпаз азаматтар мен өнер ұжымдарына рақметімізді айтамыз, — дейді ұйымдастырушы Гүлнұр Ещанова.   

Мерекелік шара барысында әскери борышын өтеп жүрген қатардағы жауынгер Мұхамбетжан Сәдуақаспен тілдесіп, оның өз замандастарына деген тілегін білдік. Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөліміне өткен жылдың маусым айында Ақмола облысынан келген Мұхамбетжан бүгінгі күні  аға мерген қызметін атқаруда. Әскерге барып, Отан қорғау кез келген азаматтың міндеті деп білетін жас жауынгердің басты тілегі — ел тыныштығы.

—  Әскери борышымды өтеп жатқаныма тура бір айдан соң жыл толады. Осы бір жыл ішінде көп нәрсені үйрендік. Жаңа таныстар, адал достар таптық. Әскер — ер-азамат үшін нағыз шыңдалу мектебі. Бұл жерде сен өзіңді жаңа қырыңнан танып, қайраттана түсесің. Жауынгерлік бағытта білімің толығады. Меніңше,  жігітті төзімділік пен шыдамдылыққа тәрбиелейтін бұл мектепті кез келген ер азамат көруі тиіс. Әскерге дейін тарих-дінтану мамандығы бойынша жоғары оқу орнын аяқтағанмын. Амандық болса, ауылға оралған соң өз мамандығым бойынша қызмет етсем деймін.

Мен үшін 7 мамыр — әскери мектептің табалдырығын аттаған, жүрегі Отаным деп, елім деп соғатын нағыз ер-азаматтардың мерекесі. Осы бір айтулы күні барлық Отан қорғаушыларға зор денсаулық, ашық аспан тілеймін. Бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, — дейді ол.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button