Мереке

Рахман Өксұз: Қазақстанды қиып кете алмадым…

Рахман Өксұз аяулы жары, измирлік Лейламен қазақ топырағында танысты. Екеуі де Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің түлегі. Олардың Қазақстанның білім саласында қажырлы еңбек етіп жүргендеріне биыл — 10 жыл.

— Қазақстанда қалуыма қазақ халқының дархан көңілі, кең пейілі ықпал етті, — дейді түрік азаматы Рахман Өксұз.

Оның қазақ жеріне келгендегі әу бастағы мақсаты тіл үйрену — қазақ тілі мен орыс тілін меңгеру болыпты. Дегенмен, көп ұзамай, Қазақстанда қалуға ниеттенген.

— 2-курста оқып жүргенімде Алматыдағы қазақ-түрік лицейінде тәрбиеші болып  жұмысқа қабылдандым. Сол кезден бастап қазақтармен етене араласып, оларды жақын тани бастадым. Қазақтардың қонақжай, бауырмалдығына тәнті болдым. Менің ойымша, әлемде қазақ халқының қонақжайлығына, дархан көңіліне тең келер халық жоқ.

Тәрбиеші болған кезім әлі күнге дейін көз алдымда. Әлі студент, жас маман болсам да маған деген ата-аналардың ыстық ықыласы, мейірімі, ізет, құрметі ерекше-тін. Ата-әжелер немересіндей көріп, қашан көрсе де «айналайын» деп маңдайымнан сүйіп, ата-аналар баласындай бауырына тартты.

Оның үстіне лицейдегі білім беру жүйесі де қатты ұнады. Ұжымдағы мұғалімдердің бәрі тамаша жандар еді. Оқушы-ата-ана-мектеп арасындағы ынтымақ-бірлік жарасып, байланыс мықты болды. Сөйтіп, мен бұл ортаға әбден бауыр басып қалдым, — дейді Рахман.

Ол 4-курсты тәмамдап, диплом алар тұста Қазақстанды қиып кете алмасын анық сезіпті. Сосын бұл ойын анасы, бауырлары арқылы әкесіне жеткізуді ұйғарған. Әкесі шаңырақтың кенжесін қазақ жеріне білім алу үшін ғана жіберген болатын…

Әкем — қатал кісі. Оған айтуға жүрексіндім. «Әкемнің келісімін қалай алсам болады» деп ұзақ түнде көз ілмей, мазам қашқаны да есімде… Содан алдымен екі ағама, одан соң әпкеме ойымды айттым. Олардан қолдау тапқан соң, анаммен сөйлестім. Сөйтіп, бесеуміз бірлесіп, әкемізге айтып, батасын алдым, — дейді Рахман.

Университетті бітірген жас маман қазіргі Нұр-Сұлтан қаласындағы қазақ-түрік лицейіне жұмысқа қабылданыпты. Онда 6 жыл бойы еңбек етіп, 2015 жылы Ақтөбеге қоныс аударады. Қазір мұндағы білім инновация лицейінде директордың ата-анамен байланыс жөніндегі орынбасы қызметін атқарады. Сондай-ақ, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде жұмыс істейді. Жары Лейла бала күтімімен үйде отыр. Кішкентай қызы Зейнеп Азра қазақ балабақшасына барады.

Рахман Өксұз қазақ тілі мен түрік тілінің арасында ұқсастық бар екенін айтады. Екі халықтың құда түсу, азан шақырып ат қою, сүндетке отырғызу секілді салт-дәстүрлері де ортақ.

— Қазақтарда қалыңдыққа сырға салу дәстүрі болса, бізде бұл рәсім кезінде екі жастың саусағына жүзік, яғни неке сақинасы салынады. Бұл рәсімді нишан деп атайды. Рәсімді жігіттің әкесі немесе ағасы жасайды. Содан кейін екі жақ тойдың уақытын белгілейді, — дейді Рахман.

Ол өзінің туыстарына да қазақ жері қатты ұнайтынын айтады. Былтыр жазда қайынатасы мен қайыненесі қонаққа келіпті. Оларды автокөлігімен Қазақстанның батысын, солтүстігі мен оңтүстігін аралатыпты. Ақтөбе-Қостанай-Астана-Балқаш-Алматы жолдарымен оңтүстік астанаға барып, қайтарда Алматы-Тараз-Шымкент-Түркістан-Қызылорда-Арал-Ақтөбе жолдары арқылы жалпы 5434 шақырым жүріп өтіпті.

Ақтөбеден Нұр-Сұлтанға көлікпен бардық. Одан Алматыда біраз күн болдық. Қайтар жолда Шымкентте аялдадық. Киелі Түркістандағы қасиетті Қожа Ахмет Яссауидің кесенесіне тағзым еттік. Аралда досым қарсы алды. Нұр-Сұлтан мен Алматыда ата-аналар қарсы алып, қонақ етті. Сөйтіп, Ақтөбеге жеттік. Қайынатам мен қайыненем мәз болды. Олар Қазақстанның таңғажайып табиғатына тамсанды, байтақ даланы көріп, таңғалды. Қазақ халқының қонақжайлығына куә болды.

Ақтөбеге келген соң 9-сыныптың ата-аналарының ұйымдастыруымен Ойылға бардық. Ондағы көрікті жер — Ойыл орманы, Барқын құмында тынықтық. Мұнда да қайынатам мен қайыненем бауырмал қазақ халқының ақпейіл, дархан көңілдеріне таңғалумен жүрді.

Жалпы Қазақстандағы сапары, саяхаты барысында қайынатам 1300-ден астам сурет түсіріпті. Бұл — бірнеше альбомның жүгі, — дейді Рахман Өксұз.

Ол әңгімесінің соңында:

— Келбетім қазаққа ұқсамаса да, жүрегім түрікпен бірге қазақ деп те соғады. Қазақ халқын жақсы көрем деу аз, өз Отаныммен бірге қазақ елін ерекше құрметтеймін, шексіз сүйемін, — деді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button