Мереке

Болгарка ауылы

«Ақтөбе аймағы — көп ұлттардың мекені» деп тегін айтылып жүрген жоқ. Оның кей өңірінде тіпті тұтас ұлттар, халықтар қоныс теуіп отырған. Кезінде Бөгетсайды кәрістер, Темір ауданының «Достық» ауылын чехтар жайлағаны белгілі. Ал Алғаның Болгарка ауылын ақтөбеліктердің білмейтіні кемде-кем. Аталған ауданының Сарықобда ауылдық округі құрамындағы бұл мекен аудан орталығынан оңтүстік-батысқа қарай 63 шақырым жерде. Жарты мыңға тарта тұрғыны бар әжептәуір мекен, ежелгі қоныс.

Ежелгі болатыны, зерттеушілер мұнда бұл халық Болгария мен Бессарабиядан Столыпин реформасы кезінде қоныстана бастағанын айтады. Қазақ даласына олар отырықшылық қаракетпен бірге, өздерінің көне дәстүрлерін де ала келген. Онысы және қазірге дейін сақталған. Соған қарағанда олар жалғыз-жарым болмай, бірден қауымдасып көшіп келгенге ұқсайды.

Әрине, Балқан тауының жазығы мен құнарлы етегін жайлаған болгарлардың құмары раушангүлі, шұбалған жүзім сабақтары екенін кім білмейді. Ұлттық киімдері мен жасау-жиһаз бұйымдарды әспеттейтін орамалдарына өрнек болып түсетін бұл бедерлерді Болгар ауылының бүгінгі тұрғындарынан да жазбай танисың. Алайда олар даланың қытымыр табиғатында раушангүлі мен жүзімді көптеп өсіре алмағанмен, өздерімен бірге келген дәстүрлерін жоғалтпаған. Ол ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Болгарлардың халық дәстүрлері мен салттарын берік ұстанған. Қыспен қоштасу сынды әдемі дәстүрлері бар.  Арада қанша ғасырлар өтсе де тілдері де сақталған. Оған байырғы отандарынан келіп тұратын қандастарының өздері таңғалысады екен. Өйткені ол жақтағы мен бұл жақтағы болгарлардың тілдері бірдей, айырмашылық жоқ көрінеді.

Кеңестер Одағы ыдыраған кезде Қазақстанды мекендеген талай ұлттар мен ұлыстардың атажұрттарына көшіп кеткенін білеміз. Бір ғана Ақтөбе аймағының өзінен  қаншама ауыл-ауыл болып отырған немістер, кәрістер, украиндар, өзге де ұлт өкілдері үдере көшті. Ал Болгарка ауылының тұрғындары қозғалған жоқ, байырғы қонысында қала берді.

Мұның сырын ауыл тұрғындары қазақ жеріне терең тамыр жайғандығымен байланыстырады. Осы  уақыттарда қазақ дәстүрлерінің де  де бойларына берік сіңгенін айтады. Мәселен, арғы тегінде көкөніске, жеміс-жидекпен қоректенуге бейім болса, бүгінде олар ет тағамдарын, өзге де мал өнімдерін қазақтан кем тұтынбайды. Бүгінде әр үй қазақпен іргесі айырылмайтын көрші, жақын жекжат болып алған. Қазаққа айтар алғыстары шексіз. Тіпті көріпкел Ванганың өзі: «Осы қоныстарыңнан ешқайда қозғалмаңдар, нағыз бақытты сол жерден табасыздар» деген деп, сендіре түседі.

Мұндағы әр тұрғынның тілегі — осы құтты мекеніміз  қазақ елімен бір сапта нығайып, гүлдене берсе дейді. Сол жолда көппен бірге талмай еңбек етіп жатқан жайы бар. Тілегі бірдің — тірлігі бір деген осы.

 А.ҚАЗЕКЕНОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button