Мереке

Екі есе қадірлі мекен…

Ақтөбелік украин балалары жексенбілік мектепте туған тілдерін үйренумен қатар, қазақ тілін де оқып жүр. 

«Оксана» украин ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі Валентина Моисеенконың айтуынша, жас ұрпаққа туған тілін — украин тілін үйрету міндеті орталық құрылған алғашқы күннен бастап бірінші орынға қойылып келеді. Бастапқыда жексенбілік мектепте тіл үйретуді Сталина Балюра қолға алған. Украин халқының мәдениеті, салт-дәстүріне жетік ұстаз, тіл үйретумен қатар, жексенбілік мектепке келушілерге өз халқының тарихы, әдебиеті, қолөнері, т.б. қатысты неғұрлым көбірек біліп, ізденулері үшін дұрыс жөн сілтей білді. 2003 жылдан бастап жексенбілік мектептегі сабақтарды Татьяной Нечитайло өткізіп келеді. Ол балалар мен жастардың өз тілдерін оқып-білумен ғана шектелмей, сол білім арқылы өздеріне жаңа мүмкіндіктер ашып, жаңа бір жетістіктерге ұмтылғанын қалайды, соған жетелеп келеді. Мысалы, Полина Ковалевская халықаралық «Живой Пушкин» бейнежобасына қатысып, ақынның жырын украин тілінде оқыпты. Украин тілін білгендіктің арқасында, қазір ақтөбелік бір топ жас Украинаның жоғары оқу орындарында оқып жүр. Сондай-ақ, Татьяна Нечитайлоның сабақтары облыстық «Көптілділік — әлемді тану көпірі» атты онлайн-байқауда 2-орынға ие болды.

Жексенбілік мектепте балалар туған тілдерімен қатар, қазақ тілін де оқиды екен. Қазақ тілін оларға Гүлбану Бекенбаева мен Марфуға Оралбаева оқытады. Өткен аптада ғана жексенбілік мектепте оқитын украин балалары қазақ тілінде диктант жазып, 8-і бірдей марапатқа ие болыпты. Бұл — тек бір жолғы жетістік. Ал Маша Кравчук, Ира Гнатюк, Кристина Родионова және басқалар бұған дейін де қазақ тілінде өткен түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған.

«Оксана» орталығының «Барвинок» үлгілі фольклорлық ансамблінің мүшелері қоғамдық өмірге, түрлі мәдени шараларға белсенді қатысады. Балалардың оқудағы, өнердегі жетістіктерін, олардың белсенділігін орталық жетекшілері әрдайым қолдап, жолдамамен Бурабай, «Артек», басқа да лагерьлерге жіберіп келеді.

Орталықтың мүшелері, әсіресе, Тарас Шевченко шығармашылығын насихаттауға айрықша көңіл бөліп келеді.

— Ақтөбе жері бізге туған топырағымыз ретінде айрықша қымбат болса, сонымен қатар бұл өңірді Тарас Шевченконың ізі қалған өңір ретінде екі есе қадірлейміз, — дейді олар.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button