Мереке

Достық пен өнердің мерекесі

Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына және елімізге белгілі биші Базаргүл Омарова мен биші, педагог Бархат Бушаеваның жүлдесіне арналған «Ұлттық биім — елге сыйым» атты II республикалық фестиваль өтті. Шараны қалалық әкімдік ұйымдастырды.

Фестиваль ашылмас бұрын жан-жақтан келген ұстаздардың қатысуымен конференция өтті.
Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алтынай Юнисова қатысушыларды құттықтады.

— Биыл екінші рет өткізіліп отырған шара қаланың 150 жылдық мерейтойымен тұспатұс келді. Шындығы сол, бұған дейін облысымыздан шыққан белгілі биші Базаргүл Омарова туралы білгеніміз жоқ. Былтыр зерттеушілердің арқасында біраз ақпаратқа қанықтық.
Алдағы уақытта фестивальді жыл сайын Халықаралық би күні мерекесі қарсаңында ұйымдастыруды дәстүрге айналдырмақпыз, — деді ол. Жиында Б.Омарованың қызы З.Ғұмарқызы анасы туралы естеліктер айтты. Әкесі майданға аттанғанда ержете қоймаған кішкентай қыз соғыс жылдарындағы қиындықтарды, анасының қайсар мінезі туралы әңгімеледі. Ал Б.Бушаеваның қызы Г. Бирмағанбетова анасының өнер жолы туралы айтып берді. Жиында ұлттық би өнерін дамытудағы өзекті мәселелер қозғалды.

Мәселен,Атырау қаласындағы Н. Тілендиев атындағы кіші өнер академиясының ұстазы, би өнерінің шебері Талғат Гатауов қазіргі таңда халықтық би өнерінің кенже дамып келе жатқанына қынжылды.
— Халықтық билердің лексика жағынан кемшіліктері көп. Әсіресе жас үйретушілер әуенге қарай заманауи қимылдарды қосады, содан кейін бидің этникалық түпнұсқасы жоғала бастайды. Ал балаға қалай көрсетсең, солай қабылдайды. Қазақ, орыс, якут, моңғол, яғни барлығында да осындай проблема бар. Қазақтың биін қысқа көйлекпен билейтіндерді көріп жүрміз, — деді қазылар алқасының мүшесі Талғат Гатауов.
Жиналғандар бұндай шараның жастардың өсуіне, қанаттануына үлкен септігін тигізетінін
айтты. Ал би сайысына Орал, Атырау, Жамбыл облыстарынан жас бишілер қатысты. Сайысқа
Мәскеу, Астана, Атырау қалаларындағы жетекші би орталықтарының ұстаздары қазылық етті.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button