Мереке

Светлана Югай: Әңгімемізді қазақша өрбітеміз

Ақтөбелік Светлана Югайдың ұлты кәріс демесеңіз, қазақшаға судай. Мемлекеттік тілді қаршадайынан жетік меңгерген ол кіл қазақтардың ортасында туып-өскенімнің әсерінен алғашында корей түгілі, орыс тілінде сөйлеуге ұялатынмын дейді.

Хромтау ауданына қарасты Бөгетсай ауылдық округінде дүниеге келген кейіпкеріміздің әкесі кәріс болса, ал анасы — қазақ. Нағашы жұрты, ауылдастарының арқасында мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін Светлана бұл туралы:

— Бөгетсай ауылында корейлер көптеп қоныстанған. Олардың барлығы мен сияқты қазақ тілінде мүдірмей сөйлейді. Сондықтан тіл үйрену жағынан ешқандай қиындық болған жоқ. Тіпті, шыны керек, бала кезімде орыс тілінде сөйлеуге ұялатын да едім. Өйткені жан-жағымның бәрі қазақ, корейлердің өзі мемлекеттік тілде сайрап тұр… Өзге тілде сөйлесем, басқалар мұнымды қалай қабылдайды деген ой болатын, — деп күлді Светлана.

Мамандығы бойынша бастауыш сынып мұғалімі ол қазіргі таңда кәсіпкерлікпен айналысады. Жолдасы Геннадий екеуі 3 баланы тәрбиелеп отыр. Өзінің ауылдасына тұрмысқа шыққан Светлана үйдегі ұл-қыздардан жасырын әңгіме, құпиялар болса, оның әдетте қазақ тілінде талқыланатынын айтады.

— Күйеуім де қазақ тілінде еркін сөйлейді. Ал балаларымыз бұл жағынан біздей емес, мемлекеттік тілді аздап қана біледі. Соны пайдаланып, екеуара әңгімемізді Геннадиймен тек қазақша өрбітеміз.

Жалпы, жолдасым құранды оқи алады, өзім сияқты қазақтың көптеген салт-дәстүрінен хабардар. Жұма күні жеті шелпек пісіреміз. Осы орайда соңымнан ерген үш інім де қазақтың қыздарына үйленгенін айта кеткім келеді. Сол себепті, қазақ халқымен туыспыз деуге толық негіз бар, — дейді корей ұлтының өкілі.

1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күнін жора-жолдастарын, көршілерін, айналасындағы адамдарды құттықтап, жылы лебіз білдірумен өткізетінін айтқан Светлана қазақ пен кәріс ұлттарының ортақ тұстары көп екенін де қосты. Әсіресе, әңгімелесушіміз үлкенге құрмет көрсетуде ерекше атап өтуге тұрарлық ұқсастықтарына төмендегідей тоқталды:

— Өзімді елімнің патриотымын деп есептеймін. Қазақстаннан, соның ішінде Ақтөбеден ешқайда кеткім келмейді. Бірақ бір рет болса да Сеулді көруді армандаймын. Оңтүстік Кореядағы тұрғындардың тіршілігі, өмір сүру салты қызықтырады. Сондағы апамнан олардың өте еңбекқор екенін, жақсы өмір сүру үшін аянбай жұмыс істейтінін естідім. Алдағы уақытта соны өз көзіммен барып көрсем деймін.

Қазақ пен корейдің ұқсастықтары көп. Мысалы, үлкенге иіліп, сәлем салуы, олардың алдын кесіп өтпеуі, айрықша сыйластық танытуы жағынан қос халық бір-бірімен үндес, — деп ағынан жарылды ол.

Оның сөзінше, корей халқы қиын-қыстау заманда оларды бауырына басып, тұрақтап қалуына мүмкіндік берген Қазақстан, Қырғызстан, Грузия мемлекеттеріне әрдайым ризашылығын білдіріп жүреді. «Қазақ халқына алғысымды тек 1 наурыз, болмаса бүгінгідей мерекеде емес, ылғи айтып жүремін. Себебі жақсылық ұмытылмайды… Осы тату-тәтті өміріміз мәңгілікке жалғасса екен», — деп әдемі тілегімен аяқтады сөзін Светлана Югай.

Айта кетейік, Қазақстан кәрістер қауымдастығының өңірдегі өкілдігінен білгеніміздей, Ақтөбеде 1250 кәріс ұлтының өкілі өмір сүріп жатыр.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button