Жаңалықтар

Береке басы — татулық пен бірлік

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратын аралап, этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесті.

Облыстағы этномәдени бірлестіктер қоғамдық келісімнің нығаюына, өңірдегі берекелі тірліктің қалыптасуына өз үлестерін қосып жүр. Осыдан бір ай бұрын ғимарат ішінен  Nur Otan партиясының облыстық филиалымен бірлескен «Белсенді өмір орталығы» ашылыпты. Бұл жерде ақсақалдар бас қосып, шахмат,  дойбы ойнайды, әңгімелеседі.

Облыс әкімі ақсақалдар және  аналар кеңесінің мүшелерімен кездесті. Ортақ әңгіме барысында айтылғандай, зейнет жасындағы әжелер үйде бос отырмайды. Жастарға тәрбиелік мәні бар, ұлттық салт-дәстүр туралы сабақтар өткізіп, кездесулерге жиі барады. Облыс басшысы қазіргі жастардың алғыр, білімді екенін, алайда оларға дұрыс бағыт-бағдар беру керектігін айтып, ардагерлердің бұл ісін құптап,  алғысын білдірді. Сондай-ақ ғимаратта аналар кеңесі жанынан мектеп оқушылары үшін қолөнер үйірмесі ашылған. Үйде отырған қолы бос әжелер мен аналар келіп, іс тігудің қыр-сырын үйретеді. Оңдасын Оразалин әжелермен әңгімелесті. Балалардың тоқыған бұйымдарын көрді. Мұражайды аралады.  Этномәдени бірлістік өкілдерімен сөйлесті.  «Азери» әзірбайжан ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі Шахбаз Жамаловты туған күнімен құттықтады. Армян этномәдени бірлестігі төрағасының  орынбасары Арутюн Микаелян қазақ тіліне аударылған  «Арараттан еске леп» атты армян ақындары антологиясын сыйға тартты. Облыс әкімі еліміздегі ұлттар арасындағы татулық пен бірліктің нығаюына ассамблеяның қосып отырған үлесі зор екенін айтты.

Бірлігі мен татулығы жарасқан елдің болашағы зор болады. Тұңғыш Президентіміз қашанда елдің тұтастығын, бірлігін, татулығын бірінші орынға қойды. Біздің еліміз өзге мемлекеттерге үлгі болып отыр, — деген Оңдасын Оразалин еліміздің бірлігіне сызат түсірмей келе жатқан этномәдени бірлестіктердің жұмысына сәттілік тіледі.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button