Жаңалықтар

Негізгі міндет — халықтың әл-ауқатын жақсарту

Сессия

Кеше облыстық  мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтті. Сессия жұмысына облыс әкімі Оңдасын Оразалин, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, қоғамдық кеңестің мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Сессия 2019-2021 жылдарға арналған  облыстық бюджет туралы облыстық мәслихаттың 2018 жылғы 10 желтоқсандағы шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе қарады. Бұл жөнінде облыстың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева хабарлама жасады. Ол облыстық бюджетті нақтылау үшін республикалық бюджеттен берілетін нысаналы транферттердің тізімін ұсынды. Оның жалпы мөлшері 17 701 368,0 мың теңгені құрайды. Оның ішінде ағымдағы нысаналы трансферттер —11 347 471,0 мың теңге.

Бұл қаржылар негізінен  мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлерінің, азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақыларын арттыруға, әлеуметтік қамсыздандыру және еңбек нарығын дамытуға, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек төлеуге жұмсалмақ. Сондай-ақ коммуналдық тұрғын үй қорын нығайтуға және қайта жаңғыртуға, «Ауыл — Ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыруға, сумен жабдықтау және су бұру жүйесін, көлік инфрақұрылымын  дамытуға, бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға тиісінше қаржы қаралған.

Сонымен қатар, сессияда Г.Сүйінтаева облыстық бюджеттің нақтылануына ұсынылатын шығыстардың да тізімін баян етті, шығындардың жалпы сомасы —5 061 623,0 мың теңге.

Оның ішінде инженерлік желілер салу және аббаттандыру, халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған жалға берілетін үй құрылысына бөлінген, «Батыс-2», Заречный-3,4 тұрғын үй алабында автомобиль жолдарының құрылысына,  тағы басқа нысандарға бағытталған қаржылар бар. Қаржымен қамтуда кәсіпкерлікті дамыту, мұқтаж мүгедектерді, қозғалуға қиындығы бар бірінші топтағы мүгедектерге жеке көмекшілік қызметтерге дейін ескерілген.

Сессияның күн тәртібінде қаралған мәселені талқылау барысында  депутаттар мемлекеттік міндеттемелері облыстық мәслихаттың сессиясында бекітілмеген Ақтөбе қаласындағы Мұз сарайының жобасы бойынша қаржы бөлінуіне қатысты мәселелерді көтерді. Мұнымен бірге, үй маңындағы аумақтарды абаттандыру, мектептер салу, әлеуметтік сала нысандарын газдандыру, аудандардағы тұрғын үйлерді қайта жаңарту мәселелерін қамтыды.

Депутаттардың тұрақты комиссияның отырысында және сессияда көтерген гуманитарлық колледждің спорттық және акт залдарын салу, Мәртөк ауданындағы Жайсаң көпсалалы колледжін газдандыру, мүгедек көмекшісінің еңбекақысын көтеру, шағын және орта бизнес иелері бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау туралы мәселелері мен ұсыныстары қолдау тапты.

Мәслихаттың кезектен тыс сессиясы тиісті шешім қабылдады.

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясының соңында облыс әкімі Оңдасын Оразалин сөз сөйледі.

— Бюджетті нақтылау — кең ойластырылған шешім, әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған шара. Халықтың өмір сүру сапасын одан әрі жақсарту — бәрімізге ортақ міндет. Бөлінген қаражаттың 90 пайызы әлеуметтік салаларға  бағытталған, — деді облыс әкімі.

Мұнымен бірге,  облыс басшысы облыстың экономикасына талдау жасап, бүгінге дейінгі атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттерге тоқталды. Аймақта тұрғындарды орталықтандырылғын ауызсумен қамтудың, газбен жабдықтаудың біршама жоғары екенін атап өтті. Сонымен бірге, халықтың да әлеуметтік мәселелерді шешуге келгенде талаптарының өсіп отырғанын айтты. Өмірдің дамуына байланысты бұл талаптар орынды болып шығатынын да білдірді. Осы ретте, әсіресе, халықты газбен қамтуда күрделі мәселелердің де туындап тұрғанын алға тартты.

— Біздің міндетіміз — Елбасы атап көрсеткеніндей, тұрғындардың табысын одан әрі көтерумен және тіршілік сапасын жақсартумен еліміздің төртінші мегополисі ретінде Ақтөбе агромерациясының серпінді дамуын қамтамасыз ету, — деді аймақ басшысы. Бұл мәселелердің шешілу жолдарын таяуда облыстық екі газет пен әлеуметтік желілерде жарияланған өзінің «Ақтөбе облысын дамытудың перспективаларында» жан-жақты көрсеткенін айтты. Осында көрсетілгендей, негізгі басым бағыттар — тұрғындардың табысын арттыру, тіршілік сапасын жақсарту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, газбен, сумен жабдықтау болмақ. Сондай-ақ әкім жұртшылықпен кездесу барысындағы  көтерілген мәселелерді, тұрғындар тарапынан айтылған кейбір орынды ұсыныстарды  да ортаға салды. Қоғам өміріндегі көп мәселелерді депутаттармен бірлесе отырып шешуге шақырды.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button