Жаңалықтар

Чернобыль құрбандарын еске алды

Биыл Украинадағы Чернобыль апатына 33 жыл толды. Өткен ғасырдағы ең ірі техногендік атом электр станциясында болған апатты жоюға Ақтөбе облысынан 2000 адам қатысқан болатын.

Кеше апатта қаза болған азаматтарды еске алуға арналған шара Тұрғындар қалашығы ауданында орналасқан «Чернобль құрбандары» ескерткішінің алдында болды. Салтанатты шараға Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қатысып, Чернобыль апаты, оған қатысқан ақтөбеліктердің зиян көргенін, тарихи оқиғаға қатысы бар азаматтардың ешқашан ұмытылмайтынын айтты.

— Апаттың болғанына 33 жыл өтсе де бұл қайғы есімізден кетпейді. Адамзатқа залал келтірген апатты тоқтату үшін араша болған сіздердің ерліктеріңіз орасан зор. Мұны біз, Ауған соғысының ардагерлері, бағалаймыз, ұрпаққа үлгі етеміз, — деді ауған соғысының ардагері Марат Қойлыбаев. Одан кейін сөз алған Ақтөбе облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті басшысының орынбасары Әділбек Құлтаев апатты жоюға атсалысқандарды батырға балап,  Ақтөбеде 260  азаматтың қалғанын айтты.  Чернобыль апатына қатысқан ардагер Міржақып Бижанов қайғылы кездердің, қиын сәттердің зардабын, адам баласы үшін өте ауыр болғанын айтты. Еске алу рәсіміне жиналғандар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, қаза болғандарды 1 минут үнсіздікпен еске алды.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button