Денсаулық

Экологияны жақсарту — денсаулық кепілі

Конференция

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде ел аумағындағы экологиялық жарамсыз жерлерді сауықтыру бойынша  ғылыми конференция өтті. Жиын осы мәселені зерттеуге бар күшін салған университет профессоры Алтай Шарбақовты еске алу шарасына орай ұйымдастырылды. 

Конференцияда университеттің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Ғазиза Смағұлова  Алтай Шарбақовтың экологияны жақсарту және медицина ғылымының дамуына қосқан үлесіне тоқталды. Университеттің кәсіби аурулар мен гигиеналық пәндер кафедрасының профессоры Арыстан Мамырбаев ғалым еңбектеріндегі гигиеналық ғылымның дамуы туралы баяндама жасады.

Алтай Шарбақов — медицина ғылымының докторы, профессор, Ақтөбенің экологиясына алаңдаған санаулы ғалымның бірі. Ұзақ жылдар Ақтөбе қаласының санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау саласында еңбек етті. Әр жылдары Алматы теміржол дәрігерлік-санитарлық қызметі бастығының орынбасары,  Астана медицина университетінің экология кафедрасының меңгерушісі болды. Гигиена, эпидемиология, экология бағыты бойынша ғылым кандидаттарын даярлады. Шәкірттерімен бірге облыс экологиясын жақсартуға үлес қосты.  Өмірінің соңғы жылы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің гигиена және экология кафедрасының меңгерушісі болды.  Ақтөбе қаласының ауызсу сапасын жақсарту, ауаны ластанудан сақтау және  Елек өзенінің экологиялық ахуалы туралы проблемаларды көтерді.

Жиында ғалымның жан-жақтан келген шәкірттері оның еңбегі мен өмір жолы туралы естеліктер айтты. Ғалым көтерген проблемалардың өзектілігін сөз етті. Конференцияның ашылуынан кейін пленарлық отырыстарда экологияны жақсарту мәселелері көтерілді.

К.ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button