Денсаулық

12 мыңға жуық бала қызылшаға қарсы егіледі

Ақтөбеде сәуірден бастап 9 айға толған 12 мыңнан аса сәбиге  екпе салынады. Бұл туралы облыстың емдеу мекемелерінің қызметкерлеріне арналған семинарда айтылды.

Жыл басынан бері облыста қызылшамен 51 адам ауырса, оның ішінде бір жасқа толмаған 24 бала бар. Көпшілігі екпе алмаған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Есенаманованың айтуынша, 9 айлығында қызылшаға қарсы алғаш рет екпе алған нәрестеге 1 жас 3 айлығында және 6 жасында тағы екпе салынады. Қызылшаға қарсы екпені науқастармен жиі байланыста болатын 40 жасқа дейінгі медицина қызметкерлері де алады. Себебі облысымызда  төрт қызметкер ауырса, республика бойынша отызға жуық медицина маманы қызылша жұқтырған.

Сондай-ақ  жасы отызға  толмаған, бұрын қызылшаға қарсы екпе алмаған және  бес жыл бұрын бір рет қана екпе алған, қызылшамен бұрын ауырмаған ақтөбеліктер де алуы тиіс. Вакцина Үндістаннан әкелінген. Әлемнің 70 пайызы осы вакцинаны пайдаланады.  Жыл соңына дейін 12 мыңнан аса бала, 3 мыңнан аса медицина қызметкері мен 30 жасқа дейінгі барлық тұрғын қамтылмақ. Екпе салу жұмыстары жыл соңына дейін барлық медициналық мекемеде жүргізіледі.

Қызылша (корь) — ауа тамшылары арқылы жұғатын жедел инфекциялық ауру. Вирус ағзаға тыныс жолдары арқылы еніп, кілегейлі қабатында көбейеді.

Кәмшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button