Мәселе

Өзен жағасындағы талдарды кесу тоқтатылады

Су тасқынының алдын алу мақсатында Ақтөбенің Елек және Қарғалы өзендерінің жағалауындағы талдарды жаппай кесу тұрғындардың наразылығын тудырды. Талы қырқылған өзен айналасы батпаққа айналуы мүмкін.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин мәселені көзімен көріп, ағаштарды кесуді тоқтатуға нұсқау берген болатын.  Алайда өзен табанын тазалауға кіріскен компанияларға қатысты тұрғындардан шағым көп. Облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин өзен жағалауын аралап, мердігер компаниялардың өкілдерімен кездесті.

Қарғалы өзенінің айналасын «Спецстрой» серіктестігі, ал  Елек өзенін  «Павлодарский речной порт»  АҚ тазартып жатыр. Қарғалы өзеніндегі көпірдің айналасын көрген облыс әкімінің орынбасары қала әкімінің орынбасары Ибраим Көзбаев пен компания өкілдеріне қатаң ескерту жасады.

Облыс басшысының өзі келіп, аралады. Ағаштарды кесуді тоқтату туралы тапсырма берді. Бірақ сіздер соған қарамастан әлі күнге дейін талдарды кесіп жатырсыздар. Өзеннің ортасындағы судың ағысына кедергі келтіретін қамыс, ши секілді өсімдіктерді тазартуға  болады. Ал жағалаудағы ағаштар суға кедергі келтірмейді. Ол талдарды сіздер отырғызған жоқсыздар, ол — табиғаттың сыйы. Неге сіздер осыған қарамайсыздар? Жағалаудағы бірде-бір тал кесілмеуі керек. Егер кесілетін болса,  жауап бересіздер, — деді Мавр Абдуллин. Сондай-ақ бір тал кесілген жерге он тал егілу керектігін және қала әкімінің орынбасарына мекемелерге ағаш қай жерге егілетінін көрсету туралы тапсырма берді.

— Біз өзен арнасын  кеңейтеміз деп жұмыс жасап жатырмыз, бірақ бір жағын өзіміз қолдан  бөгеп қоямыз. Ал осыдан екі жыл бұрынғыдай су тасқыны болса, қайтеміз? — деді Мавр Абдуллин Кірпішті көпірінің астындағы үлкен тастарды көрсетіп.  Өзін Әлімжан Сатов деп таныстырған жағажай иесі «олар жазда тұрғындардың суға шомылуы үшін жасалған» деп ақталды. Облыс әкімінің орынбасары көктемгі уақытта өзен ортасында ештеңе болмауы тиістігін, ал жазда тастарды қоюға ешқандай кедергі жоқ екенін айтып, ескерту берді.  Қала әкімі орынбасарының айтуынша,  жобаға өзгеріс енгізілген. Қарғалы өзенінің жағасын 100 метрге дейін кеңейту жоспарланған. Жалпы сегіз өзеннің арнасын кеңейту жобасы қолға алыныпты. Оны алматылық «Antares Platinum» компаниясы жасақтаған.  Компания өкілі Дмитрий Петраковтың айтуынша,   жоба бойынша 600 текше метр тал кесу жоспарланған, бірақ бұл өкіл  қазіргі күні қанша талдың кесілгенін білмейді. Мавр Абдуллин тиісті мекеме өкілдерінен атқарылып жатқан жұмыстарды жан-жақты сұрады. Мәселен, өзен арнасын кеңейту орамына  орман қоры аумағына қарасты төрт гектар жер  кіреді екен.

Облыс әкімінің орынбасары осыған қатысты тапсырмалар берді. Қала әкімдігіне жұмыстарды  бақылауға алуды тапсырды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button