Денсаулық

Алкоголизмнің ерте білінетін әрі оның ерекше белгілерінің бірін облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының 1 санаттағы дәрігер-терапевті Гүлнәр Сидашева әңгімелейді.

Дәрігердің айтуынша, алғашқы құштарлық кезінде адам арақты ішкісі келіп тұрады. Арақ ішпеген кезінде ол қолайсыздық сезінеді, арақсыз өмір оған көңілсіз, мағынасыз болып көрінеді. Ішкісі келген кезде ол арақтан басқа еш нәрсені ойлай алмайды.

Алкоголизмнің ерте көрінетін тағы бір белгісі — адамның  өзін-өзі бақылауының жоғалуы.  Ең алдымен ол сандық бақылауды жоғалтады, бір рюмке  ішкеннен кейін тағы да,  тағы да ішкісі келеді.  Сөйтіп есінен танып құлап түскенше ішеді. Ол қанша ішу қажеттігін, сонымен бірге арақты қайда, қашан, кіммен  бірге ішу керектігін бақылаудан да қалады.

Бұрын арақ ішкенде құсатын адамдардың енді құспауын — қалыптасып келе жатқан алкоголизмнің алғашқы белгілерінің бірі деп білу керек. Алкоголизмнің соңғы сатысында адамның  арақ-шарапқа төзімділігі төмендейді. Аздап ішсе болды, мас болып қалады.

Алкоголизмнің кеш дамитын белгілерінің бірі — бас жазу синдромы  (синдром похмелья): ол басының  зіл батпан болып тұрғанын, жалпы әлсіздігін, қолының  қатты  қалтырғанын, терлейтінін, тамаққа тәбетінің жоқтығын, жүрегінің айнитынын, жүрегінің қатты соғатынын айтып шағынады. Бас жазу жағдайы ұзаққа созылса, ол ұйқысыздыққа соқтырады, қорқынышты түс көреді. Шынайы бас жазу синдромының  пайда болуы маскүнем адамның үйреншікті алкоголикке айналғанын дәлелдейді.

Алкоголизм етек алып дамыған сайын маскүнемдіктің де сипаты бірте-бірте өзгереді. Келе-келе мас болу  тартымды, қызықты нәрсе болып көріне бастайды.  Психологиялық рахат сезім пайда болады. Сөйтіп ол арақты өте шебер түрде жасырын іше бастайды. Жалғыз өзі ішу шын мәнінде алкоголизмнің тереңдей түскенін көрсетеді.

Салынып ішу алкоголизмнің ауырлығының тағы бір белгісі. Салынып ішудің аяқ кезінде алкоголик өте қатты әлсірейді, іші өтеді, құсады, жүрегінің қызметі бұзылады, сөйтіп арақ-шарапты аз мөлшерде  ішудің өзі мүмкін болмай қалады. Алкоголик қайыр тілеуден арланбайды, шашын алмайды, не тарамайды,  киімінің алба-жұлбасы шығады. Олар нені болса да ойланбай істейді,  ойларына келген істі атқара салады. Сондықтан  алкоголиктің алдағы жерде не істеп, не қоятынын болжап айтудың өзі қиын.

Маскүнемдік елірмесіне ұшыраған алкоголиктің мінез-құлқы айналасындағы адамдарға да, өзіне де қауіп төндіреді.  Маскүнемдік елірмесінің бастапқы кезеңінде қояншық ұстамасы да бой көтеруі мүмкін.

Алкоголиктер шалдығатын тағы бір психикалық ауру — Корсаков психозы. Бұл ауруды алғаш рет орыстың  атақты психиатры С.С.Корсаков  жан-жақты суреттеп жазған.

Сонымен алкоголизм адамның психикалық бет-бейнесін  жаман жаққа күрт өзгертетін  әрі оны алуан түрлі дене ауруларына ұшырататын сырқат болып табылады.  Алкоголизм мен нашақорлық адам өміріне нұқсан келтіретінін еске саламыз.

Қазіргі таңда Қазақстанды нашақорлық дерті де айналшықтап жүр. Әлемнің 220 млн. адамы есірткі қолданумен айналысады, яғни жер шары жұртының  0,3 пайызы немесе 15-64 жас аралығындағылардың 5 пайызы.  129 ел есірткіні инъекциялық жолмен қолданатындықтан ресми түрде тіркеуде. Мәліметке сүйенсек, есірткі қолданушылар 20 есеге көтеріліп,  кейінгі кезде есірткіге тәуелді әйелдер саны күрт өсті.  Соңғы кезде тұрмыстық  жағдайы жақсы отбасылардың балалары есірткіге салынып барады.

Қазақстанда тұратын 47924 тұрғын есірткі тұтынатыны есепке алынған. Есірткіге тәуелділік артып барады. Облыстық наркологиялық диспансерде 10 мыңнан аса адам есепте тұр. Есірткілермен әуестену жан түршігерлік қауіп. Оны болдырмаудың бір ғана тәсілі бар. Есірткіні ешқашан, тіпті бір рет те татпау!

—    Есірткінің бір рет дәмін татқаннан кейін, тағы да тұтынуға құмарлық пайда болады.

—    Есірткіні қан тамыры арқылы тұтынғанда, ЖҚТБ жұқтыру қаупі пайда болады.

—    Есірткіге деген әуестік өмір бойына сақталуы мүмкін.

Нашақорлықты емдеу – ауру адамның және туған туыстарының зор күш-жігерін, дәрігерлердің биік кәсіби дәрежесін, қаражат шығындарын қажет ететін ұзақ, күрделі, қиын процесс. Бірлі-жарымды, өзіне сенімді адамдар ғана есірткіге тәуелділікті жеңе алады.

Нашақорлық — есірткі заттарына деген тәуелділіктен туындайтын, ағзаның тәндік және психикалық функцияларының  аса ауыр қалпына келместігі бұзылуына апаратын, соңы өлімге әкелетін дерт. Есірткіні тұтынатын  жасөспірімдер мен жастар өздерін қоғамға және заңға қарсы қояды. Нашақорлыққа шалдыққандардың орташа өмір ұзақтығы 2-3  жылға қысқарады. Егер сіз балаңыздың есірткі қолдануы туралы күдіктенсеңіз, асықпаңыз, бұл істі байсалды, сабырлы түрде шешуге тырысыңыз. Нашақорлықпен күрестің күшті құралы — ата-ана сүйіспеншілігі, оның назары, шыдамдылығы және бала жанын түсінуі.

Алкоголизм мен нашақорлық адам ағзасына зор қауіп төндірумен қатар, өмірге кедергі келтіреді. Одан құтылудың  әрқалай жолдары бар. Соны өмірге дендеп енгізген жағдайда жат қылықтан құтылуға, салауатты өмір салтын сақтауға толық негіз бар. Ең қажеттісі — өмірге оң көзқарас, қауіпті заттардан бойды аулақ ұстау.

Жетпісбай ЖАНАХМЕТОВ,

облыстық салауатты өмір салтын

қалыптастыру орталығының  баспасөз маманы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button