Мәдениет

Жалпы жұрт күтер жарасым

Мерекенің түр-түрі көп – жергілікті, аймақтық, ұлттық, мемлекеттік, ең сонында, халықаралық. Халықтың әлеуметтік-мәдени өмірінде мереке жалпыға бірдей және тұрақты құбылыс саналады. Сонымен қатар мереке дамыған мәдениеттің елеулі бөлігі болып табылады. Шынайы қоғамдық жағдайда образ жасай отырып, мереке өз дәуірі мен қоғамы мәдениетінің барлық элементтерін (өнерді, символды, әдет-ғұрыпты, салт жырларын, рәсімді, халықтың қолөнер бұйымдарын, ойындарды, заттарды, белгілерді, т. б.) пайдаланады.

Жаңа күн

Ұлыстың ұлы күні наурыз – айтулы мерекелердің бірі, көне мейрам, ол шығыс халықтарының жаңа жыл мейрамы; ол – шығыс халықтарының көктемді қарсы алу мерекесі; ол – шығыс халықтарының өткен тарихындағы маңызы зор ұлы оқиғаларды атап өту тойы. Қысқасы, Наурыз шығыс халықтары, оның ішінде түркі халықтарының шаруашылық, әлеуметтік қажеттіліктерінің туындысы болып табылады. наурыз  (парсыша «НАУ» – жаңа, «РҰЗ» – күн) мұсылманша жаңа жылдың бірінші күні деген мағынаны білдіреді. Ол күнтізбелік жылдың 3-айы, көктемнің 1-айы. Григориан күнтізбесі бойынша наурыз айының 14-інде басталады, ал 22-сінде күн мен түн теңеледі. Жоғарыда айтылған жаңа күн сөзінде екі мағына жатады.

Біріншіден, басталған жаңа жылдың бірінші күні. Өйткені түркі халықтарының көне күнтізбесі наурыздың 22-сі күні басталады.

Екіншісі, ол жер бетінде тіршіліктің ұзақ қыстан шығып, жанданып әрекеттене бастаған алғашқы күнін белгілейді. Осы күні қыстың ақ қары мен көк мұзы еріп, күн жылынып, тіршілікке жан кіре бастайды.

Ал наурыз сөзі парсыша екен деп, оның шығу төркіні де Иран деп ойламау керек. Өйткені бір нәрсеге атау болған сөздің этимологиясы, әрқашан сол нәрсенің түп-төркінін аңғартпайды. Мәселен, ислам дінінің тірегі, құлшылық-ғибадаттың өзегі намаз болса, сол намаз сөзі бізге парсы тілінен өткен. Әйтпесе намазды және ислам дінін әлемге таныстырған арабтардың тілінде  ол «салат» деп аталады. Рас, парсылар да наурызға көп мән береді. Бірақ ол да Наурыз той-мерекесі парсылардікі деп айтуға негіз бола алмайды. Сонымен қатар наурыздың түркі тілдерінде басқа да атауларының болғанын ескерген жөн. Мәселен оның «Ұлыстың ұлы күні», «Ергенеқон», «көкбөрі», «чаған», «жаңа күн» деген балама сөздерін кездестіреміз.

Аңыздар төркіні

наурыз – әлемнің көптеген елдерінде тойланады. Әр  халық өз тілдерінің ыңғайына, түсініктеріне қарай атайды. Ғалымдар наурыздың 2,5 мың жылдық тарихы болғанын айтса да, Наурыз мерекесінің қашан және қалай басталғаны жөнінде нақтылы деректерді кездестіре алмаған. Тек оның түп-төркіні жайында аңыздар көп.

Солардың бірі – сиқырлы жүзігінің арқасында  аң-құс, бүкіл жан-жануардың тілін біліп, үкім жүргізіп патшалық жасайтын Сүлеймен пайғамбардың сиқырлы жүзігі туралы аңыз. Бір күні Сүлеймен пайғамбар сол жүзікті жоғалтып алып, патшалығынан көз жазып қалыпты. Кейін жүзігін іздестіріп жүріп тауып алады. Жүзік табылған күн наурыз екен. Содан бастап Наурыз тойланыпты.

Наурыздың шығу төркініне қатысты Иран аңыздарына көңіл бөлетін болсақ, олар парсылардың аңыздық патшасы Жәмшітпен байланыстырылады. Жәмшіт бір күн аң аулап жүргенде, бір аңды көздеп садақ тартады. Тартқан садағы аңға тимей, жартасқа тиіп, от ұшқыны пайда болады. Сол ұшқын айналадағы саман-шөпті тұтатып жібереді. Сөйтіп, Иран халқы қараңғыда сәуле шашқан, суықта жылу берген отпен алғаш peт танысады. Олар сол отты киелі санап, өшірмей,  ұдайы жағып отырып табынатын болады. Міне, от табылған сол күн наурыз күні екен.

Наурыз аңыздарының түркі халықтарына қатысты түріне келер болсақ, Түрік қағанатының патшасы Ил хан соғыста жеңіледі де, жау оны  бала-шағасымен қырып тастайды. Тек кенже ұлы Қаян мен жиені Тұқыз құтылып, әйелдерімен жан сауғалап тау қоршаған бір алқапқа барып паналайды. Олар осы қонысқа Ергенеқон деген ат береді. Уақыт өте келе олардың ұрпақтары өсіп-өніп, Ергенеқонға симай кетеді. Бірақ Ергенеқоннан шығатын жол да таба алмайды. Сөйтіп жүргенде, бір темірші ұстасының кеңесі бойынша, таудың темір кені болған бір жерін от жағып, балқытып, жол ашады да сыртқа шығады. Міне, сол сыртқа шыққан күн наурыз екен. Содан бастап Наурыз тойланыпты.

Осындай аңыз-әңгімелерді көбейте беруге болар еді. Бұлар Наурыз  күнінің қасиетін, маңыздылығын көрсетсе де, оның шығу себебі болмаса керек. Біздің ойымызша, Наурыз түркі халықтарының көне күнтізбесімен тығыз байланысты. Сол күнтізбе қашан жасалып, қолданыла бастаған болса, сол заматтан бері қарай Наурыз да бар десек, асырып айтқандық бола қоймас.

Табиғат заңдылығы

12 мал атауымен аталатын көне түркі күнтізбесінде жылдың басы наурыздың 22-күні. Өкінішке орай,  сол  күнтізбенің қашан пайда болғанын білмегендіктен, Наурыздың қашан басталғанын да кесіп айта алмай отырмыз.

Кейбір Қытай деректеріне қарағанда, хұн жетекшілері жыл басында, яғни наурызда мереке өткізіп, қабылдаулар жасаған. Олардың арыз-шағымдарын тыңдап, мүмкін болғанынша оң шешімдер шығарған. Бұл үрдіс Түрік   мемлекет басшыларының арасында  соңғы уақыттарға дейін ұсынылып келді.

Міне, бұл жағдайлар Наурыздың жыл басы немесе жаңа жылды қарсы алатын құттықтау мерекесі екенін айдай анық көрсетеді. Айтылған құттықтау рәсімдерін біз қазіргі таңда жалпы ел болып, григориан ка­лендары  бойынша жыл басы саналатын 1 қаңтар күні атап өтіп, жаңа жылды қуанышпен қарсы алып, бір-бірімізді құттықтап жатамыз.

Григориан күнтізбе мен көне түркі күнтізбесінің жыл басылары арасында табиғаттық құбылыстар тұрғысынан айырмашылық болғанын ескеру қажет. Григориан күнтізбесінде жаңа жыл қыстың ақ-қар, көк мұзында қақаған суығының бел ортасында басталады. Осы мезгілде ешқандай табиғаттық ерекшелік байқалмайды. Ал көне түркі күнтізбесінде жылдың басы табиғаттың заңдылықтары ескеріле отырылып жасалған. Мәселен, жыл басы есептелген 22 наурызда күн мен түн теңеледі. Қар еріп, көктем келеді. Жер беті көгеріп, құлпырып кетеді. Әлем сұлуланып, бейне ұжмақтана бастайды. Гүлдер қызыл-жасыл болып жайнап шығып, көздің жауын алады. Түрлі жан-жануарлар күннің жылынуымен бірге қозғалысқа түседі. Құстар сайрап шыға келеді. Қысқасы, тірлік басталады. Бұл тұрғыдан алғанда, көне түркі күнтізбесі табиғатпен үндестік танытады. Жылдың басы мен тіршіліктің басталған кезі бір мезгілге дөп келеді. Жаңа жыл мерекесі мен көктем мерекесі мазмұндасып кетеді. Наурызды көктем мерекесі дейтініміз де сондықтан.

Кие мен құт

22 наурыз сонымен бірге қасиетті де құтты күн болып есептеледі. Бұл күнде игіліктер, жақсылықтар болып жатады. Мәселен, жоғарыда аталып өтілгендей, бұл күнде Ергенеқоннан шығатын жол табылған. Түркі халықтары ислам дінін  қабылдағаннан кейін де көптеген игі оқиғалар осы күнмен байланыстырылған. Мәселен, бұл күнде Адам ата жаралған; Нұқ пайғамбардың кемесі тауға тоқтап, табаны жерге тиген; Жүніс пайғамбар балықтың қарнынан жарық дүниеге шыққан; Жүсіп пайғамбар туысқандары тастаған құдықтан құтылып шыққан; Мұса пайғамбар Қызыл теңізді аса таяқпен жарып өтіп, Перғауынның әскерлерінен құтылған; Алланың арсланы деп аталатын хазретті Ғали туған, т.б.

Осы күннің қадір-қасиетін, Қызыр немесе Қыдырға байланысты сенімдер одан әрі арттыра түседі. Қазақ халқында кең тараған сенім бойынша, 22 наурыз күні түнгі сағат 3-те Қыдыр үйлерге қыдырады. Сөйтіп, ризық-несібе көбейеді. Үйлерді Қыдыр аралайтындықтан бұл түнде әйелдер үйлерді мұнтаздай таза қып қояды. Сондықтан бұл түн Қыдыр түні деп те аталады.

Кейбір ислам ғалымдары әулие, кейбіреулері Ілияс пайғамбардың екінші аты деп атап көрсеткен Қыдырдың мәңгі өмір сүргеніне және қиыншылыққа түскен мұсылмандарға көмектескеніне сенім зор. Халық сенімі Қыдыр жолыққан адамның басына бақ құсы қонатынын айтады. Адам баласына өмірінде Қыдыр қарапайым адам ретінде 3 рет жолығады екен. Бірақ адам Қыдырға кездескенін білмей қалады екен. Егер білсе, ол адам баққа бөленіп, не тілеген арман-мұратына жетеді екен. Түркияның кейбір өңірлерінде наурызға Қыдыр Ілияс есімдерін қосып айтудан шыққан «қыдыреллез» күні бар. Осы күні от жағып, жанған оттың  үстінен аттап жатады. Мұнысы адамға келетін ауру мен дертті отпен аластату. Бұл үрдістің парсылардың Жәмшіттің отты табу оқиғасынан әсерленіп шыққан болуы ықтимал.

Демек, Наурыз күні қарапайым күн емес. Ол – киелі, қасиетті және құтты күн. Осы күннің артықшылығын әйгілі ақын Әлішер Науаи мына сөзбен өте шебер айқындай түседі: «Әр түнің қадыр болсын, әр күнің Наурыз». Қадыр түні ислам сенімі бойын­ша opаза айының аяқ жағында келеді және ол ішінде Қадыр түні жоқ мың айдан құрметті деп есептеледі.

Біз мұсылмандық Шығыс халықтарының наурызды қалай тойлағандықтары туралы алғашқы  деректер мен мәліметтерді  Бируни, Омар Хаям еңбектерінен  табамыз. Бұл күнді көне түріктер түгелдей  атап өткендігі туралы деректерді Әлішер Науаи, Махмұт Қашқари, Ибн Фадлан, т.б.  еңбектерінен кездестіреміз.  Онан кейін  ақын-жыраулар дәуіріндегі  ауыз әдебиетінің нұсқаларында кездеседі. Ал бергі замандарда Абайда бар. Оның «Жазғытұры» өлеңі осы наурыз бен сәуір айының суреттерін береді. Ол Ыбырайда да бар. Жаңа заманда, дәлірек айтқанда,  ХХ ғасырда бұл күнге көптеген қазақ зиялылары да көңіл аударған.  Олар – Мұхаметжан Сералин, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, тағы басқа әдебиет пен мәдениет, ғылым салалары өкілдері. Наурызды жырлау, «Ұлыстың ұлы күні» деп ұлықтау еліміз егемендікке қол жеткізгеннен кейін де үдей түспесе, кеміген жоқ.

наурыз – дәстүрлі  қазақ қоғамында ұлыс күні,   жыл басы. Ұлыс-мекен, аймақ, әкімшілік мағынасын беретін көне түркі, монғол  халықтарының сөзі. VI ғасырға дейін осы мағынасын сақтаған. ХІІІ ғасырда  Шыңғыс хан әрбір ұлына  иелік бөліп бергенде, олар ұлыстар деп аталды. Ал ХVІ-ХІХ ғасырларда  Сібірді мекендеген буряттар мен қалмақтарда  рулық бірлестіктердегі әкімшілігі  Ұлыс аталған. Әрбір ұлыс орда саналып оны ноян билеген. Ұлыстар аймаққа, хотанға бөлінген. Оны старшындар басқарған. Ұлыс жайы – осы.

Ал «ұлыстың ұлы күні» дегенде ұлыс, аймақтың, елдің ұлы күні дегенді білдіреді, елге тиесілі ең қасиетті мейрамды білдіреді. Халықтың мифологиялық түсінігі бойынша  наурыздың 21-інен 22-сіне қараған күні, жоғарыда айтқанымыздай, даланы  қыдыр аралайды, ол жолыққан адам бақытты болады. Ауылдың ер адамдары  құшақтасып көріседі, әйелдер  бір-біріне игі тілектер айтады. Сондай-ақ, Наурыз көжеде  ескі сүр ет пен ақтың болуы, ескінің кетіп, жаңа тірліктің басталғанын білдіреді.

Наурызда жаман сөз айтпау, татуласу, көмектесу, ынтымақтасу, т.б. болған. Жастар жағы ән айтқан, алты бақан тепкен, таң ата тау басына болмаса биік төбеге шығып таңды қарсы алған.

Ал қазіргі қаңтардағы жаңа жылда бәрі құтырынып, салют беріп, арақ ішіп, дала кезіп, жұртты ұйықтатпай айқайлап, төбелесіп, былапыт сөздер айтып жатады. Бүгінгі  Наурыз  тойымыздың  да көші әлі  түзеліп кете қойған жоқ. Алғашында  самсатып қар үстіне киіз үй тіктік, алыс ауданнан үй әкелу, үй тігу, үй жығу, тамыр- танысыңды, күнің түскен адамды, әкім қараны киіз үйге  шақыру, оларды  күту, басқаларды олар келгенше кіргізбеу, т.б. Бірақ үмітсіз шайтан демей ме, ендеше, көш жүре түзелер деген үміт бар.

Наурыз  –  «Самарқанның көк тасы жібитін күн». Бұлай  деуіміздің себебі -Самарқанда әйгілі ақсақ Темірдің тағы бар, бұл күні қаһарлы  ханның қаһары да жібиді, егер біреу өлім жазасына  кесілсе, соған оны өлімге бұйыртпай аман алып қалатын, райынан қайтаратын күн, бұл адам бойындағы жүректің  жылылығымен байланысты күн.

Наурыз біздің ұлт ретінде қалыптасуымызға әсер ететін мәдени қасиеттеріміздің бірінен саналады. Ислам дініне  қатысы жоқ осы мереке  түркі және парсы тектес халықтардың салт-дәстүрлерінің  құрамына жатады. Наурыз сияқты мейрамдар біздің екінші  қырымыздың, яғни сана-сезіміміздің жетілуіне, сөйтіп, ұлттың бірлік – берекесінің нығаюына жол ашады.

Көктем тойы

Енді осынау маңызды күнді қалай атап өту керек деген мәселеге көңіл аударатын болсақ, тарихы сонау ескі дәуірлерден бастау алатын хұндардан бері қарай түркі халықтарында бұл күнде құттықтау дәстүрлері қалыптасқан. Наурыз мерекесін түркі халықтары сол заматтан ғасырымыздың алғашқы ширегіне дейін үздіксіз тойлап келеді. Түркі халықтарының бұдан көп ғасырлар бұрын өмір сүрген тарихшы ғалымдарының еңбектерінің өзінен ол турасында деректер кездестіруге болады. Мәселен, Махмұт Қашқаридің «Диуани Лұғат ат Түрік» атты әйгілі еңбегінде және Әбу Райхан Бейрунидің «Өткендегі бабалардан қалған мұралар» деген кітабында наурыз туралы айтылған.

Сонымен қатар Орта Азияны аралаған ерте дәуірдің саяхатшы ғалымдарының еңбектерінде де түркі халықтарының Наурызды қалай тойлағаны жайында мәліметтерді кездестіруге болады. Мәселен, 922 жылы Орта Азияда болып қайтқан белгілі араб жағрафияшы-саяхатшысы ибн Фадлан көрген-білгендерін хатқа түсірген. Ол саяхатнамасында Орта Азия халықтарының Наурыз мейрамын тойлағанын келтіреді.

Алайда ХХ ғасыр басталысымен бірсыпыра себептерге байланысты осы мерекені тойлаудан қалып қойдық. Осы мерекемізге тек 1988 жылдан кейін, қайта қауышып тойлай бастадық. Қазір Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан, т.б. бүкіл түркі елдері оны жеке-жеке тойлап жатыр. Осы тойлардың сырттай кейбір айырмашылықтары болғанмен, мынадай ортақ мазмұндары болғаны байқалады.

Наурыз – жаңа жыл және көктем мерекесі. Жаңа жыл мерекесі болғандықтан ел бірін-бірі жаңа жылға, кірген жаңа жасқа байланысты құттықтап, игі тілек айтады. Көктем мерекесі болатыны – 22 наурызда жаңа жылмен бірге көктем де басталады. Ақ қар, көк мұз еріп, аяз кетіп, жылы шуақты күндер басталады. Қиын қыстан аман-есен шыққанына шүкіршілік еткен жұрт енді көктемді көңілді қарсы алып, басталған тіршіліктің қамына кіріспес алдында бойды бір жазып алады.

Жалпы, көне дәуірде бұл күндері әр жерге үлкен от жағып, отқа май құйған; жаңа жеті дәнге қарап болашақты болжаған; жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже «сумалақ» ұсынған; ескі киімдерін  тастаған; ескірген  шыны аяқты сындырған;  Наурызға бір күн қалғанда  күл-қоқыстардан құтылған; бір-біріне гүл сыйлаған, үйге күн символын салу дәстүрі де болған. Бір сөзбен айтқанда, жаманат кетіп, мен де жаңарсам деген тілек.

Наурыз мейрамын құттықтап қыдырып келушілер үшін мол дастарқан жайылады. Наурыздың арнайы тамағы кей аймақтарда жеті нәрседен жасалатын Наурыз көже немесе чон көже, басқа бір жерлерде көгертілген бидайдан түйіп жасалатын самалық немесе сөмөлек, сүмелек, сүмене деп те айтылатын тағамдар дайындалады. Наурызға арнап құрбан шалатындар болады. Халық сенімі бойынша, жыл қалай қарсы алынса, солай жалғаса берді. Сондықтан халық оны мол дастарқан үстінде, көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алуға күш жұмсайды.

Осы күнде аруақтар еске түсіріледі. Оларға сауабын бағыштап, құран оқытқызылады. Бейіт басына барып, дұға оқылады. Бұл жаңа жылға қатысты құт-береке тілектерінің іске асуы үшін, айтылған баталардың қабылдануы үшін өте қажет. Өйткені халық сенімі бойынша, аруақ риза болмай, тірі байымайды.

Осындай қасиетті ұлы күнге сай, халық ұрыс-керістен, түсініспеушіліктен  бойды аулақ ұстап, тіпті, кең пейілділік танытып, әр нәрсеге кешіріммен қарауға, ұғысуға тырысады. Өйткені бұл күнде араздық, дұшпандық пен ренжісулер  қара қыспен бірге кетуі керек. Наурыз күнінде имандылықтың нұр-сәулесі шашылып, жамандық атаулының жоқ болғаны дұрыс. Сондықтан бұл күнге байланысты «ұлыстың ұлы күні алдыңа келсе, атанның құнын кеш» деген аталар сөзі баршылық. Сонымен қатар халық бұл күнде жетім-жесір, жоқ-жітіктерге қол ұшын беріп, көмектеседі. Олардың ұлы күнге сай шат-шадымен, көңілді жүруін қамтамасыз етуге тырысады.

P.S. Қазіргі уақыт жаһандану заманы, ел мен елдің, ұлт пен ұлыстардың бір-бірімен әлеуметтік, экономикалық, мәдени-рухани салада бәсекеге  түсіп тұрған кезі.  Ал жолдауда көрсетілгендей, соңғы кездегі әлемдік дағдарыстан шығудың басты жолдарының бірі – мемлекет тәуелсіздігін, ұлт мұраттарын, ұрпақ болашағын мәңгілік құндылықтар деп есептеп, сол құндылықтарға  қылау түсірмеу үшін  халқымыздың бірлігі мен топтасуын қамтамасыз еткеніміз абзал. Алдағы наурыз тойлары да танымға бағытталулары керек. Бұл – үлкен ұғым. Таным дегенде әуелі адам өзін, өз шама-шарқын тануы керек. Бұл ұлт пен ұлысқа да қатысты. Өзіңді жеке адам, ұлт есебінде танып алған соң барып: «Маған қосымша мындай керек, ол ұлтымның танымында, дәстүрінде бар ма екен?»  – дей аласың. наурыз тойын өткізгенде де, құр ән салу, би билеу, тоя тамақ ішу,  шаршап-шалдыққанша қыдыру емес, білмегенді білуге, көрмегенді көруге, таным көкжиегімізді кеңейтуге ұмтылуымыз керек. Соңғысы тыныштық пен келісімді, ұлт болып, ұлыс болып ұйысуды, белгілі бір идея мен мұрат-мақсаттарға ұмтылысты қажет етеді. Ендеше, осындай игілікті істерге бастайтын Ұлыстың ұлы күні – наурыз құтты болсын, береке әкелсін!

Алтай Тайжанов,

философия  ғылымдарының докторы,

профессор.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button