Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Досжан Хазірет қорымына қамқорлық керек

Зерде

Жарқын із

Өткен жылы белгілі ғалым, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің «Егемен Қазақстан» (№18, 26 қаңтар 2018 ж) газетінде «Асылдар неге еленбейді?» деген мақаласы шықты. Онда біздің ауданның орталығының іргесіндегі 3 шақырым жердегі Шилі өзенінің жағасындағы қорымда сүйегі жатқан  Досжан хазірет туралы ой толғайды. «Қазақтан шыққан заманының аса ірі қайраткері Досжан Қашақұлының артында  өнегелі ісі, пәтуалы сөзі, жарқын ізі, биік парасат, кісілікті жолы қалды. Ол кісінің мектебінен талай қазақ оқып, тәлім-білім алды. Солардың ішінен атағы елге кең жайылған Халел Досмұхамбетовті, Сағитжан Қаратаевты, Сейітқали Құтқожинды, Аққағаз Досжанованы, Құдайберген Жұбановты, Ғұмар Есенғұловты, Жиенғали Тілепбергеновті айтсақ та болады», — деп жазды белгілі ғалым.

Тарихи  тұлғаларды түгендеуге сүбелі  үлес қосып жүрген ғалымның осы бағасының өзінен Досжан хазіреттің тарихтан ойып тұрып орын алған көрнекті тұлға екенін көруге болады. Хазіреттің өмірбаяны туралы баспасөз беттерінде аракідік  жазылып жүр. Тиянақты зерттеу болмаса да, Әбубәкір Кердерінің жырынан бастау алатын өмірдеректері бүгінге дейін ел аузында жүрген естеліктермен толыға түсуде.

Хазіреттің есімі кешегі кеңес өкіметі кезінде дінмен байланыстырылып, оның ұрпақтары қуғындалды, сотталды. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Досжан хазірет медресесінде білім алған талай алаштың арыстары, батыс өңірінде мешіт ашып, бала оқытқан хазірет, имамдардың есімдері елге белгілі болды.

Ел ішінде ағартушылықпен айналысып, елді имандылыққа тәрбиелеу жолында есімдері ұмытылмастай сақталған Жұмағали ахун, Мұстафа ишан, Сұлтан ахун, Өтәлі қажы, Қайыпқали ишан, Құттықожа Әзиз, Ыдырыс Мақсым, Әйімбет ишан, Жиенғали ахун, Әбдіғали, Тұрғанбай, Исмайл, Махмуд ишандар мен Нұролла ахун, Беркін халпе, Хайрулла хазірет, Бекет хажы, Аңсатбай ахун, тағы басқаларын жақсы білеміз.  Досжан хазіреттің медресесінен дәріс алған бұл зиялылар кейін өздері де халық арасында исламның нәрін жүректерге құюға атсалысып, елдің тұтастығы, адамдардың имандылығы жолында күрескен ағартушылар.

Айтулы тұлғамен қайта қауышқаннан кейін, Темір ауданында оны еске алуға арналған шаралар өтті. Досжан хазіреттің қайтқанына 110 жылдығы аталып өтті. 2015 жылы туғанына 200 жылдығы тойланды. Оған жер-жерден қонақтар қатысты. Кезінде қудаланған ұрпақтарының жан-жақтағы ағайын-туыстары Өзбекстан, Түрікменстан, Астана, Алматыдан, Ақтау, Атыраудан, тағы басқа жерлерден шараға  қатысты. Тілеуханасын жөндеуден өткізді.  Ауқымды шараның өтуіне үлес қосты. Осы жиын кезінде алдағы уақытта басына кесене тұрғызу туралы да ұсыныстар болды. Алайда ол кейін әңгіме күйінде қалып қойды.

Тарихи орын күтусіз жатыр

Әрине, аталған іске ынталылар жоқ емес. Олардың көпшілігі — сыртта, өзге өңірлерде жүрген ағайындары мен елдегі хазреттің қадірі мен қасиетіне табынатындар. Өткен жылдың жазында осы игілікті істі бастағысы келетін ағайындар аудан орталығында болып, тиісті орындарға жолыққанын естідік. Бірақ, іскерлік байланысты нығайту жөнінде бәтуалы байлам жасалмаған сияқты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген болатын.

Досжан хазірет қорымы «Мәдени мұра» бағдарламасына енген,  мемлекеттің қамқорлығына жататын тарихи орын. Кезінде осы жердегі медресесінде жүздеген шәкірт оқыған жатақханасы болған. Мешіт орны әлі күнге дейін айқын көрінеді. Ал сол мешіттің жанында хазіреттің бейіті елеусіздеу тұр. Кейінгі кезде құлыптасын жаңғыртып, сыртынан қарапайым қоршау жүргізгендер болды. Басына электр жарығы тартылды.  Іргесінде Шилі өзеніне құятын бұлақ бар. Тұрғындар суы, шипалы қасиетті деп тұрақты түрде су алады. Бейіт басына келіп түнейтіндер көп. Соны ескеріп, ауыл тұрғындары бұл жерге тілеухана үйін салды. Бірақ басында тұрақты адам тұрмағандықтан, оның да күтімі кетіп тұр.

Кешегі діни орындарға елеусіз қараған кеңес кезінде Досжан хазірет мешіті дүкен, астық сақтайтын сарай  ретінде пайдаланылған. Тіпті мал қамайтын қораға да айналдырылған. Сөйтіп, тарихи орынды аяусыз талқандаған. Ол енді заманына қарай солай болып өтті ғой. Бүгінгі еліміз Тәуелсіздік алып,  ардақтыларымыз жер-жерде  ұлықталып жатқанда Досжан хазіреттің басының қамқорлықсыз жатуы көңілге қонбайды.

Досжан хазіреттің бүгінгі елге үлгі боларлық өмірдерегі көп. Меккеден қажылыққа барғандарға дамылдайтын баспана салдыруы, Орынбор әкімшілігінен Шилі өзені жағасынан 10 гектар жерге ұлықсат алып  түрлі жеміс ағаштарын ектіруі, қазаққа өз алдына діни басқарма керек екендігін дәлелдеп патшаға хат жолдауы сияқты қоғамдық қайраткерлік істерімен, елді бірлікке, білімге  диханшылықпен айналысуға шақыруы —ұмытылмайтын еңбек. Ақын Әбубәкір Кердері  осы қырларын шабыттана жырға қосқан.

Ұрпағы жайылған ата

Хазірет туралы сөз айтқанда  оның ұрпақтарының тағдырына да көңіл аудара кетпеуге болмайды. Туысы Өтеген Иманбаев ақсақалдың айтуынша, Досжан хазіреттің өз кіндігінен тараған ұрпағы бүгінде екі  жүз түтіннен асатын көрінеді.

Ал ата жолын қуған балалары туралы бүгінге жеткен деректерге сүйенсек, әке жолын қуған кіші баласы — Аққұбаш. Ол 1905 жылы  Нижный  Новгородтағы  Ресей мұсылмандарының III съезіне қатысқан. Халықты дінге үгіттеген. Кейін кеңес өкіметі орнағанда, мешіт ұстады деп айыпталып, Ақтөбе қаласы маңындағы «Түйетөбе» деген жерде атылған.

Досжан хазірет қайтыс болғаннан кейін мешітке ортаншы баласы  Абдолла ие болған. Ол да әкесінен білім алып ишан атанған. Абдолла 1928 жылы өмірден озады. Ал хазіреттің үлкен баласы Хабибулла 1936 жылы «халық жауы» деп ұсталып, 1937 жылы Темір қаласындағы түрмеде азаппен өлтірілген. Сүйегі Темір қаласындағы  қорымда жерленгені туралы дерек бар.

Бір жылы Астанадан тарихи ескерткіштерді зерттеумен айналысып жүрген екі жігіт келді. Хазірет мешітінің қай жылы, қандай үлгіде салынғандығын іргетасы арқылы қалпына келтіруге болатындығын айтып, айналасындағы кесек үйінділерінен медіресе, қонақжай орындарының болғандығын анықтады.

Қалай десек те, Досжан хазіреттің мешіті, оның қорымы осы өңірдегі үлкен тарихи орын. Ол туралы Мырзатай Жолдасбеков ағамыз жоғарыдағы аталған  мақаласында:  «Досжан хазіреттің бейітіне ел бүгінде ағылуда. Құран оқиды, садақа береді. Зиратының басына түнеп, тілек тілейді,  аруағына сиынады. Қалың ел жиналып, хазіретке 2000 жылы қайтыс болғанына 110 жыл толғанда , 2015 жылы туғанына 200 жыл толғанда ас беріп, Ақшидегі мешіттің орнын айқындап, сол мешітті қалпына келтіру, басына кесене тұрғызу жөнінде пәтуаласқан екен, осы шаралар жүзеге асса, Ақтөбедегі орталық мешітке және облыстағы кейбір руханият нысандарына ғұламаның есімі берілсе, құба-құп болар еді. Сонда ұлтына мінсіз қызмет еткен бабамыздың рухы алдындағы парыз да өтелер еді», — деп жазған.

Бұдан артық не айтуға болады. Белгілі қоғам қайраткері, ғалым ағамыз  текке тебіреніп отырмаған шығар.

Темір ауданының орталығы Шұбарқұдықта Досжан ишан атында мешіт бар, бірақ  көше жоқ.

Хазіреттің басына кесене орнату туралы ұсынысты қолдаушы сыртта жүрген ағайындармен байланыс орнатып, әулиенің басына тәу етуге келген халық риза болатындай көріктендіру жұмыстары қолға алынса, игілікті іс болар еді. Хазірет туралы тың деректерді Орынбордың  мұражайынан табуға болар еді деп ойлаймыз. Оған мұрағат тілін білетін маман жіберілу керек.  Аудан орталығындағы музейден арнайы орын бөлудің де жөні бар.

Ел құрметіне бөленген абыз бабамыз Досжан Қашақұлының имандылық жолындағы игілікті істерін бүгінгі жастарымызға үлгі-өнеге ететін кез келді.

 Меңдіхан ӘДІЛХАНҰЛЫ.

Қазақстанның құрметті журнисті

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button